Қазақстан теннис федерациясы

«Үздік нәтиже көрсетуге тырысамыз»: Рыбакина АҚШ құрамасымен өтетін ойын жайлы

Қытайдың Шэньчжэнь қаласында теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы командалық әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогы алдында соңғы жаттығуларын пысықтап жатыр. 18 қыркүйекте қазақстандықтар ширек финалда АҚШ құрамасымен кездеседі. Бұл ойын екі команда арасындағы алғашқы ресми кездесу болмақ, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Осы орайда құраманың көшбасшысы Елена Рыбакина алдағы матчқа қатысты ой-пікірін ортаға салды.

Қазақстандық теннисшінің сөзінше, дайындық ойдағыдай.

Барлық турнирге бірдей дайындаламын. Америкада көп матч өткіздім, оның өз пайдасы бар. Нью-Йоркте аздаған жарақат алдым, сондықтан қалпыма келу үшін үзіліс алуға тура келді. Бірнеше күннен бері осындамыз. Алда әлі екі күн бар, сондықтан бәрі қалыпты, - деді Рыбакина. 

Қарсыластарға тоқталған теннисші АҚШ құрамасының деңгей өте жоғары екендігін айтты. 

АҚШ әлемдегі ең мықты командалардың бірі. Пегулаға талай рет қарсы келдім. Наварромен де оңай болған жоқ. Әрине, командалық жарыстың өз ерекшелігі бар, қысым да, психология да басқаша. Дегенмен бізде де мүмкіндік бар, үздік нәтиже көрсетуге тырысамыз, - деді Рыбакина.