©Pixabay.com

Volkswagen концерні алғаш рет Қытайдағы зауытын жабады

Handelsblatt мәліметінше, Volkswagen Group автоконцерні өз тарихында алғаш рет Қытайдағы зауытын жабу туралы шешім қабылдады. Өндіріс жұмысы қазірдің өзінде тоқтатылған, ал өнеркәсіптік нысан жылдың екінші жартысында ресми түрде жабылады, деп жазады El.kz интернет порталы.

Әңгіме Volkswagen мен Қытайдың SAIC автокомпаниясы арасындағы бірлескен кәсіпорын туралы болып отыр. Бұл зауыт Нанкин қаласында 2008 жылы ашылған және жылына 360 мың көлік шығаруға қауқарлы болған. Соңғы жылдары ол тек жартылай қуатпен жұмыс істеп, негізінен Passat және Skoda Superb модельдерін шығарған.

Зауытты жабудың басты себебі - логистикалық қиындықтар. Кәсіпорын қаланың орталығына жақын орналасқан өнеркәсіптік аймақта тұр, бұл оның жаңғыртылуын күрделендіріп отыр. Осыған байланысты зауытты электромобильдер өндірісіне бейімдеу тиімсіз әрі тым қымбат болар еді. Сондықтан өндірісті тоқтатып, нысанды қалалық әкімдіктің балансына қайтару туралы шешім қабылданды. Енді өндіріс көршілес Ичжэнь қаласындағы басқа зауытқа көшіріледі.

Айта кетейік, мұндай шешімді Volkswagen бұған дейін де - 2022 жылы Шанхай маңындағы зауытта қабылдаған болатын. Алайда ол кезде зауыт толық жабылмаған.

Handelsblatt газеті Нанкиндегі зауыттың жабылуын Қытай автонарығындағы құрылымдық өзгерістердің символы деп бағалайды. Елде іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерге деген сұраныс төмендеп, қытайлық компаниялардың электрокар өндірісі күрт өсіп жатыр. Бұл неміс автоөндірушілерін бұрын-соңды болмаған қатаң бәсекелестікке душар етуде.

2024 жылы Volkswagen Қытайда 3 миллионнан аз көлік сатқан, бұл - 2012 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.