Екпе ектіру мәселесі дау болып тұр. Бір ғана Қазақстанда ғана емес әлемде вакцина салдыруға қарсылық көбейген. Оған дәрілік препараттарды салу кезінде болатын қайғылы оқиғалар себеп. Алайда ақхалаттылар ине егу барысында балалардың шетінеуі вакцинаның әсерінен емес деп сендіреді.
Дәрігерлер елімізде екпеден бас тартушылар көбейсе осыдан 30-40 жыл бұрын болған қызылша мен дифтерия инфекциялары қайта өршіп, жұқпалы індетпен күресу қиындай түседі деп дабыл қағуда. Сондықтан Қазақстан Респуликасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңына өзгерістер енгізіп, вакцинаны міндеттеп салдыру шарасы ұсынылған. Осы ретте, Еl.kz интернет-жобасы екпені күштеп салдыру адамның құқығын шектеу емес пе? Вакцина салдыру қаншалықты маңызды деген сауалдарға еліміздегі және шетелдік білікті дәрігерлердің пікірін алған болатын.
Әлемде оспа дертіне қарсы вакцина алғаш рет 1978 жылы шыққан. Бұл медицина саласының үлкен жаңалығы. Осы кезден бері бұл ауру атымен жоғалды. Адамзатты қынадай қырған эпидемияны ауыздықтаудың басқа әдісі әзірге жоқ. Вакцинаның көмегі түрлі індет тұрмақ, олардың аттарын да ұмыттырды. Кейбіріміз адам өміріне қауіп төндіретін көп аурудан хабарсызбыз. Бұл да осы екпенің игілігі.
Вакцина – инфекцияға қарсы тұратын микроорганизмдерден жасалатын препарат. Иә, ресми анықтама осындай. Ал оның адам ағзасына енгеннен кейінгі жұмыс істеу принципі өте қарапайым. Яғни, адам денесіне әлсіреген вирус немесе бактерия, олардың компоненттері енгізіледі. Сөйтіп иммундық жүйе табиғи түрде әрекет етеді, агрессорды есте сақтайды және келесі жолы ауру асқынған кезде оған тез әрі жеңіл жауап береді. Вакциналардың барлығы инфекциядан жүз пайыз қорғайды деп те айтуға болмайды. Бірақ бұл екпелердің қажеті жоқ деген де сөз емес: егер ауру пайда болса науқас оны оңай жеңіп шығуы үшін екпенің тигізер септігі мол.
(Суретте: Николай Брико)
Николай Брико, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген ғылыми қайраткері, РФ Денсаулық сақтау министрлігінің бас эпидемиологы:
– Вакцина – бұл жаппай эпидемиядан сақтанудың жалғыз жолы. Себебі, әлемде бұдан басқа әдіс табыла қойған жоқ. Бір ғана Ресей мен Қазақстанда ғана емес, вакцина салдыруға қарсылық барлық елге тән. Солай екен деп екпеден қауіп бар деген ойдан аулақ болғанымыз жөн. Себебі, вакцина ұзақ жылғы тәжірбиеден өткен, медицина саласында қол жеткен табыстардың бірі. Жұқпалы аурумен күресу, ғаламдық эпидемияны болдырмау үшін вакцинаны егу шаралары тыңғылықты іске асырылуы тиіс. Өйткені, екпе ектірмеген әрбір адам қоғамға үлкен өкініш әкелуі мүмкін. Әрине, қазіргі таңда вакцина салдырмай-ақ, дені сау болып жүргендер жетерлік. Бірақ он адамның біреуі екпе салдырмаса одан қауіп жоқ. Себебі, қалған тоғыз адам аурудан оқшауланған. Ал он адамның үш-төртеуі екпе жасатпаса онда үлкен мәселе пайда болып, балаларына вакцина салдыруға қарсылық танытып жүрген ата-аналар өзегін өкініш өртейтін күн тууы мүмкін. Елдің қаңқу сөзі мен сары басылымдардың «айғайлатып» берген ақпаратына сене бермей, ақпараттың дәлдігі мен анықтығына көз жеткізген дұрыс. Себебі, вакцинадан кейін өлген бала немесе үлкен кісі болсын оның ажал құшуының себебі арнайы сараптама негізінде ғана дәлелденіп, егер нақ вакцинаның әсерінен бақилық болған болса ғана ақпаратқа сенуге негіз болар еді. Десе де, мұндай жағдай әзірге тіркелген емес.
Екпе егу – қазақстандықтарды полиомиелит, қызамық, қызылша, дифтерия, көксау, тырысқақ, «В» гепатиті, туберкулез, эпидемиялық паротит сынды аурулардан сақтайтын ең ұтымды тәсіл. Бала дүниеге келе сала туберкулез бен «В» гепатитіне қарсы екпе салынады. Жаңа туған нәрестенің вакцинациядан кейінгі жағдайы нашарлап, түрлі реакция орын алады. Дегенмен, бұл құбылыстың әсері инфекциялардың залалынан әлдеқайда жеңіл көрінеді.
Борис Каральник, Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының қызметкері, медицина ғылымдарының докторы:
– «Вакциналар иммундық жүйеге күш түсіреді». Бұл иммунологиядан хабары жоқ адамдардың сандырағы. Шын мәнінде, адамның иммундық жүйесі 100 млн.бөтен антигендерге, соның ішінде жұқпалы ауруларға қарсы әрекет етуге дайын. Вакциналау нәтижесінде адам ауырып қалған уақытта бұл соққыны әлдеқайда азырақ сезінетін болады. Мысалы, көкжөтел жұқтырған жағдайда иммундық жүйе 350 антигеннің басып кіруіне жауап беруге мәжбүр. Ал адам осы ауруға қарсы вакцина алған кезде-тек екі-бес антигенге қарсы тұратын болады. Демек, иммундық жүйеге артық жүктеме жоқ. Кез-келген уақытта эпидемияға үнемі дайын болу керек. Табиғи шешек қазір жоқ, бірақ вирусты адам популяциясынан тыс алу мүмкіндігі жоқ деген сөз емес. Өйткені, маймылдардың шешегі жойылған емес. Сондықтан ауруды қоздырғыш АҚШ пен Ресейде үлкен тереңдікте жақсы қорғалатын жерлерде сақталады деген тұжырымды айтуға болады. Әлемнің үш елінде қалған полиомиелитті мигранттар әлемнің кез-келген еліне тасуы мүмкін. Тәжікстанда 2010 жылы мұндай жағдай 456 рет тіркелгені естен шықпауы керек. Жиырма шақты адам қаза тауып, ал аурудан аман қалғандардың бәрі мүгедек болды. Дәл осындай жағдай Қазақстанда сырттан келушінің салдарынан тіркелген болатын, көрші Ресейде 12 жағдай тіркелген. ТМД – ның тағы бір елінде – үш дерек бар. Тіпті егер ел полиомиелиттен еркін деп танылса да, алғашқы бес, мүмкін, одан да көп жылдар бойы вакцинация жүргізілуі тиіс.
Ал отандық дәрігерлердің заң шығарушы органдарға ұсынған өтініші мақұлданар болса екпе егілмеген балалардың балабақшаға баруы шектелуі мүмкін. Бұл Еуропа ендігіндегі көп мемлекетте бар жүйе.
(Суретте: Жандарбек Бекшин)
Жандарбек Бекшин, Қазақстан Республикасының бас санитариялық дәрігері:
– Қазақстандықтардың 95-96% екпе ектірген. Бұл жоғары көрсеткіш. Бүгінде медицина саласы қызметкерлерінің барлығы жұқпалы ауруларға қарсы вакцинаны салдырған. Өйткені, олар эпидемияны таратушы әрі тез қабылдаушы мамандық иелері. Сонымен бірге біз құзырлы органдарға вакцинаны міндетті салдыру туралы ұсыныс беріп қойдық. Әзірге, нақты шешім шыққан жоқ. Бұған не себепті барып отырғанымызды түсінетін шығарсыздар. Қазір жас ата-аналар балаларына вакцина салдыруды қаламайды. Олардың организмі көтермей қалуы мүмкін деп қауіптенеді. Әрине, мұндай үрейдің болғаны жөн. Себебі, саналы адам баласына және өзіне салынатын дәрілік препараттардың не екенін, оның пайдасы мен зияны жөнінде білгені, ізденгені жөн. Бірақ сол ата-аналар көбінде анықталмаған ақпараттарды негізге алып осындай шешім шығарғандарын айтады. Бұл жаңсақ пікір. Вакцина балаларға зиян келтіретін болса оны әлем елдері жаппай қолданбаған болар еді.
Вакцина тек жеке адамды ғана емес, айналасындағыларды да қорғайтын көрінеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, егер азаматтардың көпшілігі егілген болса (халықтың 75-94% - ы), ал қалғандары үшін ұжымдық иммунитет жұмыс істейді. Ал вакцинаның қауіпті болатын тұсы балалардың сырқаттанып тұрған кезінде екпе жасату. Мысалы, суық тиіп тұрған кішкентайлардың 5%-ның қызуы көтеріліп, кейбір кезде құрысуға әкеп соғады. Шын мәнінде вакциналар қызылша мен желден туындаған құрысулардың қаупінен едәуір жеңіл өтеді.
(Суретте: Динагүл Баешева)
Динагүл Баешева, инфекционист дәрігер, медицина ғылымдарының докторы:
–Біз – дәрігерлер, қазір біріктік, енді журналистер де біздің жағымызда болғанын қалаймыз. БАҚ-тағы сенсациялық ақпарат үлкен проблема болып табылады, тексерілмеген фактілер бойынша жалған ақпарат жарияланады. Бұл тұрғындар арасында екпеден бас тарту мен дүрлікпе тудырады. Сондықтан ақпараттың анық-қанығына жеткен жөн. Бірде телевизиялық бағдарламалардың бірінде маған 3 баласына да екпе жасатпаған келіншек «вакцина салдыруға ешқандай қажеттілік жоқ» деп өзінің уәжін айтқан. Кейіннен сол келіншек менің алдыма қайта келді. Балаларын жетектеп келіпті. «Дәрігер, балаларыма вакцина салыңыз. Қандай көлемде болса мен келісімімді беремін. Ең бастысы олардың өмірін сақтап қалыңыз» деп жалынған еді. Сол кезде БАҚ-тарды шақырып, «екпе ектірмеудің салдары мынадай болады» деп көрсетуге ар-намысым жібермеді. Жалпы, вакцинаның пайдасы көп. Ол адамның эпидемияға, қауіпті ауруларға ағзаның қарсы тұруын күшейтеді.
Вакцина егу мәселесіне қатысты дау кеше не бүгін басталған жоқ. Екпеге наразылық акциясын 1998 жылы Эндрю Вейкфилд бастаған болатын. Ол екпе жасатуды аутизммен байланыстырып, зерттеу жариялап, қызылшаға, қызамыққа және паротитке (барлығы бір шприцте) қарсы егуден кейін аутизмді жұқтырудың 12 мысалын келтірген-ді. Дегенмен, күдік расталмады. Бұл тәжірибе үшін АҚШ, Финляндия, Дания мен Жапония, Австралиядан 1,2 миллион бала тексерілген.
Айта кетейік, этикалық және діни көзқарастарына сәйкес иммундауға қарсылық танытатындар да бар. Мәселен, былтыр елімізде профилактикалық вакцинациялауға келісім бермеген 5750 жағдай тіркелген. Бұл бұған дейін болмаған көрсеткіш. Вакцинаға қарсылық, әсіресе Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе өңірлерінде өршіп тұр.
(Суреттер: ашық ғаламтор желісінен алынды)