Вице-премьер салық реформасының қауіпсіздігі туралы айтты
Серік Жұманғарин Қазақстанда салық реформасы неге ашық жүргізіліп, бизнес қауымдастықпен талқыланып жатқанын түсіндірді.
Қалай жүзеге асады?
Қазақстандағы салық реформасы ешқандай негізсіз болжамға немесе алып-қашпа сөздерге емес, нақты әрі жан-жақты есептерге, халықаралық тәжірибеге және саланың жетекші мамандарының жұмысына сүйене отырып жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Кепілдік берді
Министрдің айтуынша, реформаны үйлестіру мен оның сәтті жүзеге асуына ол жеке өзі жауап береді, ал әріптестері өзгерістерді енгізу аясында өз бағыттары бойынша жауапкершілік алған. Министр Үкімет экономикалық және қаржылық-саяси тәуекелдерді ескеріп отырғанын және күтпеген салдарлардың алдын алу үшін реформаны бір жыл бойы бизнес өкілдерімен және қоғаммен ашық түрде талқылап келе жатқанын атап өтті.
Халықаралық тәжірибе
Жақында біреу мені “салық реформасының әкесі” деп атапты. Болсын, солай бола берсін. Бізде бәрі ойдағыдай болады деп есептейміз, ешқандай “егер” дегенсіз. Мұндай салада ешкімнің тәжірибе жасауға құқығы жоқ. Бұл есеп, халықаралық тәжірибеге сүйену. Ең бастысы, бұл кофе қойыртпағына қарап бал ашу емес. Бұл жұмысты атқару кезінде салалық институттар мен осы бағыттағы ең үздік мамандар еңбек етті, - деді вице-премьер Үкіметтегі брифинг барысында.
Серік Жұманғарин салық мөлшерлемелеріндегі өзгерістердің әлемдік тәжірибеге толық сай келетінін де атап өтті. министрдің айтуынша, көптеген елдерде экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығын қоса алғанда, салықтар жыл сайын қайта қаралып отырады.

