Жаңалықтар

Вице-адмирал Жанұзақов сотталғанда қандай күйде болғанын айтты

Вице-адмирал Жанұзақов сотталғанда қандай күйде болғанын айтты
Фото: Видеодан кадр/Adal Adam 26.08.2024 01:18 426

ҚР Әскери-теңіз күштерінің вице-адмиралы Жандарбек Жанұзақов Adal ADAM youtube арнасына берген сұхбатында 2020 жылы сотты болғанда әділетсіздік туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мен сот үкімімен келіспедім. Дәлелдерімді ұсындым. Кінәлі емес екенімді айттым. Ақша алмадым, заң бұзбадым дедім. Соған наразылық ретінде 42 күн аштық жарияладым. Мені СИЗО қызметкерлері екі камерадан бақылап қарап отырды. 42 күн тамақ ішпедім, соның екі аптасында мүлде нәр татпадым. Су да ішпедім. 27 келі салмақ тастадым. Сосын прокурор, адвокат келді. СИЗО-ның бастықтарын да аядым, олар маған «бізді жұмыстан алып тастаймыз деп тыныштық бермей жатыр» деді. Сөйтіп 42 күннен кейін аштықты тоқтаттым», - деді Жандарбек Жанұзақов.

Вице-адмиралдың айтуынша, кемелерді жалға қою бойынша келісім-шарттың заңдылықтарын 5 ай бойы пысықтап, Қорғаныс министрінің орынбасары мен департамент басшылары, әскери прокурорға дейін қолдарын қойдырып, рұқсат алған. Бәрі заңды болса да өзін ғана айыпты ғып, сотты қылғанын жеткізді. Қорғаныс министрі, министрліктің заңгері араша түспей, тергеушілердің тәлкегіне тастап жібергенін де ашына айтты.

Мені әділетсіздікке төзе алмадым. Кінәсіз екенімді дәлелдеймін, не болмаса мен өлем дедім, - деп еске алды басына түскен қиын-қыстау кезеңді.

Айта кетейік, Жандарбек Жанұзақов ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болып тұрғанда 2020 жылы 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сот оны конкурс өткізбестен кемелерді байлау қызметтерін сатып алғаны үшін кінәлі деп тапты: бірінші сатыдағы үкімге сәйкес, вице-адмирал өз әрекеттерімен мемлекетке 30 млн теңгеге жуық шығын келтірген. Үкіммен келіспеген Жанұзақов 42 күн аштық жариялады. Ал 2023 жылы ақпанда Жоғарғы сот оған ақтау үкімін шығарды. Вице-адмиралға әскери шені, ордендері қайтарылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға