Жаңалықтар

Волонтер болу – жүрек қалауы

Аймақтардағы волонтерлік штабтар қандай жұмыстар атқарады?
Волонтер  болу –   жүрек қалауы
28.05.2020 13:18 6307

Қазіргі таңда еліміздің барлық облыстарында волонтерлік қозғалыстың орталықтары жұмыс істейді. Бұлардың құрамына этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері кірген. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өңірлік штабтарындағы қыз-жігіттер көптеген қайырымдылық және мәдени іс-шараларды өткізіп, көпке пайдалы істерді тындырумен айналысып келеді.

Биылғы жыл Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен «Волонтер жылы» болып жарияланғаны белгілі. Соған орай ақпан айында Мемлекет басшысының қатысуымен «Birgemiz» республикалық Волонтерлер фронт-офисінің ресми ашылу рәсімі өткен болатын. Бұл орталық осы салаға қатысты жобаларды біріктіріп, арнайы мониторинг жасаумен, көпшілік арасында насихаттау жұмыстарын жүргізумен шұғылданады. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде волонтерлік қозғалыстың орталығына мүше жастар қайырымдылық шараларымен айналысып жүр. Солардың бірі –  Жамбыл облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілер қозғалысының орталығы. Олар осы уақытқа дейін көптеген маңызды іс-шаралардың өтуіне мұрындық болған. Бұл игі істерін ары қарай да жалғастырып келе жатқан олар биылғы жылғы өз жұмыстарын қаңтар айында Ашық есік күнін өткізуден бастаған екен. Бір алаңға жиналған штаб мүшелері жастар қозғалысының биылғы жылғы жоспарымен егжей-тегжей танысып шыққан. Кездесу барысында жастар саясаты басқармасы және жастар ресурстық орталығымен бірлесе атқаратын көптеген шаралар сөз етілген әрі іс-шараларға қатысты келушілер өз пікірлері мен ұсыныстарын да айтуды ұмыт қалдырмапты.

82b4bbe5-5093-4d84-a7fe-6c8c731c826d.jpg

– Бұған облысымыздағы Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілері, жоғары оқу орындарының өкілдері және жастар саясаты басқармасы, «Ізгілік елшілері, «Біз біргеміз», «Ақ сұңқар», «Достық» волонтерлық орталықтарының өкілдері қатысқан еді. Сол отырыста біздің еріктілер қозғалысы жұмыстар атқаратын бірнеше бағыттар бойынша жауапты тұлғаларды бекіткен болатынбыз. Мәселен, осы орталықтың бағыттарын және жұмыстарын үйлестірушісі болып облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени орталықтары» қоғамдық бірлестігі жастар қанатының төрағасы әрі облыстық ҚХА Кеңесінің мүшесі Зайнуддин Махусеев, әлеуметтік бағыт бойынша «Жаңғыру жолы» жастар қанатының орынбасары әрі «Барбанг» облыстық күрд қауымдастығы қоғамдық бірлестігі жастар қанатының төрағасы Хабиб Алиев, білім беру бағыты бойынша Тараз Мемлекеттік университетіндегі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі әрі филология ғылымдарының кандидаты Фарида Мамедова, спорт бағыты бойынша аймақтық «Жаңғыру жолы» жастар қанатының орынбасары Артур Лигостаев тағайындалды. Бұл шара бастысы Қазақстан халқы Ассамблеясының волонтерлік қызметі жұмыстарын ұйымдастырудың әрі әлеуметтік игі бастамалар мен түрлі жобаларды жүзеге асыруды мақсат етті. Бәрімізге белгілі, қазіргі таңда волонтерлік қозғалыс азаматтық қоғамымыздың әлеуметтік жауапкершілігінің бір элементі болып есептеледі. Осы волонтерлер жиынында өңірлік Ассамблеяның тарапынан облыстық деңгейде қырықтан астам өтінім қалдырдық, - дейді Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өңірлік штабының жетекшісі Хамида Турдыева.

Бұл орталық осындай маңызды бағыттар бойынша көптеген істерді тындыруды жоспарлап отыр. Одан бөлек, жыл сайын әсіресе оқушылар мен студенттерді, жастарды волонтерлікке көптеп тартып, олардың бойына патриоттық, жанашырлық дағдыларын қалыптастыруды мақсат етеді.

– Қоғамдағы мұқтаж азаматтарға қол ұшын беру біздің бұрыннан қанымызға сіңген қасиет. Жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясының волонтерлері мен жастары жыл сайын дәстүрлі түрде мұқтаж балаларға қан тапсырып, түрлі апаттан зардап шеккендерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көмек көрсетумен айналысады. Менің ойымша, еріктілік ісі – шынайы патриотизмнің бейнесі. Өйткені мұнда өз елі мен жеріне, Отанына адал қызмет етудің игі идеясы жатыр.

Жамбыл облыстық еріктілер орталығы биылғы жылғы волонтерлік жұмысты Достық үйі жанындағы «Мәміле» клубының мүшелері және «Айбын» әскери-патриоттық клубының мүшелерімен бірге Тараз қаласында орналасқан №36 мектеп, №24 мектеп-гимназиясының және «Дарын» мектеп-интернатының бір топ оқушыларымен мазмұнды әрі пайдалы кездесулер ұйымдастырумен бастаған. Еркін жүздесу барысында Хамида Кахарджанқызы мектеп жасындағы жеткіншектерге қоғамдық жұмыстарды атқарудың маңыздылығы жайында кеңінен ой өрбітіп, өңірлік штабтың жұмыстарымен таныстырған.

– Жүздесу кезінде «Айбынның» жетекшісі Адиля Сайтбаева мен «Мәміленің» жетекшісі Феруза Ибаргимова мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруді әрі елінің патриоты болуды қалайтын оқушыларға өз клубтарының жұмыс бағыттары, тыныс-тіршлігі жайында пайдалы ақпараттарымен бөлісті. Сонымен қатар, облысымыздың Қазақстан халқы Ассамблеясы волонтерлік қозғалысының спорт бағыты бойынша координаторы Артур Лигостаев және штабтың белсендісі Русалина Пряхина волонтерлік орталықтың атқаратын жұмыстары мен міндеттері жайында баяндады. Оған қоса, кездесу өте тартымды әрі қызықты өту үшін балаларға аймақтық штаб атқаратын волонтерлік жұмыс жайында түсірілген бейнероликтер көрсеттік әрі презентациялар өткіздік. Осы жұмыстардың нәтижесінде олармен қызықты әрі танымдық диалог өткізіп, кездесуді естелікке суретке түсумен қорытындылаған болатынбыз.

Ақпан айында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің өткізуімен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форумы өткен болатын. Бұл форум эстафета түрінде елордадан бастау алған. Ал эстафета оңтүстік шаһардағы Алматы қаласы арқылы Жамбыл жеріне жолданған. Бұған облыстың бүкіл аймағындағы мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері жиналған. Олардан бөлек, өңірдің тіл жанашырлары мен ақындары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен қоғам белсенділері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері және «Мәміле» клубының өкілдері келген.

– Аталмыш шараның басты мақсаты – мемлекеттік тіл ретіндегі ұлтаралық қарым-қатынас тілінің қолданылу аясын кеңейту. Бұл әсіресе қазақ тілін қадірлейтін әрі «Мемлекеттік тіл – менің тілім» деп санайтын этнос өкілдеріне арналған. Форумды Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Мемлекеттік тіл туралы» шағын бейнеролик көрсетілімімен бастаған едік. Ары қарай «Қазақ тілін қалай меңгердім?», «Менің қазақ тілін үйрену әдісім» сынды мемлекеттік тілді үйрену жайында өз тәжірибелерімен тіл жанашырлары мен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері Ругайя Вердиева, Фируза Ибрагимова, Русалина Пряхина жауап беріп, пайдалы кеңестерімен бөліскен болатын.

Облыс жастарының арасында Ругайя Вердиева мемлекеттік тілді 5-ші сыныптан меңгере бастаған. Бірақ та оқитын мектебі түгелімен орыс тілді болған екен. Қазақшасы нашар болғанын байқаған ұстазы оған бірде жеті күннің ішінде мемлекеттік тілді үйреніп шыққан орыс өкілінің қызы туралы айтып береді. Осы оқиғадан кейін тілді меңгеруге қызығушылығы артқан Ругайя Вердиева осы мақсатпен күн сайын сабақтан тыс қосымша дайындықты бастайды. Сөйтіп, ол шамамен бір жарым айда мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлесетіндей дәрежеге көтеріліпті. Алайда бойжеткен бұл жетістігімен тоқтап қалмаған. Білім көкжиегін кеңейту үшін облыстағы тілдерді дамыту басқармасына келіп, екі ай бойы арнайы курста білім алған. Нәтижесінде адамдармен еркін әрі таза сөйлесумен қоса, кітаптар, мерзімді баспасөз басылымдарын да еш мүдірместен оқи алатын деңгейге жеткен. Бір айта кетерлігі, ол мемлекеттік тілде сөйлесумен әрі оқумен ғана шектелмейді. Оған қоса, осы тілде құлақтан кіріп, бойды алар әсем әрі әуезді әнді де нақышына келтіріп орындап жүр.

Форум кезінде өңірдегі этномәдени бірлестіктердің мүшелері қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай шығармашылығынан үзінділер оқыған. Іс-шара соңында жамбылдықтар эстафетаны ары қарай шырайлы Шымкент қаласындағы этномәдени бірлестікке жолдапты.

Күллі елде жыл сайын миллиондаған жан қан құюға мұқтаждардың қатарында тұрады. Сондай адамдарға көмектесу мақсатында олар ақпан айында Тараздағы «Қан орталығына» барып, қан тапсырыпты. Қайырымды іс жасаған жастардың қатарында облыстық «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының аймақтық штабының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілері, этномәдени бірлестіктер мүшелері және т.б. болған. Олар осындай қайырымдылық шарасын жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Осы орайда бір айта кетерлігі, қан өткізуге ерікті түрде атсалысқан әрі қайырымды іс тындырған жастардын атқарған осы шараға «Ерікті донор» атауын берген екен.

3a9afbb7-6754-48fa-871c-52e7c1166f9f.jpg

– Менің ойымша, біздің бұл игілікті ісіміз көптеген қазақстандықтарға үлгі болары сөзсіз. Жалпы қан кезегін күткен науқастардан бөлек, күнделікті өмірде сырқат жандарға да қан құюға мұқтаждық болады. Олардың қатарында тосыннан болған жол-көлік апатына ұшыраған, босанғаннан соң ауыр жағдайдағы әйелдерге, анемия мен гемофилия ауруына шалдыққандарға да өмірін сақтап қалу үшін қан керек. Сол мұқтаждықтың орнын аздап болса да толтыру мақсатында өз үлесімізді қосқымыз келді.

Статистикаға көз жүгіртсек, әлем картасындағы барлық елдің әрбір үшінші азаматы бір рет донорлық қанды қажетсінетінін байқауға болады. Сондықтан донор ретінде қанын беру арқылы адам өзге біреуге өмір сыйлайтынын естен шығармағаны абзал.

6dbdfc8e-f3e5-451e-927a-fbbdc7a8ffb1.jpg

– Бір атап өтерлігі, бұл игі акцияға ерікті-донорлар аса қатты белсенділік танытып, ерекше ынта-ықыластарын білдірді. Өзге жанға өмір сыйлау және өз үлестерін қосу үшін Қан тапсыру орталығына келген жастар алдымен тіркеу бөлімінен өтті. Кейін зертханалық кабинетте олардан талдама жасалынды. Осы процедурадан соң денсаулығында еш кінәратыжоқ қыз-жігіттер мұқтаж адамдар үшін қан тапсырып, көпке көмегі мол іс тындырды. Жалпы бұл акцияға жамбылдық 40-қа жуық жастар қатысқан болатын. «Ерікті донор» атты қайырымдылық акциясы алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Бір байқағанымыз, жыл сайын осы шараға қатысуға ниет білдірушілердің саны артып келеді.

Қыстың екінші айы кезінде жамбылдық жастар қозғалысының мүшелері Достық үйінде ел ішінде қақтығыссыз қоғам қалыптастыру мақсатында «Этносаралық қақтығыстардың алдын-алу» тақырыбы төңірегінде бірқатар шаралар ұйымдастырыпты. Солардың бірін аймақтағы мектептер мен колледждерінде өткізген болатын. Хамида Турдыеваның айтуынша, жанжалдар мен дау-дамайлар негізінен медиативтік әдістерді қолдана отырып шешіледі. Сонымен қоса, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған медиаторлар мен Ақсақалдар кеңесі мүшелерінің қатысуымен жұртшылық арасында құқықтық тұрғысынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады екен.

– Қыс кезінде өткен кездесу барысында медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева қатысушыларды медиация құралдарымен, процедурасымен,ұстанымдарымен, қағидаттарымен және қолдану аясымен егжей-тегжей таныстырған болатын. Әңгіме арасында оқушылардың құрдастарымен, аға буын өкілдерімен қарым-қатынас ұстау, байланыс орнату, араласу этикеттері жайына да тоқталып өтті. Бастысы адамдар арасындағы қақтығыстар кез-келген азаматтың өміріне үлкен әсерін тигізетіні рас... Мұндай жанжалдар тек адамның бір өзіне ғана емес, айналасына, қоршаған ортасына да өз зиянын тигізбей қоймайды. Жалпы түрлі дау-дамайлар кез келген жанның өмірінде орын алады. Тіпті оларды болдырмау әсте мүмкін емес. Бірақ та медиация орталығының басты мақсаты – сол дау-дамайдың шығу себебін шешу болса, міндеті – осындай жағдайға душар болған адамды шиеленістерден дұрыс шыға білуіне үйрету болып табылады. Сонымен қатар, оларды яғни жастарды даналыққа, төзімділікке, сабырлыққа тәрбиелеуді мақсат етеміз.

Ал Жамбыл ауданына қарасты Қазақстан халқы Ассамблеясының медиаторы Нұрлыкүл Әмірова медиацияның жеке практикада пайдалану тәжірибелерімен жан-жақты таныстырып, қажетті кеңестермен бөліскен. Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рахмиджан Жанабаев колледждерде білім алатын студенттерге «Ұрпақтар сабақтастығы» атты тақырыбы бойынша дәрістер оқып, әр түрлі жастағы адамдарды бір-бірлерімен біріктіруге тарихи, биологиялық, әлеуметтік және т.б. байланыстардың ұрпақтар сабақтастығы екенін ерекше атап өткен. Сонымен қоса, кездесу барысында уақыттың туыс-туғандарды белгілі бір кездерге ажыратып, қазақстандық жастардың тәлім-тәрбиелік өмірлік құндылықтарын, өмірге деген жеке көзқарастарын өзгерткенмен, ата мен немеренің, әке мен баланың өзара қарым-қатынастарына еш әсер етпеуі тиістігін тілге тиек еткен еді. Одан бөлек, ұйымдастырушылар осындай көпке пайдалы дәрістер өскелең ұрпақ арасынан көбірек ұйымдастырылып тұру қажеттігін жеткізген.

– Тараз шаһарындағы Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдрахман Юлдашұлы кездесу кезінде ұлтаралық қақтығыстардың шығу себептерін, алғышарттарын және оларды шешу жолдары жайында сөз қозғаған болатын. Ол кісі көпұлтты Қазақстанның түрлі этникалық өзгешеліктеріне қарамастан ел конституциясындағы заңдар тармақтарының күллі халыққа бірдей екендігін атап өткен еді.

Көктем мезгілінің алғашқы күні яғни 1 наурыз әсіресе Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері үшін өте маңызды күн. Өйткені дәл осы күні 1995 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Сол сәттен бастап күнтізбедегі бұл күн елімізде мекендейтін 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің басты мерекелерінің бірі саналады. 1 наурыз күні еліміз осы мейраммен қоса, «Алғыс айту» күнін думандата сән-салтанатымен атап өтеді. Бұл мерекені тойлауда Қазақстан халқы Ассамблеясы да қалыс қалмайды. Республиканың түкпір-түкпірінде көптеген түрлі мәдени шаралар өткізіледі. Жамбыл облыстық штабтың бір топ жастары биыл Ассамблеяның 25 жылдығына және «Алғыс айту» мейрамына орай бірқатар істерді тындырған. Солардың бірі – 25 жылдыққа «ҚХА 25» атты жазуымен түсірілген арнайы бейнеролик. Флешмоб бағытында бейнеролик «Жаңғыру жолы» аймақтық штабындағы волонтерлар мен облыстық еріктілер ұйымының мүшелерінің бастамасымен түсірілген. Одан бөлек, Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бір топ жастары Тараз қаласындағы Шахристан тарихи-мәдени кешенінде облыс әкімдігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен «Алғыс айту» мерекесіне орай концерт ұйымдастырған. «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан» атты мерекелік мәдени іс-шарасына тараздықтар мен өзге өңірлерден келген қонақтар, этномәдени бірлестік жетекшілерімен мүшелері, жоғары оқу орындарының студенттері мен жастар қатысыпты.

– Өздеріңізге мәлім, бұл күнді мерекелеудегі басты мақсат – елімізде жалпыұлттық бірлікті, ынтымақты қамтамасыз ету әрі өсіп келе жатқан ұрпақты бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, мейірімділікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу. Дәл осы күні кезінде қиын-қыстаудағы түрлі жағдайларға байланысты ата қонысынан айырылып, пана іздеп келген көптеген ұлт өкілдеріне құшағын ашып, бауырына басқан қазақ жұртына өз алғыстарын білдіріп, құрмет көрсетіледі. Бір атап өтерлігі, биылғы жылғы Алғыс айту мейрамы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мейрамымен тұспа-тұс болып отыр.

Иә, расымен де бұл әлем тарихының түрлі қиын-қыстау сәттерінде қазақ жұртының бауырмалдығына бөленген көптеген ұлт өкілдерінің қазақ жері мен еліне алғыс білдіретін күні. Қысылғанға сүйеу, қиналғанға медеу бола білген Қазақстан халқы бұрыннан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерін бауырына тартып, құшағына басып, бар дәмдісін алдына қойған қонақжай халық.

– Бастысы бұл мейрам барша қазақстандықты достық пен бірліктің, патриотизм мен ынтымақтың жарасқан күні деп айтуға болады. Осындай ерекше датада Ассамблеяның құрылғанына ширек ғасыр болып жатыр. Соңғы 25 жыл уақыт аралығында Қазақстан татулық пен достықтың, келісім мен тұрақтылықтың қайнарына айналып отыр.

«Алғыс айту» мерекесіне орай «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешені бойымен көптеген шатырлар бой көтерілген. Мұнда көптеген ұлт өкілдерінің тағамдары қойылған «Достық дастарханы» жайылыпты. Ал облыстық Ассамблеяның этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері мен өкілдері осы мейрамға орай келген өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бастаған қонақтарды қарсы алып, дәмі тіл үйірер тағамдардан дәм татуға шақырған. Дастарған басына жиналғандарға жамбылдықтар құлақтан кіріп бойды алар әсем әндер мен қазақтың ұлттық аспаптарында күмбірлете күйлер орындап, өз өнерлерін көрсеткен.

– Үлкен дастархан басына қазақ, қытай, грек, еврей, күрді, тәжік, қырғыз, өзбек, дүнген, грузин, шешен-инғұш, түрік, әзірбайжан, қарашай-балқар, украин, татар, корей,неміс,ұйғыр, орыс,поляк халықтарының түрлі-түрлі тағамдары қойылды. Осында жиналған қала жұртшылығы мен шаһар қонақтары тамақтардан дәм татқаннан соң қой көтеру, асық ату, тоғызқұмалақ, ордабасы сынды ұлттық спорттық ойындардан өткізілген сайыстарды тамашалаған болатын. Ал «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан» мерекелік шарасының ашылу рәсімінде облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаев жиналған қауымды мейірімділік пен ризашылықтың мейрамына айналған Алғыс айту күні мерекесімен құттықтаған болатын.

Мерекелік іс-шара кезінде «Алғыс айту» мейрамына арналған театрландырылған спектакльдер қойылыпты. Бұл композиция барысында сахнаның төріне сан түрлі ұлт өкілдерінен жиналған қауым қазақ жұртына өз алғыстарын жаудырады. Мерекелік думан ары қарай «Рахмет саған туған жер» атты концерттік бағдарламамен ұласыпты. Мұнда еліміздің эстрада жұлдыздары мен «Жаңғыру жолы» жастары, «Ақжелкен» жастар лигасы, этномәдени орталықтардың би ансамбльдері, облыстық филармония әртістері және т.б. өнер көрсетіп, шара соңы «Атамекен» әнімен аяқталған.

– Өздеріңіз байқағандай, біз облыс волонтерларымен бірге салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған спорттық шараларды да жоспарымызға енгізуді ұмыт қалдырмаймыз. Оған «NEXT Чемпионмын!» атты республикалық акциясы дәлел бола алады. Мұндай акция қаладағы «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» коммунальдық мемлекеттік мекемесінде облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесе ұйымдастырылған болатын.

3eebef90-c8a4-4500-bd4a-dd948d46d07c.jpg

Салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған шараға жаттықтырушылар мен спортшылар, еріктілер, облыстық Ассамблеяның мүшелері, «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» оқушылары сынды 80-нен аса адам қатысқан.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының спорттық еріктілер бағыты шеңберінде жүзеге асырылып жатқан бұл республикалық акцияның басты мақсаты – тұрғындардың әлеуметтік топтағы балаларын спорттық шараларға, спорттық өмірге көбірек тарту, аймақтарда дене шынықтыру мен спортты дамыту, азаматтардың өз әлеуетін ұтымды пайдалану, көпшілік арасында қайырымдылық ізгі қасиеттерді қалыптастыру. Осы акция барысында көпке танымал спортшылардың қатысуымен «шахмат», «асық ату», футбол», тоғызқұмалақтан» арнайы шеберлік сабақтары мен жарыстар өткізілді. Бұл екі сағаттан аса шеберлік сабақтарын футболдан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сейілда Байшаков, шахматтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы әрі Азия чемпионы Айтқазы Баймурзин, тоғызқұмалақтан кәсіпқой спорт клубының жаттықтырушысы Ербол Нұрханов, армрестлинг спорт түрінен Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Оксана Письменная, Мұхамеджан Сембаев, Евгений Трубин, Қазақстан Республикасының спорт шеберлері Александр Радченко, Исмайл Худишов, Самат Наурызбаев, Азиз Анарметов, Фуркад Мирсламбаев, Сергей Пак өткізіп, өз тәжірибелерімен бөліскен еді. Сонымен қатар, спортттың түр-түрінен көптеген сайыстар өткізіліп, жеңімпаз тәрбиеленушілерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ал шара соңында облысымыздың 11 спорт майталманы Қазақстан халқы Ассамблеясының спорт саласы бойынша волонтерлардың қатарына қабылданды.

Барша әлемге таралған «COVID-19» індетіне байланысты көптеген елдер шекараларын жауып, қалаларда карантин жарияланды. Мұндай сақтық шаралары ең алдымен адамдардың өмірі үшін жасалған болатын. Осы кезде тұңғыш президент Елбасы әрі Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Республикалық «Bizbirgemiz!» акциясы жүзеге асырылып, осы уақытқа дейін көптеген жандарға көмектесіп келеді. Осы акция шеңберінде аз қамтылған отбасыларға «CORONAVIRUS» жұқпалы індетін алдын-алу мақсатында медициналық маскалар, антисептикалық құралдар, бірінші қажеттілікке тамақ өнімдері және тағы басқа көмектер берілген.

d4d9b110-dd5d-4c11-8f08-a1b178009b0c.jpg

– Осы жағдайға орай аймақтық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері мен волонтерлері Тараз қаласы мен Жамбыл ауданына қарасты Гродеково ауылының әлеуметтік осал топтар санатына жататын отыздан аса тұрғынына 360 000 теңге көлемінде көмектер көрсеткен болатын. Мұндай көмектерді карантин уақыты біткенше көрсетуге тырысамыз.

Қазақ халқы қашан да асылын ардақтаған, қариясын құрметтеген. Бүгінде өмірден көргені мен көңілге түйгені мол әрі тыңдай білгенге айтар ақыл-кеңесі бар асыл ардагерлерімізді сыйлау, оларға ілтипат, құрмет көрсету өскелең ұрпақтың парызы болып саналады. Қазіргі кезде елі мен жері үшін от кешкен, жалынды жастық шақтарын соғыс майданында өткізген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары сиреп барады.

– Облысымыздағы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру Жолы» жастар қозғалысының аймақтық штабындағы жастар тыл еңбеккерлері мен ардагерлерге құрмет көрсету дәстүрін әдетке айналдырған. Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына және Жеңістің жалауының желбірегеніне 75 жыл толуына орай «Жеңіс үшін рақмет» атты акциясын бастаған болатынбыз. Бұл акцияның басты мақсаты – Жеңіс күнін сыйлаған ардагерлерімізге атаулы көмектер көрсету және өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу. Осы мейрамға орай штабтағы бір топ жастар мен Ассамблея волонтерлері ардагерлердің үйлеріне барып, осы Жеңіс мерекесімен құттықтап шықты. Емін-еркін форматтағы қариялар мен жастардың кездесуі барлығына жағымды әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған еді. Кездесу соңында аймақтың «Жаңғыру Жолы» жастар қозғалысының бір топ жастары ақсақалды қарияларға өз алғыстарын білдіріп, зор денсаулық, сергектік, амандық тілек, сыйлықтарын табыс етті. Қарттарымызға осындай ілтипат көрсеткен жас ұрпақтың бойында елі мен жеріне деген патриоттық сезім қалыптасатыны рас... Ал өз кезегінде ыстық ықылас пен жылы сөздерді көңілдеріне демеу ететін ардагерлер аймақтық штаб жастарына шексіз алғыстарын білдірген еді.

2c833f9b-afd1-4783-8423-dd79cc2ab88d.jpg

Өмірде орын алатын апаттардың қайсысы болсын айтып келмейтіні рас. Солардың бірі жақында Өзбекстандағы Сырдария облысында «Сардоба» су қоймасының бөгеті жарылып, айналасындағы елдімекендерді су алғаны мәлім. Сол су соған жапсарлас жатқан еліміздің оңтүстік аймағындағы Түркістан облысына да жеткен еді. Осы өңір тұрғындарына қасиетті Әулиеата жұртшылығы да алғашқылардың бірі болып көмектескен болатын.

– Қай уақытта болмасын апаттан зардап шеккен қиын-қыстау заманда ағайындарға көмек қолын созу, қолдан келгенше көмектесу ықылым заманнан қалған игі дәстүр. Ата-бабаларымыз салған сол дәстүрдің ізімен Қордай ауданындағы дүнген ұлтының өкілдері мен «Вынхуа» этномәдени бірлестігі осындай басқа түскен қиын жағдайда көршілес өңірге көмек ретінде 5,5 млн теңгеге 25 тонна азық-түлік жөнелткен болатын. Сонымен қоса, Жамбыл облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблея мүшелері де қайырымдылық шараларына атсалысудан сыртта қалмай, өз үлестерін қосып, қосымша тағы 5 млн теңгедей болатын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Көмек көрсеткендердің қатарында өзбек, орыс, күрд, балкар, түрік, шешен, әзірбайжан, неміс, қарашай, ингуш, тәжік және т.б. өзге ұлттар мен аймақтық Ассамблеяның еріктілері бар, - деді Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өңірлік штабының жетекшісі Хамида Турдыева.

Ал қарағандылық еріктілер қозғалысы болса, төрт бағыт бойынша жұмыс істеп, көпшілікке өз көмектерін көрсетіп келеді. Олардың алғашқысы – «Бірлік» – әлеуметтік бағыт. Мұнда волонтерлар көбінесе қоғамдық-бұқаралық түрлі іс-шараларды өткізумен, мүмкіндігі шектеулі жандарға, мұқтаж адамдарға, түрлі апаттар мен дүлей зілзалалардың құрбандарына көмек беру сынды және т.б. істермен шұғылданады. Екіншісі бұл «Білім» - беру бағытымен айналысу. Яғни мұнда түрлі пәндер бойынша ақысыз сабақтар өткізіледі, аймақтағы Достық үйі жанынан ашылған курста тілдер үйретіледі, өз саласының білгір мамандары бизнес-тренингтер ұйымдастырады, мектеп бітірушілерге жоғары оқу орындарына түсу кезінде тиісті көмектер көрсетіледі, спорттық шаралар өткізіледі.Сонымен қоса, медиацияға қатысты «Келісім» бағыты қоғамдық-әлеуметтік міндеттер мен дауларды шешуге көмектеседі.

Биылғы жылдың қаңтар айында өткен Ашық есік күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілер қозғалысының бағыттары мен тұжырымдамалары жан-жақты таныстырылған. «Волонтер жылына» орай алғашқылардың бірі болып ашылған Қарағандыдағы волонтерлік орталықтың жұмыс барысын таныстыру отырысына «Литуаника» этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Тварионас, Аналар кеңесінің төрайымы Жанар Кенжеғалиев, жастар ісі саясаты, білім, денсаулық, спорт, этномәдени орталықтардың, әлеуметтік қорғау басқармаларының, «Жаңғыру жолы» аймақтық штабы өкілдерінің және т.б. қатысқан болатын.

Бір айта кетерлігі, биылғы «Волонтер жылы» шеңберінде жыл басынан бері ұйымдастырылып келе жатқан іс-шаралардың барлығы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығымен ұштастырылып, елімізде қоғамдық келісім мен бірлікті одан ары нығайтуға бағытталған. Ашық есік күніне қатысқан «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ерлан Құсайын өз сөзінде биылғы 2020 жыл – ерекше мейрамдарға толы жыл екендігін айта өткен. Өйткені биыл ғұлама ойшыл Әл-Фарабидің 1150 жылдық, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық, Қазақстан халы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойлары тойланып, түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыру қолға алынып жатыр. Бүгінде Қарағанды облысында 90-нан аса волонтер қозғалысы жұмыс істейді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының волонтерлар қозғалысы жылдың төрт мезгілінде азаматтарға көмек қолын созуды әсте тоқтатпайды. Қыс кезінде кей жылдары толассыз жауған қардың салдарынан коммуналдық қызметкерлерге тәулік бойы жұмыс істеуге тура келетіні баршамызға мәлім. Қарағанды облысының Ассамблея волонтерлері және «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының аймақтық штаб мүшелері елдегі көшелердегі қар тазалау бойынша ұйымдастырылған жалпыұлттық акцияға қатысып, коммуналдық қызметкерлердің атқаратын ауыр жұмыстарын аздап болса жеңілдетуге өз үлестерін қосқан. Оған қоса, мұндай игі шаралар адамдарды бір-бірімен жақындастыра түсетіні де бар.

2.jpg

Елімізде наурыз айының ортасынан бастап жарияланған төтенше жағдай кезінде елдегі волонтер жастар алғы шепте жүргені рас. Солардың бірі – Ассамблея жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы өңірдік штабының мүшелері мен ерікті жастар. Олар әз-Наурыз мерекесі күндері шаһар көшелерінде өтіп жүрген адамдар мен қоғамдық көлік жүргізушілеріне медициналық бетперделер таратыпты. Ал бұл маскаларды облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің әйелдері тіккен екен.

Елімізде орын алатын қуанышты күндермен қоса, қиын-қыстау кезеңдерде де волонтер жастар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, көмек қолын созып келеді. Мұндай өтпелі уақытта бастамашылық танытуды әдетке айналдырған ерікті жастар отандастарына жәрдем беру дәстүрін ары қарай да жалғастыруды мақсат етеді.

Жалпы «Ерікті» сөзі қазақ жұртында бұрыннан бар. Жұртшылықтың жылы лебіздерін алып, қайырымды істің жаршысы бола білген волонтер-азаматтардың қатары жыл сайын артып келеді. Бұл – өте қуантарлық жағдай. Мұндай игі бастамалар адамның бойында жауапкершілік, ынтымақтастық, бір-біріне көмек қолын созу сынды қасиеттерді қалыптастыруға септігін тигізеді. Қазақ халқының біртуар азаматы әрі Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы өзінің бір сөзінде жиырма жас тарихи ерліктер жасайтын шақ екенін айтқан болатын. Ал бұған қазақстандық жастар әрқашан әзір екеніне сеніміміз мол.

(Суреттер "Жаңғыру Жолы" жастар қозғалысының  өңірлік штабынан алынды)

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға