«Ұсыныстар әзірлеуіміз қажет». Тоқаев ЖИ-ды дамыту туралы айтты
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Астанада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті. Кездесуде адами капиталды жетілдіру және білім беру жүйесіне ЖИ технологияларын енгізу мәселелері қаралды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жиын барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес мүшелеріне ризашылығын білдіріп, мұндай пікір алмасудың маңызын атап өтті.
Кеңеске арнайы келіп қатысқан барлығыңызға алғыс айтамын. Бүгінгі басқосу «Білім беру саласындағы жасанды интеллект: мүмкіндіктер мен сын-тегеуріндер» тақырыбына арналды. Білім мен ғылым – стратегиялық сала. Сондықтан біз ең алдымен осы бағыттағы ой-пікірлерді талқылап, ұсыныстар әзірлеуіміз қажет, – деді президент.
Алғашқы жиынға Үкімет басшысы, бірқатар министрлер, сондай-ақ АҚШ, Қытай, БАӘ-ден келген сарапшылар, әлемнің жетекші университеттері мен технологиялық компанияларының ғалымдары қатысты.
Еске салсақ, Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мемлекет басшысының жарлығымен құрылған. Бұл – консультативтік-кеңесші орган. Оның негізгі міндеті – ЖИ дамуының ұлттық стратегиясын айқындап, жаңа технологияларды мемлекеттік басқару мен экономиканың негізгі салаларына енгізуді үйлестіру және стратегиялық құжаттарға ұсыныстар дайындау.
Кеңестің басты бағыттары – адами капиталды арттыру, ЖИ шешімдерін тәжірибеге енгізу, халықаралық тәжірибе алмасу және ұлттық саясатқа ұсыныстар әзірлеу. Сарапшылардың айтуынша, шетелдік мамандардың қатысуы Қазақстанға алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені игеріп, оны отандық цифрлық инфрақұрылымға бейімдеуге мүмкіндік береді.

