Коллаж El.kz

Витаминдерді қай уақытта және қалай қабылдау керек?

Қазіргі таңда көптеген адам витаминдерді дәрігер кеңесінсіз, өз бетінше қабылдайды. Бірі шамадан тыс ішсе, енді бірі қабылдау уақыты мен мөлшерін білмейді. Дәрумендерді дұрыс тұтынбау ағзаға пайдадан гөрі зиян тигізуі мүмкін. Витаминдерді қашан, қалай және қандай көлемде қабылдау керек? Бұл сұрақтарға нутрициолог маман Арайлым Мұратқызы мен дәрігер Наурыз Исаков жауап берді.

Дәрумендерді қалай дұрыс ішу керек?

Дәрігер маман Наурыз Исаков дәрумендер суда және майда еритін болып бөлінетінін, суда еритін түрлеріне С дәрумені мен В тобының дәрумендері жататынын атап өтті. Олардың ерекшелігі – ағзада жиналмауында және жылдам шығарылуында.

Бұл дәрімендерді тамаққа дейін немесе кейін және тамақпен бірге ішуге болады. Бірақ оларды судың көп мөлшерімен ішу керек, сол кезде ағзаға жақсы сіңеді. Майда еритіндерге А, D, Е және К дәрумендері жатады. Бұл дәрумендер көбіне бауырда жиналады. Олар тамақпен бірге жақсырақ сіңеді. Тамақтың пайдалы майларға бай болғаны жақсы, – дейді.

Сондай-ақ дәрігер таңғы ас кезінде темір, С дәрумені, В тобының дәрумендері, омега-3, йод, D дәрумені, К дәрумені немесе магний цитратты қабылдау керегін айтады.

El.kz

Кейбір нутрицевтиктер күш-қуат береді, сондықтан оларды таңертең ішкен жөн. Ал күндіз А, Е, С, D және К дәрумендерін, мыс, мырыш, омега-3 немесе магний цитратын тұтынған дұрыс, – деді.

Дәрігер маман кешкі ас кезінде С дәрумені, мырыш, селен және магнийді қолдану керегін тілге тиек етті. Өйткені бұл нутрицевтиктер тыныштандырушы әсерге ие.

Витаминді өз бетінше қабылдау қаншалықты қауіпті?

Нутрициолог маман Арайлым Мұратқызы қазіргі кезде дәрумендерді бейберекет қабылдаудың шырқау шегінде тұрмыз дейді. Өйткені БАД өндірісі түрлі-түсті қоспаларды ұсынады.

Маманның айтуынша, дәрумендерді бейберекет қолдану жеңіл қарайтын мәселе емес. Оның да сұрауы мен салдары бар.  

Әсіресе майда еритін витаминдер (A, D, E, K) қолдануда аса сақ болу қажет. Бұл дәрумендер ағзада жиналып, уақыт өте токсикалық әсер беруі мүмкін. Соның салдарынан бауыр, бүйрек, сүйек жүйесі зақымдалып, кальцийдің шамадан тыс жиналуы орын алуы ықтимал, – дейді ол.

Сондай-ақ жүкті әйелдерге А дәруменін (ретинол) артық қолдану ұрыққа кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Әсіресе жүкті әйелдер А дәруменіне абай болу керек (ретинол). Іштегі балаға кері әсерін беруі мүмкін.

Ал дәрумендерді қай уақытта ішу керегін науқастың анализдеріне, клиникалық көрсеткіштеріне қарап дәрігер ем-дом тағайындайтынын жеткізді.

pixabay.com

Бірақ бұл инстаграмдағы нутрициологтардың жазып жатқан бірнеше беттен тұратын дәрумендер тізімі емес. Бес препараттан артық жазатын дәрігерден күмәндану керек. Науқас қандай дәруменді қандай дәрілермен бірге қабылдап жүр – оны да дәрігер ескереді. Себебі кейбір дәрумендер дәрінің әсерін жоққа шығарып немесе кері әсерін беруі мүмкін. Сол себепті өз беттеріңізбен өздеріңізге дәрумен тағайындамаңыздар. Сіздер білметін және елемейтін көптеген кері әсерлері бар, – дейді нутрициолог маман.

Нутрициолог маман майда еритін дәрумендерді тамақпен бірге қабылдаған дұрыс екенін айтады. Ал темір секілді минералды ашқарынға ішкен жөн. Сонымен қатар шай, кофе сынды кофеины бар азық-түліктерді де темір препаратынан бөлек ішу керек екенін айтады. Оның да арасы екі сағат болу қажет.

Арайлым Мұратқызының айтуынша, қазір халық арасында витаминдерді шамадан тыс қабылдау мәселесі бар көрінеді. Оны бауыры токсикалық гепатиттен езіліп кеткен науқастарды көріп жүрген дәрігерлер растайтынын жеткізді.

БАД-тарды жөн-жосықсыз пайдалану бауырыңызды зақымдайды. Инстаграмда, тиктокта БАД-ты осынша тұтыну керек деген мамансымақтар бар. Дәрумендерге, шөптерге атүсті қарау салдарынан бауыр істен шығады, – деді маман.

Жақсы препарат жарнамаға мұқтаж емес

Нутрициолог маман Арайлым Мұратқызы инстаграм, тикток арқылы емделмеңіз. Ұсынған ем-домына басымен жауап беретін сауатты дәрігерге барған дұрыс екенін айтады.

©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Ол дәрігеріңіз ғылымға сүйенген, заманауи бағытты ұстанатын, дәлелді медицинаның өкілі болғаны абзал. Сонда артық дәрі, дәрумен қабылдамайтын боласыз.

Иммунитетке әсер ете алатын негізі факторлар:

  • салауатты тамақтану
  • сапалы ұйқы
  • белсенділік
  • уақытылы екпе алу, дефициттерді жабу.

Қалғаны – маркетинг. Шынымен дефициттеріңіз болса, оны дәрігер анализ арқылы анықтайды. Нақты қажет дәруменді, минералды жазады. Мысалы, сізде темір жетіспеушілігі болса, жоғарыдағы 3 пунктке 1-2 дәрілік препаратты қосады. Яғни, банка-банка БАД емес, – дейді маман.

 Дефициттерді толықтыру нақты бір шектеулі уақытпен, дозамен жүреді. Яғни, белгілі бір уақыт аралығында ғана емделеді. Үнемі қабылдап жүрмейсіз. Кейін салауатты тамақтанумен сол көрсеткішті ұстап тұрасыз.

Ағзаны қалыпқа келтіретін екі негізгі фактор бар, ол - ұйқы мен тамақ. Осы екеуінің сапасын арттыңыз. Ұйқы гигиенасы дұрыс сақталса, күйзеліске төзімділігіңіз артады. Салауатты тамақтансаңыз, теңгерімді баланс ұстасаңыз 90-95% жағдайда сізде дефициттер болмайды, – дейді нутрициолог маман Арайлым Мұратқызы.