Жаңалықтар

Үй болу оңай ма?

Үй ұстау, бала тәрбиелеу, қонақ күту...
Үй болу оңай ма?
Фото: © El.kz 28.11.2021 22:51 47967

 

«Үйлену оңай, үй болу қиын». Бұл бұрыннан келе жатқан ұстанымның бірі. Иә, расымен де үйлену оңай болғанымен, үй болу қашанда қиынырақ. Өйткені шаңырақ көтеруге бел буған жастарға ең әуелі жауапкершілік қажет. Махаббатпен, сезіммен жұптасқан жастардың өз отауын ұстай білуі хақында Жамал Байжанованың «Қызым, саған айтам...» атты еңбегіне сүйене отырып, толығырақ тарқататын боламыз.

 

Үй ұстау, бала тәрбиелеу, қонақ күту — әйел адамның үлесіне тиген үлкен шаруа. Үй ұстау деген сөзді алдымен жазып отырған себебіміз — соңғы екеуі осыдан туындайды, яғни үйді дұрыс ұстай білмеген әйел бала тәрбиелеп те, қонақ күтіп те жарытпайды. Үйді таза ұстау, сәндеп жинай білу деген үлкен өнер. «Денсаулық – зор байлық» дейді халқымыз. Адамның дені сау, жұмысқа қабілетті болуы ең алдымен үйдегі тұрмыс жағдайына байланысты. Шаң-тозаң, кір-қоқысты жерге микроб ұялайды. Ол микробтардың ауру тарататынын біз білеміз. Үй ішін, ыдыс-аяқты, ауланы таза ұстау семья мүшелерінің денсаулығын сақтайды және үй иесінің мәдениеттілігін көрсетеді. Сондықтан, отау болып шаңырақ көтерген күннен бастап тазалық мәселесіне айрықша көңіл бөліп, үйді белгілі санитарлық-гигиеналық талапқа сай ұстауға тырысу керек.

 

Адамның денсаулығына қажетті жағдайлардың бірі таза ауа десек, екіншісі — күннің ультракүлгін сәулесі. Үй ішінде осы екеуі жеткілікті болуы үшін күннің жылы кезінде терезені ашып қойған жақсы (егер терезе жабық тұрса, күннің ультракүлгін сәулесі — шыныдан өте алмай қалады). Ал қыстыкүні мезгіл-мезгіл терезенің желдеткішін ашып, үйдің ішіне таза ауа жіберіп алу керек.

Үй болу оңай ма?

 

Үйдің іші дымқыл тартпай, ауасы құрғақ болуы үшін кірді жаздыкүні далада, қыстыкүні ауыз үйде немесе ванна тұрған бөлмеде жуған дұрыс. Кір жуғанда және кір қайнатқан кезде терезені немесе терезенің желдеткішін ашып қою керек.

 

Күнделікті үйді жинаған кезде үйдегі шкафтардың бетін, стол мен орындықтарды, есікті, терезе жақтауларын, пешті, батареяларды құрғақ шүберекпен сүртіп, төселген алаша, кілем, тағы басқа осындай заттарды далаға шығарып қағып-сілкіп, еденді жуу керек. Үйдегі гүлге де су бүркіп, шаң-тозаңын кетіру қажет. Көп балалы үлкен семья тұратын үйді күнде жуады, ал шағын басты семья тұрған үйді аптасына екі рет жуып, жинастырса да болады. Еденді жуған кезде үй ішіндегі ағаш бұйымдардың астын және қағаберістегі қараңғы бұрыштарға дейін қалдырмай, бәрін де дымқыл шүберекпен сүртіп алған дұрыс.

 

Үйде толық тазалық сақтау үшін тек бір адамның ғана еңбектенуі жеткіліксіз. Оған семья мүшелерінің бәрі түгелімен қолқабыс еткені мақұл. Үй ішінде шаң-тозаңды көбейтпеу үшін даладан кірген адам сыртқы киімдері мен аяқ киімін дәлізде немесе ауыз бөлмеге шешіп, ішкі бөлмеге шәркей киіп келгені жөн. Жас балаларды да аяқ

 

киімін дәлізде шешіп қалдыруға әдеттендіріп, үйде киіп жүруіне шәркей әперіп қою қолайлы. Сондай-ақ, даладан шаң болып келген киімді үйдің ішіне қағып-сілкуге болмайтынын да естен шығармау керек. Үйге кірген бетте аяқ сүрту үшін есіктің алдына сулы шүберек төсеп тастаған дұрыс.

 

Күнделікті төсек-орның таза да жайлы болса, адам рахаттанып ұйықтайды. Сондықтан көрпе-жастықты оқтын-оқтын далаға жайып, қағып-сілкіп алу керек. Сонда көрпенің жүні, жастықтың мамығы түйіртпектенбейді, шаң-тозаңы кетеді. Матрац, кустосектерді де оқтын-оқтың далаға жайып алған жақсы.

 

Үйді жылына екі рет (көктемде және күзде) әктеу керек. Үйді әктер алдында оның ішіндегі заттарды тегіс аулаға шығарып, күннің көзіне жайып қоясыз да, әктеп болғаннан кейін қағып-сілкіп кіргізесіз, үйдегі ағаш бұйымдардың бәрін далаға шығаруға мүмкіндік болмаған жағдайда, оларды бір бұрышқа жинастырып, үстін бір нәрсемен жауып қоюға болады. Есік-терезенің перделерін сыпырып алып, егер кірлесе жуасыз, әйтпесе қағып-сілкіп, шаң-тозаңнан арылтасыз. Қабырғаға ұсталған кілемді де далаға жайып, қағып алу керек. Кітап, киім-кешек, ыдыс-аяқ шкафтарының іші-сыртын сүртіп, шаңнан тазартып алыңыз.

 

Үйді әктеп болғаннан кейін оның есік-терезелерін жуу қажет екендігі белгілі жағдай. Есік пен терезе жақтауларын сабынды сумен немесе кір жуатын содамен жууға болмайды. Өйткені, сабын мен сода майлы сырдың түсін бұзып, күңгірттендіріп жібереді. Сондықтан оларды мүсәтір спирті қосылған (1 литр суға бір ас қасық спирт есебінен) жылы сумен жуған жақсы. Жуып болғаннан кейін оларды таза шүберекпен әбден құрғатa сүртпесеңіз, есік-терезелерде жолақтанған сары дақ қалады.

 

Терезенің әйнегін алдымен құрғақ шүберекпен сүртіп, шаңын кетіріп аласыз. Одан кейін мүсәтір спирті қосылған сумен (1 стакан суға 0,5 шай қасық спирт) жуасыз. Тым қатты кірлеп кеткен әйнекті әуелі сабынды суға батырылған жұмсақ шүберекпен сүртесіз де, одан кейін суға езілген борды (1 стакан суға екі ас қасық есебінен) немесе тіс жуатын порошокты жағып қоясыз. Ол кепкеннен кейін әйнекті газетпен яки басқа бір жұмсақ қағазбен сүртіп, тазартып аласыз. Егер терезенің шынысы кір болса, ол үйге күн сәулесінің түсуіне бөгет жасайды. Сондықтан, терезенің шынысын әрдайым таза ұстау керек.

 

Қыстыкүні терезенің әйнегіне мұз қатса, оған тұзды су жағу керек. Сонда оның мұзы ериді. Мұзы ерігеннен кейін әйнекті әбден құрғатып сүрту керек. Оған тағы да мұз қатып қалмас үшін бір шай қасық тазартылған скипидарға үш шай қасық глицерин, 5 шай қасық ұсатыған сабып қосып араластырасыз да, осы ерітіндіге кенептің қиығын батырып алып, әйнекті сонымен бірнеше рет сүртесіз. Бұдан кейін оны жұмсақ шүберекпен сүртіп құрғатасыз. Сондай-ақ, қыстыкүні әйнекке екі жағынан оқтын-оқтын глицерин жағып, жұмсақ шүберекпен сүртіп қойсаңыз, терезе терлемейді және оған мұз да қатпайды.

 

Үй ішін таза ұстаумен қатар онда адамның денсаулығына зиян келтіретін: қандала, тарақан, тышқан, егеуқұйрық, шыбын-шіркей сияқты жұқпалы ауру тарататын жәндіктерді де болдырмауға тырысу керек. Мәселен, шыбын-шіркей дегендер даладағы көң-қоқыстарға қонады да, олардың қанаты мен бауырына неше түрлі ауру тудыратын микробтар жабысады. Сондай үсті-басы лас шыбындар есік-терезе арқылы үйге кіреді де ыдыс-аяққа, дастарқан үстіндегі тағамдарға қонып, ауру тарататын микробтар жұқтырады.

 

Шыбынды құртудың негізгі жолы — тазалық. Үйдегі ас-судың қалдығын қақпағы бар шелекке салып, оны әр күні сыртқа шығарып (тиісті орынға апарып) төгіп тастау қажет. Үйге кірген шыбынды өлтіру үшін «дихлофос» аэрозолын шашып, есік терезені бір-екі сағат жауып қоя тұрсаңыз, шыбынның бәрі өліп, еденге түсіп қалады. Бұдан соң есік-терезені ашып тастап, едендегі өлген шыбындарды сыпырып алып отқа жағып жіберу керек. Дихлофос — улы зат. Оны үйдің ішіне бүркуден бұрын балаларды далаға шығарып жіберу қажет. Сондай-ақ, үйдегі шыбынды құрту үшін «мухомор» мен желімді қағазды да пайдалануға болады. Бірақ бұларды жас балалардың қолы жетпейтін жерге қойған дұрыс. Жазда үйге шыбын кірмеу үшін есік-терезеге дәке немесе жиі тоқылған шілтер ұстап қойған жақсы.

Үй болу оңай ма?

 

Аула ішін әр күні су шашып, сыпырып тұру керек. Қорадағы малдың қиын қақпағы бар тақтай жәшікке салған дұрыс. Жалпы, малдың қиын қорада сақтап отырмай, далаға алып шығып, күндегісін күнде кептіріп, тезек жасап алған жақсы, Әжетханаға жеті сайын хлорлы әк сеуіп немесе хлорофостың з проценттік судағы ерітіндісін шашып тұру қажет.

 

Үйде пайда болатын тағы бір зиянды жәндіктер тарақан мен қандала. Тарақанды кұрту үшін ең алдымен, үйде кешке қарай беті ашық ыдыста тамақ қалдырмау керек. Стол үстінде яки еденде тамақ қиқымдарын қалдырмай, әр күні кешке ас ішкен, ас пісірген бөлмелердің еденін сулы шүберекпен сүртіп алған дұрыс. Ал үйде қандала білінсе, оның ұялаған жерлеріне керосин мен скипидар қоспасын жағуға болады.

 

Тарақан мен қандаланы құрту үшін ұялайтын жерлеріне «Фосфолан», «Кабопин», «Хлоропин», «Неопин» дустарын себу немесе «Неофос», «ГІрима-71» аэрозольды препараттарды қолдану тиімді.

 

Улы химикаттарды өте сақтықпен пайдалану керек. Оларды қолдану тәсілдері өздерінің сыртында жазулы болады немесе арнайы қағазға жазылып, қорапшасының ішіне салынады. Химикатты қолданудан бұрын әуелі сол нұсқауды оқып алып, бұлжытпай орындау қажет. Мұндай химикаттар оталғыш келеді. Сондықтан оларды қолдану кезінде шылым шегуге болмайды. Химикатты қолданғаннан кейін қолыңызды сабындап жуып, бiраздан кейін терезені ашып, үйдің ішін де желдетіп алған дұрыс. Химикаттарды үйде балалардың қолы жетпейтіндей жерге сақтау қажет.

 

Адамға әр түрлі ауру жұқтыратын зиянды кемірушілердің бірі — тышқан. Үйде пайда болған тышқанды кішкене қақпанмен ұстап өлтіруге немесе оның ініне шынының сынықтарын толтырып, үстін лаймен яки цементпен бітеп тастауға болады. Тағы бір амал, тышқан мен егеуқұйрықты өлтіру үшін оларға уланған жем тастауға да болады. Ол үшін зоокумарин деп аталатын ақ түсті порошоктың 10 грамын 200 г ақ нан мен 10 г өсімдік майына араластырып аласыз да, оны тышқанның немесе егеуқұйрықтың жүретін жерлеріне шашып тастайсыз. Бұл улы препарат. Оны сақтықпен қолдану керек.

 

Үйді таза ұстаумен қатар оны дұрыстап жинастыра да білу қажет. Әрине, жастарға арналған отау үй оншалықты үлкен болмайды. 1—2 бөлме, көп болса 3 бөлме болар. Сол бөлмелердің ішіне қолда бар жиһаздарды дұрыстап қойып, сәндеп жинау — үй иесінің эстетикалық талғамына байланысты. Ең бастысы әр нәрсені өзінің орнын тауып қоя білу керек. Әр семья үйді күнделікті тұтынуына қажетті бұйымдармен жабдықтауға тиіс. Үйді әдемі көрсету үшін оның ішіне қымбат жиһаздар толтырып қоюдың қажеті жоқ. Үй деген оның ішіндегі жиһаздарының қымбаттығымен әдемі көрінбейді, қайта сол жиһаздардың әр семьяның шама-шарқына қарай алынып, дұрыс жиналуымен әдемі көрінеді. Қазіргі үй жиһазының негізгі түрі ағаш бұйымдар. Сондықтан үйге мебель сатып алу мәселесіне жете назар аудару қажет. Осы кезде «стенка» деп аталатын, яғни үйдің бір қабырғасын түгел алып тұратын құрмалы шкафтар бар. Ондай шкаф кең бөлмеге жарасады, ал тар бөлмені одан сайын тарылтып жібереді. Кейбіреулер үйінің тарлығына қарамастан «стенка» алады да, үйінде отыруға орын болмай қалады. Мұндай үй «стенкасы» әдемі болғанымен, адамның отыруына жайсыз, ағаш бұйымдар қоймасы сияқты көрінеді. Бөлмедегі ондай заттардың бәрі бір гарнитурадан болуы да міндет емес. Тек ағашы мен түсі жағынан бір-біріне сәйкес келсе жарасып жатыр.

 

Егер үйіңіз екі бөлмелі болса, оның біреуін ұйықтайтын бөлме, екіншісін ортақ бөлме етіп жабдықтайсыз. Егер 3 бөлмелі болса, оның үшіншісі — балалар бөлмесі ретінде жасаулануы тиіс.

 

Ұйықтайтын бөлмеге керует, киім ілетін шкаф, туалет столы, 2 орындық, шар ана сияқты ең қажетті бұйымдар ғана қойылады. Егер бөлмеңіз кең болса, екі керуетті қатар қойған жақсы. Егер бөлменің ені тар келсе, онда екі керуетті бөлменің қабырғасына тақап, ұзынынан қойған дұрыс. Шар айна мен туалет столын терезеге таяу, жарық жақсы түсетін орынға қойған жөн.

 

Егер бөлмеңіз тар екен, киім ілінетін, кір салатын шкафты қолдан жасатып, үйдің қабырғасына кіргізе орналастыру ыңғайлы. Биіктігі еденнен төбеге дейін жетіп тұратын мұндай шкафқа семья мүшелерінің бәрінің де киімін сыйғызуға болады. Оның бір бөліміне кітап жинап қоюға да келеді. Мұндай шкафтың қақпағын бөлменің қабырғасына түстес етіп, сырлап қояды. Егер шкафтың қақпағына айна орнатып қойсаңыз, тіпті жақсы.

 

Ортақ бөлме немесе зал деп аталатын бөлмеде семья тамақ ішеді, телевизор көреді, келген қонақтар отырады. Ал кейде үй иесінің жазу столы мен кітап қоятын шкаф та осы бөлмеде болуы мүмкін. Мұндай бөлмеде тамақ ішетін үлкен столды ортаға қойса, ол бөлмені тар көрсетеді және үй ішіндегі бала-шағаның жүріп-тұруына бөгет жасайды. Сондықтан ондай бөлмеге есік жаққа таман, қабырғаға тақап жиналмалы стол қойған жақсы. Әдетте столдың айналасына қойылатын арқасы биік үлкен орындықтар да бөлмені тарылтады, олардың орнына арқасы аласа, жеңіл орындықтар қойған дұрыс. Осылайша жинастырған жағдайда бөлме әжептәуір кеңірек көрінеді.

 

Екі бөлмелі пәтердегі ортақ бөлмеде семья мүшелерінің әр қайсысының жұмыс орны болуы қажет. Мәселен, терезе алдына шағын жазу столын, оған таяу қабырғада кітап сөресін орналастыру жөн. Сондай-ақ, осы бөлмеде балалардың ойнауына да белгілі бір орын қалдыру керек.

 

Үш бөлмелі пәтердің бір бөлмесі балаларға арнап жабдыкталады. Балаларға ең жарық та жылы, күнгей беттегі бөлмені берген дұрыс. Бұл бөлмені баланың жасына қарай жабдықтау қажет. Балалар бөлмесінде басы артық заттар болмауға тиіс, оның ішіндегі заттары неғұрлым аз болса, бөлме соғұрлым таза да, баланың ойнауына, сабақ оқуына т.с.с. оңтайлы келеді.

 

Балалар бөлмесіне баланың жасына қарай, өзіне лайықты ағаш бұйымдар қойылады. Тазалыққа, яғни мезгіл-мезгіл жуып, сүртіп тұруға қолайлы болуы үшін әдетте жас балаға арналған ағаш бұйымдарды нитро-эмальмен немесе түссіз лакпен сырлайды. Ең кішкентай баланың бұйымы — керует пен манеж. Бала өсіп, жүруге жарағаннан кейін оған кішкентай орындық пен стол керек. Мектепке дейінгі балалар үшін ең қолайлысы — қақпақты стол. Ондай столдың қақпағының астында ұсақ ойыншықтарын салып қоятын қобдишалары бар. Ал қақпағын көтеріп қойғанда оның қарамен сырланған ішкі беті бормен сурет салуға келеді. Столдың астында ірі ойыншықтарын салып қоюға арналған жылжымалы екі жәшігі болады.

 

Балалар бөлмесіне күн сәулесі еркін түсіп, жарығы мол болғаны жөн. Бөлменің қабырғасы, едені, ағаш бұйымдарына дейін ақшыл түсті болсын, Кешкілікте шамның жарығы да мол болып, бөлмеге бір қалыпты түсіп тұруы қажет.

 

Үйді сәндеп жиыстыруда терезе пердесі мен жұмсақ мебельдерді қаптайтын мата түсiнiң де мәні зор. Мәселен, бөлме ішіндегі бұйымдар бір-біріне үйлесімді болуы үшін диван, кресло және орындықтарды бір түсті матамен қаптаса, терезе пердесін сол бөлмедегі заттардың түсіне үндес келетіндей, басқа түсті матадан жасауға болады. Егер мебель ашық гүлді матамен қапталса, бөлменің қабырғасын гүлдеп боямау керек. Ал егер бөлме қабырғасы гүлдеп боялса, онда мебельдi бiрыңғай гүлсіз матамен қаптаған дұрыс.

 

Егер мебельдің ағашы қоңыр сырмен сырланса, оны күрең немесе қоңыр-қызыл түсті матамен, егер ағашының сыры ақшылдау болса, оны көкшіл-сұр түсті матамен қаптаған жақсы. Бөлме ішіндегі заттардың түсі бір-біріне үйлесіп келген жағдайда кейбір жеке заттардың, ашық түсті болғаны да жақсы, Мәселен, жасыл немесе сұрғылт түсті матамен қапталған диванның үстіне қызғылт-сары тысы бар жастық қойсаңыз, ол осы бөлмедегі заттардың түсін ашып тұрады.

 

Қазіргі мебельдермен қоса сатылып жүрген полировка жасалған столға тамақ ішкен кезде болмаса, жайшылықта дастарқан жауып қоюдың қажеті жоқ. Оның үстіне бір әдемі хрусталь, фарфор ваза яки күл салғыш қоя салсаңыз жетеді. Ал вазаның астына кішкентай ғана дөңгелек немесе төрт бұрышты гүлді салфетка қоюға болады.

 

Үйге сәндік үшін жиналатын фарфор, шыны ваза әр түрлі мүсіндер сияқтылар көп орын алмайды және де олар бөлменің сәнін келтіреді. Сонымен қатар олар үй иелерінің талғамын танытатын заттар. Әрине, мұндай нәрселердің шынайы көркем жасалғаны үйге көрік береді. Ал талғамсыз, нашар жасалған ала-құла нәрселер үйдің сәнін бұзады.Сондай-ақ, жақсы картиналар мен көркемдеп үлкейтілген табиғат суреттері жарасымды нәрселер. Мұндай суретті рамаға салып, қабырғаға іліп қойсаңыз, үйге ерекше жарасып тұрады. Вазаға салып қойған гүл шоғы мен үйде өсетін өсімдіктер де әрі сәнді, әрі денсаулыққа пайдалы келеді.

 

Жалпы, үйді жиһаздағанда бөлмедегі заттардың бәрі — мебель, люстра, кілем, картина т.с.с. бір-біріне үндес келіп тұруы қажет екенін естен шығармаған дұрыс. Әрбір жеке зат өзінше әдемі-ақ болуы мүмкін. Бірақ бөлмедегі басқа бұйымдарға үйлеспесе, оның әдемілігінен пайда жоқ. Бөлмедегі барлық бұйымдарыңыз бір-біріне үндесіп тұрған жағдайда ғана үйіңіз әдемі көрінеді.

 

Тағы бір назар аударатын нәрсе ыдыс-аяқ тазалығы. Кiрлі ыдысқа шыбын-шіркей, тарақан үймелейді де ондай насекомдар жүрген жеріне әр түрлі ауруларды микробтарын жұқтырып кетеді. Сондықтан, ыдыс-аяқты таза ұстауға ұмтылған жөн. Ыдыс-аяқ тазалығы бiріншіден денсаулыққа пайдалы болса, екіншіден, ыдыс иесінің мәдениеттілігін көрсетеді. Мәселен, бір үйге бара қалғанда дастарқан үстіне келген ыдыстар кіршіксіз таза болып, жарқырап тұрса, сол ыдысқа құйып берген асты сүйсініп ішесіз және сол үйдің әйеліне дән риза көңілмен қайтасыз. Ал егер барған үйіңіздің ыдыс-аяғы кір-қожалақ, дастарқан үстінде шыбын ызылдап жүрсе, ол үйдің асын ұялғаннан әрең ауыз тиесіз және сол үйдің әйеліне «шіркін-ай, осынша салақ боларсың ба?» деп, ішіңізден ренжіп отырасыз.

 

Ыдыс-аяқты тамақтан кейін жуып қою немесе ас құярда шаюмен қатар, оларды мезгіл-мезгіл тазалап, ажарын тайдырмай ұстай білу қажет. Әр түрлі ыдысты тазалау әдісі де әр алуан болады.

 

Мәселен, ас пісірген кастрюльді күн сайын тамақ ішкеннен кейін ыстық сумен жуып

 

қоясыз. Алайда, бiраз күндерден кейін магазиннен алғанда жарқырап тұрған алюмин кастрюльдің сырты күңгірттеніп, іші сарғайып, өңі кете бастайды. Мұндай жағдайда оны бұрынғы жалтыраған қалпына келтіру үшін ішін майда құммен ысып, сыртқы полировка жасалған жағын сабындап жұмсақ щеткамен жуу керек. Одан соң әуелі ыстық сумен, одан кейін суық сумен шайқап тастайсыз да, сыртын жылтырату үшін үгітілген бормен немесе тіс жуатын порошокпен ысып сүртесіз. Сондай-ақ, полировка жасалмаған алюмин ыдысты «Блеск», «Помоксоль», «Чистоль» порошоктарымен немесе «Бытовая», «Восточная», «Скайдра», «Универсальная-2» пасталарымен де тазартуға болады. Алюмин ыдысты сода, күл, мүсәтір спирті сияқты сілтілі заттармен жууға болмайды.

 

Сырлы (эмальды) кастрольді яки шайнекті сатып әкелгеннен кейін ішіне суды толтыра құйып, бір қайнағаннан кейін оттан алып, сол сумен қойып суытып алсаңыз, оның сыры шытынамай ұзақ ұстауға жарайды.

 

Сырлы кастрюльді сүт пісіргеннен кейін оның ішін қаспақ қалды дел қырмаңыз. Аздап нан содасы қосылған су құйып, қайнатып алсаңыз, түбіндегі қаспағы өзі қопсып түсіп қалады. Өте майлы ыдысты және ыдыс жуған шүберек пен щетканы аздап сірке суы қосылған сумен жусаңыз, оңай тазарады.

 

Никель жалатылған ыдысқа өте майлы тамақ пісіргеннен кейін оның майын кетіру үшін мүсәтір спиртімен немесе тұз қышқылының болмашы ерітіндісімен жуып, одан кейін қайнаған сумен шайқайсыз да, ұнтақталған бормен ысқылап сүртесіз.

 

Никель жалатылған ыдысты бір ас қасық сірке суына 1 шай қасық ас тұзын қосып, сонымен сүртсеңіз де жақсы тазарады. Кiрлеген шойын ыдыстарды елеп алынған майда құммен, түрпілі қағазбен ысып тазалап алып, одан кейін сода қосылған сумен жуу керек. Жаңа сатып алынған шойын табаны пайдаланудан бұрын әуелі оны «құстыру» керек. Ол үшін табаны қатты жанып тұрған отқа қойып, ішіне тұз салып өртеп аласыз. Тұз күйіп, қоңыр-қызыл түсті болған кезде табаны оттан алып қоясыз да, біраздан кейін сол тұзбен табаның ішін ыстықтай сүртесіз. Бұдан кейін табаның ішін өсімдік майымен майлап, духовкаға қойып, әбден қыздырып аласыз. Осылайша «құстырылған» табаға тамақ жабыспайтын болады.

 

Духовканың пайдаланылмаған жаңа қаңылтыр табасын күлмен, түрпілі қағазбен, сірке суымен немесе тұз қышқылының болмашы ерітіндісімен сүртіп ал. Одан кейін жуып, кептір де, ішін жұқалап өсімдік майын жағып, әбден майы түтіндеп біткенше ыстық духовкада қыздырып алады. Осылайша қыздырғаннан кейін май қабаты жұқа пленкаға айналады. Бұдан кейін ол қаңылтырды тот баспайтын болады және оның ішіне қамыр жабыспайды.

 

Плитаның үстінен ыстық ыдысты (кастрюльді, қазанды т.с.с.) кез келген шүберекпен немесе қағаз яки газетпен ұстап алуға әдеттенбегейсің. Ол — салақ әйелдің жұмысы. Ұқыпты әйелдер қалыңдау матадан тұтқыш тігіп, плитаның қасына іліп қояды да, қазанды оттан сонымен ұстап түсіреді. Тұтқыш дегеніміз екі-үш қабаттап фланельден яки басқа бір қалың матадан тігілген 4 бұрышты нәрсе. Оны екі қолға ұстау үшін екі бөлек етіп тігеді де, екеуін қосақтап бау тағып қояды. Қазанды яки кастрюльді оттан осы тұтқышпен ұстап түсірген жақсы.

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға