Жаңалықтар

Үйінде тыйым салынған кітапты сақтаған тұрғынға айыппұл салынды

Үйінде тыйым салынған кітапты сақтаған тұрғынға айыппұл салынды
Фото: © El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 16.09.2024 06:34 392

Жамбыл облысының тұрғыны үйінде тыйым салынған кітапты сақтаған. Сот қаулысымен оған айыппұл салынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тұрар Рысқұлов аудандық сотында ауылдардың бірінің тұрғынына қатысты тыйым салынған әдебиеттерді заңсыз сақтау фактісі бойынша әкімшілік іс қаралды. 

Сот материалдарына сүйенсек, құқық қорғау органы қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу барысында 41 жастағы ер адамның үйінде діни кітапты заңсыз сақтау фактісін анықтаған. Бұл кітапты Қазақстан аумағында қолдануға және таратуға тыйым салынған. 

Сотта құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, үйінен табылған кітапты сақтағанын және оның тыйым салынған кітап екенін білгенін растады.

Ер кісі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 453-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған 258 мың теңге айыппұл салынды. Қаулы күшіне енген соң кітап жойылуға жатады.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.
 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға