Бүгін үздік ауыл әкімдері марапатталды. Республика бойынша 17 ауыл басшысы үздік деп танылды. Олар өздерінің ауылды көркейтуге, халықтың жағдайын жақсартуға арналған әлеуметтік жобалары арқылы іріктелген, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Конкурс қорытындысы бойынша Түркістан облысы Шардара ауданы Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Нұрсейітов «Үздік ауыл әкімі» атанды. Екінші орынды Павлодар облысы Успен ауданы Новопокровск ауылдық округінің әкімі Вячеслав Симоненко, үшінші орынды Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Айшуақ ауылдық округінің әкімі Оралбек Әбшанов иеленді.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Аблакет ауылдық округінің әкімі Арыслан Агланбеков – «Үздік шаруашыл әкім», Қарағанды облысы Нұра ауданы Баршын ауылдық округінің әкімі Зәуре Мұханалиева – «Ашық әкім», Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Шағалалы ауылдық округінің әкімі
Гүлмира Добромирова – «Үздік әлеуметтік жоба» номинацияларымен марапатталды.
Гүлмира Добромирова ауылда қараусыз қалып, қаңырап тұрған үш қабатты ғимаратты жөндетіп, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға беруді мақсат еткен жоба ұсынған. Егер жоба қолдау тапса, Шағалалыда 26 отбасы пәтерлі болмақ.
Ауыл әкімдерімен кездесуде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев үздік ауыл әкімдерін өз қызметінде халықтың сұранысына сай ашық, адал әрі әділ болудың маңыздылығына тоқталып аталған байқаудың ауылдарды дамытуға және осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға оң септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.
Сонымен қатар ауыл әкімдеріне Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында көшбасшылық, сөз сөйлеу, дағдарыстық коммуникация және тағы да басқа дағдыларын шыңдауға арналған арнайы тренингтер өткізілді.
Атап өтсек, конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен жүзге жуық ауылдық округтің әкімдері өтінім берген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қостанай облысынан 14 әкім, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарынан 12 әкім конкурсқа өтінім беріп, белсенділік танытқан.