Жаңалықтар

Voyager 1 станциясының құпиясы ашылды

Voyager 1 - жұлдызаралық кеңістікке шыққан алғашқы (адамзат жасаған) объект.
27.11.2015 05:27 6535

Ғалымдар Voyager 1 ғаламшараралық автоматтандырылған станциясының құпиясын ашты. Ол – жұлдызаралық кеңістікке шыққан алғашқы (адамзат жасаған) объект. Зерттеушілер өз жұмыстарының нәтижесін Astrophysical Journal Letters журналында жариялады.

Voyager 1 станциясының құпиясы ашылды

Алынған мәліметтер бойынша, Voyager 1 өзінің 36 жылдық сапарынан соң гелиосфера кеңістігінен (ғаламшар атмосферасының магниттік баламасы) өтіп кеткен. Мәселен, 2011 жылдың желтоқсан айында станция гелиосфера мен жұлдызаралық кеңістіктіктің ортасындағы гелиопауза аймағынан бір-ақ шыққан.

Өз сапарының бұл кезеңінде Voyager 1 жұлдызаралық кеңістіктен Күнге қарай бағыт алған жоғары энергетикалық электрондардың жүз есе көбейгенін бақылап отырды. Содан кейін, 2012 жылдың бірінші жартысында станция галактикалық ғарыштық сәулелер деңгейінің өскені туралы мәлімет жіберген. Дәл сол жылы тамыз айының соңында ғарыш аппараты мардымды көлемдегі Күн желінің бөлшектерін кезіктіруді тоқтатып, гелиосферадан шығып, жұлдызаралық кеңістікке енді. Алайда мұнымен кейбір ғалымдар келіспейді. Олардың пайымдауынша, станция гелиопаузадан шығар кезде магнит өрісінің сипаттамаларында өзгеріс болуы тиіс, бірақ мұндай өзгеріс байқалмады. Мұнымен қатар, Voyager 1 ұшып бара жатқан аймақтағы магнит өрісінің бағыты күтілген көрсеткіштен 40 градусқа ауытқыған.

Voyager 1 станциясының құпиясы ашылды

Күн жүйесінің шекарасын зерттеуге арналған IBEX (Interstellar Boundary Explorer) жасанды серігі арқылы жүргізілген өлшеулер Voyager 1 айналасындағы магниттік сызықтар орынды екенін және ондағы өзгерістер Күн жүйесінің галактикалық магнит өрісіне әсерінен туындап отырғанын көрсетеді.

Ғалымдардың есептеуі бойынша, 2025 жылға қарай Voyager 1 Күннің әсер ету аймағынан асып кетеді.

Станция ішінде Жер ғаламшарының орналасқан мекені, бірнеше суреттер мен дыбыстар берілген алтын пластина бар. Бұл жатпланеталықтардың міндетті түрде бар екендігін білдірмейді, алайда олардың бар болуы мүмкін болса және станция олардың қолына түссе біздің өмір сүретініміз туралы бізден басқа тіршілік иелері де білетін болады.

Бүгінгі таңда Voyager 1 – Жерден ең қашық орналасқан және ең жылдам қозғалатын адамзат қолына туған объект. Ол Күннен 130 астрономиялық бірлік қашықтығында қозғалып барады. Салыстыру үшін, Күнге ең жақын жұлдыз Центавр проксимасы 270 мың астрономиялық бірлік қашықтығында орналасқан.

Voyager 1 тарихы

Вояджер-1 станциясы 1977 жылдың 5 қыркүйегінде іске қосылған. Оның мақсаты Күн жүйесінің шекарасын анықтау болатын. Алғашқыда станцияның миссиясы Юпитер мен Сатурнды зерттеу болатын. Сөйтіп  Voyager 1 аталмыш ғаламшарлар мен олардың серіктерін толыққанды суретке түсірген бірінші ғарыш зонды атанды. Миссияның ұзақтығы бастапқыда 5 жылға жоспарланған.   

 1998 жылдың 17 ақпанында Voyager 1 станциясы Pioneer 10 (сол сәтке дейін Күннен ең алыс орналасқан ғарыш аппараты) аппаратын қуып жетті.

2006 жылдың 19 қаңтарында Плутон бағытында New Horizons аппараты ұшырылған болатын. Бұл аппара Жерден ең жоғарғы жылдамдықпен (Voyager 1 станциясынан да жылдам)  іске қосылғанмен, Voyager 1 бірнеше гравитациялық маневрден кейін одан да жоғары жылдамдыққа жетті. 2012 жылдың 10 қаңтарында New Horizons жылдамдығы секундына 15,5 шақырым болса, Voyager 1 жылдамдығы секундына 17 шақырым болды. 


Дархан Өмірбек

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға