WhatsApp спаммен күресу үшін жаңа шектеулер енгізеді
Мессенджер әзірлеушілері Meta Platforms Inc. компаниясы WhatsApp жүйесінде спамға қарсы күресті күшейту мақсатында жаңа шектеулер енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы TechCrunch басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Жаңа жүйе аясында пайдаланушылар мен бизнес-аккаунттар өздеріне жауап қайтармаған байланыстарға жаппай хабарлама жіберу мүмкіндігінен шектелмек. Яғни пайдаланушының немесе компанияның қанша адамға хабарлама жібере алатыны ай сайынғы лимитпен есептелетін болады.
Бастапқыда тек жеке байланыс құралы ретінде жасалған WhatsApp бүгінде бизнес пен аудитория арасындағы маңызды байланыс алаңына айналды. Бұл өзгеріс нәтижесінде қолданушылардың поштасына күн сайын тым көп хабарлама келіп, маңызды ақпаратты айыру қиындай түскен.
Жаңа ережеге сәйкес, бұрын жауап бермеген немесе таныс емес байланыстарға жолданған барлық хабарлама жалпы айлық лимитке қосылады. Егер алушы хабарламаға бір рет болса да жауап берсе, шектеу автоматты түрде алынады.
Компания нақты шектеу санын әзірге жариялаған жоқ, себебі жүйе түрлі нұсқада сынақтан өтіп жатыр. Бірақ WhatsApp пайдаланушылар мен бизнес-аккаунттарға белгіленген шекке жақындаған кезде ескерту жібереді. Бұл автоматты бұғаттауға жол бермеу үшін жасалып отыр.
Жаңа функция алдағы апталарда бірнеше елде сынақ режимінде іске қосылады. Сарапшылардың айтуынша, бұл жаңалық жеке сөйлесуге арналған аккаунттарға әсер етпейді, себебі шектеулер негізінен жаппай жарнама немесе спам хабарламалар тарататын бизнес және жеке тұлғаларға бағытталған.

