Жаңалықтар

WorldSkills Kazakhsta байқауын 12 мыңнан астам адам тамашалады

WorldSkills Kazakhsta байқауын 12 мыңнан астам адам тамашалады
Фото: Оқу-ағарту министрлігі 17.11.2024 19:42 355

Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен Астана қаласында өтіп жатқан ІХ республикалық WorldSkills Kazakhstan-2024 чемпионатына келген еңбек және әлеуметтік қорғау, өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлері құзыреттілік алаңдарын аралады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрлер чемпионат қатысушылары - ел экономикасының сапалы кадрлық әлеуетін қалыптастыратын болашақ мамандармен кездесті. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев WorldSkills стандарттарының отандық техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізілгенін атап өтіп, бұл бастаманың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда ерекше маңызға ие екенін айтты.

Мемлекет басшысы кәсіптік білімді реформалаудың экономиканы дамытудағы маңызды рөлін айқындап, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. WorldSkills қозғалысын дамыту арқылы біз халықаралық аренадағы позициямызды нығайттық. WorldSkills тек беделді байқау ғана емес, сонымен бірге жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға және кәсіби еңбектің маңыздылығын дәріптеуге бағытталған маңызды алаң. Бұл қозғалыс еліміздің тұрақты экономикалық өсуі мен технологиялық прогреске қол жеткізуі үшін қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруда айрықша рөл атқарады. Салалық министрліктермен ынтымақтастық арқылы біз еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлап, оларды жұмыспен қамтуға жағдай жасаймыз, – деп атап өтті оқу-ағарту министрі.

Естеріңізге сала кетейік, ұлттық чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 550-ден астам колледж студенті мен 558 сарапшы қатысуда. Чемпионат экономиканың негізгі салаларын қамтитын 30 құзыреттілік бойынша ұйымдастырылды. Олардың қатарында құрылыс және құрылыс технологиялары, шығармашылық және дизайн, ақпарат және коммуникация технологиялары, көлікке қызмет көрсету, әлеуметтік және тұрмыстық қызметтер, сондай-ақ өндірістік және инженерлік технологиялар бағыттары бар.

Айта кетейік, чемпионатты басталған күнінен бері 12 мыңнан астам адам тамашалады. Іс-шара «EXPO» халықаралық көрме орталығында өтуде. Чемпионаттың салтанатты жабылу рәсімі мен жеңімпаздарды марапаттау 18 қарашаға жоспарланған.

Республикалық кезеңнің жеңімпаздары келесі жылдың 9-13 қыркүйегі аралығында Данияда өтетін EuroSkills-2025 халықаралық чемпионатында еліміздің намысын қорғайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға