Жаңалықтар

Ұялы телефонның балаға зиянды екені рас па

Ұялы телефонның балаға зиянды екені рас па
Фото: © iStock 08.12.2023 17:20 7074

Қазірде ата-аналар мен балалар үшін ұялы телефон – өмірдің қажетті элементі. Өмірімізді осы бір қалтафонсыз елестете алмаймыз. Өйткені ұялы телефон байланыс және ақпарат құралы ретінде өте ыңғайлы, қашан және қайда болса да сөйлесе беруге мүмкіндік береді. Ұшан-теңіз пайдасымен бірге бұл смартфондардың зиянды да жоқ емес.

Ұялы телефонның балаларға қандай зияны бар

Ұялы телефон балаларға ғана емес, ересектерге де зиян. Алайда баланың бас сүйегі ересек адамға қарағанда әлдеқайда жұқа. Сондықтан баланың сүйек кемігі электромагниттік сәулеленуді 10 есе көп сіңіре алады. Ал ұялы телефоннан электромагниттік өрістер бөлінеді. Жүйке және иммундық жүйелер радиациядан зардап шегеді. Соның кесірінен есте сақтау қабілетінің төмендеуі, назардың және көңіл-күйдің төмендеуі, бас ауруы болады. Ұялы телефонмен жиі және ұзақ сөйлесу миға зиян тигізеді. Есту қабілеті нашарлайды. Кішкентай экрандағы әріптерге жиі қарау баланың көру қабілетіне теріс әсер етеді.

ХХІ ғасырдың басында шотланд ғалымы Уильям Стюарт ұялы телефондардың микротолқынды сәулеленуінің әсерінен жауын құрттарының ақуыз құрылымы өзгеретінін анық көрсететін эксперимент жүргізді. Электромагниттік толқындар адам ағзасында жасушалық деңгейде өзгерістер тудыруы мүмкін екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденді.

Электромагниттік сәулелену барлық электромагниттік құрылғылардан бөлінеді. Оған микротолқынды пеш, компьютер, теледидар кіреді. Осы құрылғыларды біз тек белгілі бір уақытта ғана пайдаланамыз. Сондықтан айтарлықтай зияны болмайды. Ал ұялы телефон туралы әңгіме басқа. Бүгінде адамдар дәретханаға да ұялы телефонымен бірге кіреді.

Сондықтан, телефонмен сөйлесу ұзақтығын 2-3 минуттан асырмауға тырысыңыз. Сымсыз құлаққап арқылы сөйлесу оның зиянын айтарлықтай азайтады. Ұялы телефонның үй ішіндегі сәулеленуі ашық ауаға қарағанда бірнеше есе жоғары. Желі операторын іздеу кезінде телефонның сәулеленуі күшті болады. Сондықтан қоңырау түскен бойда құлағыңызға тоспаңыз.

Телефонды қалтаңызда немесе мойныңызда емес, сөмкеде, рюкзакта алып жүріңіз. Ұялы телефон сізден кемінде 50 см қашықтықта болуы керек. Байланыс нашар ұстайтын жерлерде телефонды пайдаланбаңыз. Әдетте лифт, көлік, жерасты автотұрақтары, ауылдық жерлер, метрода желі нашар ұстайды. Осы кезде ұялы телефонның сәулеленуі бірнеше есе артады.

Балаңыз телефоннан аулақ болсын десеңіз

Ата-ана ұялы телефонды үнемі қолында ұстаса, фотосуреттерді немесе поштаны қараса, баланың телефонға қызығушылығы ауады. Ол үшін өте қызықты ойыншық сияқты көрінеді. Бірақ ұялы телефон бала үшін тым зиянды болуы мүмкін. Балаңыз үнемі телефон сұрайтын болса, «ұшақ» режимін қосып қойыңыз.

Балаңыздан хат-хабар алып тұру үшін телефон қажет болса, қарапайымын сатып алып беріңіз. Әртүрлі ойындар мен қосымшалары бар қымбат телефон баланың уақытын ұрлайды, сабақта ойы бөлінеді.

Ғалымдар 8 жасқа дейінгі балалар ұялы телефонды пайдаланбағаны жөн деп ескертеді. Телефонның сәулеленуіне байланысты ми ісігінің пайда болу қаупі өте жоғары.

Балаға мынадай дағды қалыптастырыңыз:

Электронды хабарламаларды компьютер арқылы жіберу;

Қоңыраулар кезінде динамик қосу;

Телефонды мүмкіндігінше аз қолдану.

Балалар дәрігерлері мен психологтар өсу мен жетілу үстіндегі баланы физикалық жағынан белсенді өмір салтына бейімдеу пайдалырақ екенін айтады. Спорт саласына қызықтыру телефонға тәуелділік сияқты зиянды әдеттен сақтайды. Мамандар зиянды дүниелер баланың қолында жүргенде бейқамдық танытпауға кеңес береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға