Wikipedia онлайн энциклопедиясының жұмысын басқаратын Wikipedia Foundation ұйымы нақты пайдаланушылар тарапынан сайтқа кіру санының айтарлықтай төмендегенін мәлімдеді. Мамандар мұны жасанды интеллект (ЖИ) технологияларының белсенді енгізілуімен байланыстырады, себебі енді іздеу жүйелері ақпаратты тікелей өз нәтижелерінде жинақтап ұсынады. Бұл туралы 404 Media басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Қазіргі іздеу жүйелері мен чат-боттар ақпаратты қысқаша жинақтап, дайын түрде береді. Соның салдарынан қолданушылар бастапқы дереккөзге, яғни Wikipedia беттеріне кіруді азайтқан. Энциклопедия өкілдері мұндай үрдіс жобаның ұзақмерзімді өміршеңдігіне қауіп төндіреді деп алаңдаулы, өйткені аудитория азайған сайын ерікті редакторлар мен қайырымдылық көлемі де кемиді.
Парадокс мынада: көптеген ірі тілдік модельдер дәл Wikipedia материалдары негізінде үйретіледі, ал іздеу жүйелері оның сенімділігіне байланысты осы ресурсты жиі басымдықпен пайдаланады.
Биыл мамыр айында Wikipedia боттар тудырған жасанды трафиктің күрт өсуімен бетпе-бет келді. Осыдан кейін қорғау жүйелері жаңартылғанымен, тірі пайдаланушылар тарапынан сайтқа кіру көрсеткіші жылдық есепте 8 пайызға төмендеді. Қор өкілдерінің айтуынша, бұл – адамдардың ақпарат тұтыну әдетінің өзгеруімен, яғни жасанды интеллекттің сұранысты тікелей қанағаттандыруымен байланысты.
Боттардың белсенділігін шектеуге арналған ішкі тетіктер жетілдірілгенімен, жүйе нақты қолданушылардың да сайтқа сирек кіретінін анықтаған. Сонымен қатар боттар өз әрекеттерін адам пайдаланушы түрінде жасыруды үйренген.
Интернеттегі жалпы үрдіс те осыны растайды: ірі іздеу жүйелерінің талдауы бойынша, іздеу сұрауларының небәрі 1 пайызы ғана бастапқы дереккөзіне өтумен аяқталады. Себебі көпшілік ЖИ қалыптастырған қысқаша жауаптармен-ақ қанағаттанады. Ал жас буын ақпаратты негізінен әлеуметтік желілер арқылы алуға бейімделген.
Wikipedia өкілдері пайдаланушыларды жасанды интеллект арқылы алынған мәліметтердің түпнұсқасын тексеруге және дереккөзге өтіп, адам бақылайтын білім қорын қолдауға шақырды.

