Жаңалықтар

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Бүгін жарыс жолына кімдер шығады?

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Бүгін жарыс жолына кімдер шығады?
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 09.09.2024 09:10 598

Бүгін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ресми жарыстар басталады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Көкпардан 9 мемлекеттің спортшылары өзара мықтыны анықтайды. Бұл спорт түрінен барлығы 104 спортшы қатысады.Көкпардан бақ сынайтын құрамалар: Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия, Қытай, Моңғолия  және Түркия. Жарыс «Қазанат» ипподромында өтеді. 
 
Ал ипподром маңындағы этноауылда өтетін аударыспақтан 9 мемлекеттен, 64 спортшы тіркелді. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Венгрия, Қытай, АҚШ және Ресей. Қазақстан намысын Ермек Құралбай, Алмат Ләтіпбек, Дарын Өткелбай, Есімхан Рахматіллә, Сырым Ізбасаров және Біржан Қосалиев қорғайды. 
 
«Арғымақ» ат-спорт  кешенінде дәстүрлі садақ атудан жарыс басталады. 33 мемлекеттен 183 спортшы бақ сынайды. Қазақстан құрамасы сапынан 10 спортшы қатысады. Жарыс үш түрлі нысана негізінде өткізіледі. Олар – Пута нысанасы 70/60 метр (9 оқтан 7 мүмкіндік), Қалқан нысанасы 60/50 метр (7 оқтан 7 мүмкіндік), Жамбы нысанасы 30 метр (5 оқтан 5 мүмкіндік) және командалық жарыс (30 метр). 
 
Қазақ күресі Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Көшпенділер ойындарына қазақ күресінен 41 мемлекеттен 274 спортшы қатысады. Аталмыш спорт түрінен ерлер мен әйелдердің әрқайсы 8 салмақ дәрежесінде сынға түседі.
 
«Алау» мұз айдыны сарайында өтетін курашқа 27 мемлекеттен 106 спортшы қатысады. Аталған спорт түрінен балуандар ерлер арасында бес салмақта, әйелдер арасында үш салмақ дәржесінде белдеседі. Ел намысын 8 спортшы қорғайды. Олар – Ернұр Сүлеймен, Айбек Қазақбаев, Нұрдін Шаймерден, Бекадил Шаймерденов, Марат Байкамуров, Алтынай Нұрханова, Ажар Салықова және Альбина Бахиева. Айта кетейік, кураш спорты екі жарыс күніне бөлінген.
 
Саха халқының ұлттық спорты мас-рестлингтен  31 мемлекеттен 98 спортшы қатысады. Аталған спорт түріне Қазақстан ұлттық құрамасы атынан 8 спортшы сынға түседі. Олар – Темірлан Шамет, Асылмұрат Бірімжан, Владислав Герасимов, Бердіқұл Алтай, Еркебұлан Ерлан, Жансая Рахметуллаева, Тахмина Гожамбердиева және Ольга Душаева. Мас-рестлинг спортынан бәсеке екі күн болады.

Бүгін асық атудан сынға түсетін спортшылар да жеребе тартып, қарсыластарын анықтады. Олар да 9 қыркүйекте «Алау» мұз айдыны сарайында бәсекеге түседі. Асық атудан 12 мемлекеттен келген 39 спортшы өзара мықтыны анықтайды. Асық атудан ел намысын 8 асық атушы қорғайды. Олар – Нуркисса Молжигитов, Жомарт Нурланов, Керім Жаздықбай, Амандос Айткұлов, Перизат Елемес, Камила Даниярова, Сания Әскер және Көгершін Думан. Финалдық ойындар 11 қыркүйекте өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға