Вирустарға қарсы сағыз ойлап табылды: оның құрамында не бар?
Пенсильвания университетінің Стоматология мектебінің ғалымдары жаңа емдік сағыз жасап шығарды. Ол тұмау мен ұшық секілді кейбір вирустардың әсерін жоюға қауқарлы, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Емдік сағыздың құрамы
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, вирустарға қарсы сағызды жасау үшін ғалымдар гиацинт бұршағын пайдаланған. Бұл өсімдік тропикалық және субтропикалық аймақтарда кең таралған, тағамдық әрі мал азығы ретінде қолданылады. Оның құрамында FRIL деп аталатын ерекше ақуыз бар. Бұл ақуыз вирустардың беткі қабатындағы күрделі қанттармен байланысып, олардың жасушаға енуіне кедергі жасайды.
Ғалымдар жаңа сағыздың тиімділігін зерттеу үшін бірқатар тәжірибе жүргізген. Салмағы 2 грамм болатын таблетка HSV-1 және HSV-2 секілді ұшықтың екі түріне, сондай-ақ тұмаудың А типіндегі H1N1 және H3N2 штамдарына қарсы сынақтан өткізілді. Нәтижесінде 80 мкг/мл концентрациядағы тазартылған FRIL ұшықтың екі түрінің 95%-ын бейтараптандырғаны анықталды. Ал 36,07-38,14 мкг/мл концентрация кезінде тұмау вирустарының 95%-ын жойған.
Басты артықшылығы
Зерттеушілердің айтуынша, вакциналар – вирустардан қорғанудың ең сенімді әдістерінің бірі. Дегенмен олардың қолданылуына кедергі келтіретін екі негізгі мәселе бар:
Дамушы елдерде вакциналарды сатып алуға қаржы жетіспейді.
Кейбір вакциналар қайта егуді талап етеді, ал адамдардың дәрігерге бірнеше рет баруға уақыты бола бермейді. Соның салдарынан вакцинация тиімділігі төмендейді.
Ал емдік сағыз бұл қиындықтардың көбін шешуі мүмкін. Оның басты артықшылығы – құрамында гиацинт бұршағы бар. Ол ақуызға, талшыққа, дәрумендер мен минералдарға бай өте құнды дақыл саналады. Африка мен Азия елдерінде әсіресе танымал.
Дегенмен мұндай сағыздың нарыққа қашан шығатыны әзірге белгісіз. Ғалымдар оның адамға қауіпсіздігін дәлелдеу үшін әлі де бірқатар клиникалық сынақ өткізуі қажет.

