Велосипедпен серуендеу стресс деңгейін төмендетеді
Ресейлік клиникалық және спорттық психолог Наталия Зязина велосипед тебудің стресске қарсы тиімді әсерін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл спорт түрі циклдық қимылдарға негізделгендіктен, адамға медитацияға ұқсас күй сыйлайды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Биомеханикалық тұрғыдан алғанда, велоспорт – циклдық физикалық белсенділік түрі. Яғни бір қозғалыс айналымы үнемі қайталанып отырады. Бұл бүкіл ағзаның жүйелерін белсендіреді, жүйке мен психикалық шиеленісті теңестіріп, дене жүктемесінен кейін жағымды босаңсу сезімін тудырады, - деді маман kp.ru сайтына берген сұхбатында.
Зязинаның айтуынша, велосипед тебу адамды «ағын күйіне» (flow state) енгізеді, бұл кезде адам өз ойын, денесін және қозғалысын толық үйлестіреді.
Велосипед мінген адам өзін көлігімен және жолмен біртұтас сезінеді, уақыттың қалай өткенін байқамайды, қозғалыстан ләззат алады, - дейді ол.
Сонымен қатар, маманның пікірінше, велосипед тебу шыдамдылық пен өзін-өзі бақылау қабілетін дамытады. Әсіресе ақырын жүру медитация секілді әсер беріп, адамды тыныштандырады және стресс деңгейін төмендетеді.

