Вьетнамда туристік кеме апатқа ұшырап, 34 адам қаза тапты
Вьетнамның солтүстігінде, Оңтүстік Қытай теңізіндегі әйгілі Халонг шығанағында туристік кеме апатқа ұшырап, салдарынан 34 адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Вьетнам ақпарат агенттігі (VNA) мәлім етті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылғы 20 шілдеде сағат 21:30-дағы (Астана уақытымен 19:30) жағдай бойынша іздестіру-құтқару қызметтері 34 адамның денесін судан алып шыққан. Тағы 10 адам аман құтқарылды.
Апатқа ұшыраған QN-7105 нөмірлі круиздік кемеде барлығы 53 адам болған: оның 48-і – турист, 5-еуі – экипаж мүшесі. Кеме кенеттен соққан дауыл мен қатты желдің салдарынан аударылған.
Оқиға тіркелген бойда Куангнинь провинциясының төтенше жағдайлар қызметі жедел құтқару операциясын бастаған. Алайда үздіксіз жауын құтқарушылардың жұмысын қиындатқан.
Порт әкімшілігінің мәліметінше, суға батқан кемеде болған жолаушылар Ханой қаласынан келген. Олардың ішінде ең үлкенінің жасы – 53-те, ал ең кішісі – 3 жаста болған.

