Жаңалықтар

West Oil Software басшылығы ереуілге шыққан қызметкерлерге үндеу жолдады

West Oil Software басшылығы ереуілге шыққан қызметкерлерге үндеу жолдады
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Kandinsky 21.02.2024 15:42 873

2023 жылғы 11 желтоқсаннан бері негізінен жүргізуші мамандығы бойынша жұмыс жасайтын қызметкерлердің заңсыз ереуілі жалғасуда, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Естеріңізге сала кетейік, Қарақия аудандық соты ереуілді заңсыз деп тану туралы шешім шығарған болатын. 2024 жылғы 24 қаңтарда Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасының қаулысымен Қарақия аудандық сотының шешімі өзгеріссіз қалды.

Компания соттың шығарған шешімін ереуілге қатысқан барлық қызметкерлердің назарына жеткізді. Маңғыстау облыстық сотының қаулысы жария етілген сәттен бастап шешім заңды күшіне енгенін атап өткен жөн. Осы заңсыз әрекеттердің нәтижесінде компания күн сайын 900 миллион теңгеден астам шығынға ұшырады. Сонымен қатар, тапсырыс беруші тарапынан «Westoil Software» ЖШС өзіне қабылданған шарттық міндеттемелерді орындамауы және Тапсырыс берушіге тәулігіне 23 миллион теңгеге дейін шығын келтіруі туралы сотқа дейінгі шағымдар қойылды, бұл талап күн сайын артып келеді. Осыған қарамастан, бірнеше ай бойы «Westoil Software» ЖШС ереуілге шыққан қызметкерлермен татуласу және құқықтық саладағы жағдайды шешу жөнінде жан-жақты шаралар қабылдауда, - делінген ақпаратта.

Бүгінгі таңда 94 қызметкер өз еркімен жұмысқа қайта оралды, оларға ешқандай жаза қолданылған жоқ. Компания басшылығы бірнеше рет қызметкерлерге еңбек міндеттемелерін орындау және жұмысқа оралу туралы өтініш жасады. Бүгін «Westoil Software» ЖШС өкілдері қызметкерлерді заңсыз ереуілді тоқтатуға және жұмыс орындарына шығуға шақырды.

Сонымен қатар, күн сайын өсіп келе жатқан шығындарға, сондай-ақ Тапсырыс берушінің талаптарына байланысты басшылық ереуілге қатысушыларға компанияның қаржылық жағдайы сын көтермейтіндігін және  ағымдағы жылдың 24 ақпанынан кейін қызметкерлердің жұмысқа шығуын күту мүмкін еместігін хабарлады. Жұмысқа қайта оралып, өз міндемелерін атқаруға шешім қабылдаған қызметкерлерге ешқандай жаза қолданылмайтынына ерекше назар аударылды, - делінген үндеуде.

Сондай-ақ, қызметкерлер көрсетілген мерзімде жұмысқа шықпаған жағдайда, компания заңсыз ереуілге қатысушылардың барлығымен заңнамаға сәйкес еңбек шартын бұзуға және Маңғыстау облысының Қарақия және басқа да аудандарында жұмысқа орналасуға кезекте тұрған азаматтар арасынан мамандарды жұмысқа қабылдауға мәжбүр болатыны айтылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға