Волейбол: «Жетісу» клубы өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан Суперкубогын иеленді
EL.KZ Информационно-познавательный портал
«Жетісу» волейбол ерлер командасы өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан Суперкубогында жеңіске жетті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұған дейін клуб Астанада өткен ел Кубогында да жеңімпаз атанған болатын.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Оралда волейболдан ерлер командалары арасында ел чемпионатының ІІІ үлкен тур ойындары өтіп жатыр. «Жетісу» командасы биылғы Қазақстан кубогының иегері ретінде бірінші матчты былтырғы маусымның жеңімпазы «Жайықпен» өткізіп, 3:0 есебімен жеңді. Сөйтіп «Жетісу» командасы Қазақстан Суперкубогын иеленді. Оған қоса жетісулық волейболшылар чемпионатта турнирлік кестеде көш бастап келеді.
Жетісу жерінде жалпы волейболдың өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Бүгінгі жеңіс бір-ақ күндегі емес, талай жылғы еңбектің жемісі. Марат Адыршев волейболшыларды тұрақты жаттықтырып келе жатқанына он жылға жуықтап, осы деңгейге жеткізді. Ендігі меже - ел чемпионаты, сондықтан оған бар күшімізді саламыз. Биыл қыздарымыз да, ұлдарымыз да жеңіске жетіп, барша жетісулықтарды қуантып жатыр. Біз жеңісті жолға қадам бастық, енді нәтижемізді одан әрі де арттыра түссек дейміз. Осы тұрғыда облыс басшылығы бізге тиісті қолдау көрсетіп келеді, - деді өз сөзінде «Жетісу» волейбол клубының директоры Нияз Жантілеуов.
Еске салсақ, биыл «Жетісу» қыздар волейбол клубы өз тарихында бесінші рет Суперкубокты алды. Сол сияқты былтырғы маусымда қыздар командасы өзі қатысқан жарыстың бәрінде жеңіске жеткен болатын.

