Жаңалықтар

V.Бұқар жырау

Айтар ойын бірде сынай, бірде ақылға шақыра алға тартқан жырау толғау соңында ашық ұсынады.
31.03.2014 09:45 13944

Айтар ойын бірде сынай, бірде ақылға шақыра алға тартқан жырау толғау соңында ашық ұсынады. Бұл реттегі:

«Өкпеңменен қабынба,

Өтіңменен жарылма,

Орыспенен соғысып,

Басына мұнша көтерген

Жұртыңа жаулық сағынба», – деген жолдар Бұқардың сөзге ділмар жырау ғана емес, ел тағдырына алаң данагөй, ішкі-сыртқы жағдайларды ақыл таразысына салып, елеп-екшеп отыратын кемел ой иесі болғандығын да айғақтайды.

Жыраудың осы толғаумен сабақтасып жатқан тағы бір туындысы– «Абылай ханның қасында...» деп басталатын толғауы. Бұл толғауда да жырау елге тыныштық қажеттігін алға тартады. Елдің өз ішінде де, сырттағы көршілермен де жанжал-ерегеске бой алдырмауға шақырады.

«...Сырдарияның суынан

Көлденең кесіп өтіңіз,

Үш жыл малды ту сақтап,

Жиделі-Байсын жетіңіз.

Кісісі жүзге келмей өлмеген,

Қойлары екі қабат қоздаған,

Қатын-бала қамы үшін

Солай таман жетіңіз», – деп, ұрыс-таластан аулақ болудың жолын да нұсқайды.

«Бұл жерде Бұқардың сақтандырып тұрғаны қандай жанжал?» – деген сұрақ төңірегінде ой жүгіртсек, оның жауабы да осы толғаудан аңғарылады:

«Өлетұғын тай үшін, Қалатұғын сай үшін Қылмаңдар жанжал-ерегес».

Шамасы, осы толғау айтылған тұста ел ішінде жерге қатысты дау-талас туындап, соңы ушыға бастаған болса керек. Даудың арты үлкен жанжалға ұласып кетуі ықтималдығын байқаған қарт жырау өз төрелігін осы толғауы арқылы салмақ сала білдірсе керек. Өйткені толғаудағы:

«Менің жасым тоқсан үш, Мұнан былай сөйлеуім Маған да болар ауыр күш», – деген жолдар соны аңдатады.

Жыраудың Абылайға арнаған толғауларының енді бір парасы адам өмірі, заман, ел тірлігі төңірегінде ой бөлісу, сыр ашу үлгісінде келеді. Мұндай толғауларында Бұқар Абылай ханға сыралғы серігіндей, сыры ортақ жолдасындай қарайды. Сол себепті өзінің өмір тәжірибесінде көзі жеткен шындықтарды түйіндей көрсете отырып, ойландыруды, тағылым етуді мақсат етеді. Бұған төмендегі үзіндінің өзі-ақ дәлел бола алады:

«Ай, Абылай, Абылай,

Қатын алма қарадан,

Қара тумас сарадан.

 Қатын алсаң қарадан,

Алды кетпес баладан,

Арты кетпес жаладан...

 ...Аталыдан би қойсаң,

Адаспас жол мен жобадан.

Атасыздан би қойсаң,

Босанбас аузы парадан...»

«Ай, Абылай, сен он бір жасыңда...» деп басталатын толғау да – жыраудың Абылайға арнаған ақыл-кеңесі, ұлағат-өнегесі сияқты әсер ететін шығарма. Жалпы мазмұнын екі бөлікке бөле қарастыруға болатын бұл толғаудың алғашқы бөлігінде Абылайдың он бір жастан елу жасқа дейінгі өмірі жырланып келеді де, елу бестен тоқсан бес жасқа дейінгі өмір көріністері Бұқардың өзінің танып-білгені негізінде сипатталады. Толғау түйінінің:

«Тоқсан бес деген тор екен,

Дәйім жаның қор екен,

Қарғиын десең екі жағы ор екен;

Найза бойы жар екен,

Түсіп кетсең түбіне,

Түбі жоқ терең көл екен,

Ел қонбайтын шөл екен,

Келмейтұғын неме екен», – деп аяқталуы да жайдан-жай емес. Қарт жырау өмірдің өткіншілігін меңзей отырып, сол өмірді жақсылық жолына арнау қажеттігін өнеге етіп отыр. Сонымен бірге толғаудың екінші бөлігінен жыраудың ішкі мұңын да аңғаруға болады. Бұл жағдай Бұқар жырау шығармашылығынан философиялық ой-толғамдар, дидактикалық ұлағаттармен қатар, лирикалық сарындардың да кездесетінін аңдатады.

Дәл осы лирикалық сарын айқын көрінетін толғауы – «Құбылып тұрған бәйшешек...» деп басталатын туындысы.

«Құбылып тұрған бәйшешек

Қурай болар солғанда,

Ақиық бүркіт төмендер

Екі қанат талғанда.

Сөге көрме, Абылай,

Мен пақырда сән бар ма,

Уақытым мұндай болғанда!» –

деп, өмірдің құбылмалығы жайындағы философиялық суреттер мен содан туындайтын лирикалық мұңды ұштастыра жеткізетін жырау содан кейінгі шумақта осындай ахуалдан Абылайдың да қашып құтыла алмайтынын меңзей келіп:

«Ханның жақсы болмағы –

Қарашының елдігі.

Қарашы халық сыйласа,

Алтыннан болар белдігі.

Жақсы жігіт ұл туса,

Патшадан болмас кемдігі...» – 

деп тағылымды өсиет ұсынады. Қарт жыраудың ұлағат етіп тұрғаны – хан мен қарашының ортақ ниетке жұмылуы. Мұндай бірлік болу үшін ел билеген ханның ел ішіндегі жақсылар мен жайсаңдарды құрметтей білуі, солармен тіл табыса білуі қажеттігін өсиет етіп тұр.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға