Жаңалықтар

Ұстаздар оқушыларды олимпиадаға қалай дайындап жүр?

Ұстаздар оқушыларды олимпиадаға қалай дайындап жүр?
Фото: жеке мұрағат 17.10.2024 10:03 153

Мұғалімдік парызын адал атқаруға барын салатын, өзіне де өзге де талапшыл ұстаз әр оқушыға дұрыс білім беріп, жетістікке жеткенін қалайды. Ұстазы шамшырағын жаққан бала өмірде өз орнын табады. Біз сөз еткелі отырған кейіпкер бүгінде біраз оқушының білім көкжиегін кеңейтті. Республикалық физика-математика мектебінің мұғалімі Дархан Қылышбекұлы оқушыларды физикадан әлемдік деңгейдегі олимпиадаларға дайындайды.  El.kz тілшісі тілдесіп, әңгімеге тартты.

Бүгінде Дархан Қылышбекұлының 40-тан астам оқушысы – халықаралық білім додаларының жеңімпазы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дарынды оқушыларды қолдау үшін халықаралық олимпиадалар жеңімпаздарына және оларды дайындаған мұғалімдерге сыйақы беру туралы арнайы тапсырмасы бар. Осылайша 2022 жылдан бері жетістікке жеткен оқушы мен мұғалімдер қомақты сыйақыға ие болып жүр.

Ұстаздар оқушыларды олимпиадаға қалай дайындап жүр?

жеке мұрағат 

«Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданған соң мұғалімдердің мәртебесі де арта түсті. Осынау қастерлі мамандықтың қадір-қасиетін түсінген ұстаз Дархан Шадықұл осыдан 10 жыл бұрын оқушыларды олимпиадаларға дайындай бастағанын айтты.

Ол кездері мен оқытушы болып жұмыс істемеген едім. Бірақ өзім 1989 жылы Мәскеу физика-техникалық институтын бітірдім. Мамандығым физик және математиканы да жақсы білемін. Сол уақыттарда байқағаным, Астанада физика мен математика олимпиадаларда орын алып жүрген балалар жоқ болатын. Әсіресе, халықаралық білім бәйгелерінде жүлделі болған оқушылардың аттарын да естімейтінмін. Осы олқылықты байқағаннан кейін, неге еліміздің атын шығаратын жастарды дайындамасқа деген шешіге келдім, – дейді ұстаз.

Алғашында ол оқушыларды жинап, мектептерден үйірмелер ашып, сабақ бере бастайды. Кейін өзінің «Квадрат» атты оқу орталығын ашқан. Бүгінде орталық Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жұмысын жалғастырып жатыр. Үш қалада жеті жылдан бері әртүрлі пәннен оқушыларды шыңдап, олимпиадаларға дайындап келеді.

Жеті жыл ішінде біз олимпиадаларға мыңға жуық баланы дайындадық. Оның ішінде, 40-тан астамы халықаралық олимпиадалардан орын алған жеңімпаздар. Бұл халықаралық олимпадалардың ішіндегі ең үлкені бірнешеу ғана. Физикадан және математика, химиядан халықаралық олимпиадалар бар. Одан басқа Азиялық, Еуропалық додалар, Жәутіков атындағы халықаралық жарыс осы Алматыда өтеді. Тағы басқа көптеген олимпиадалардан жүлделі болған 40-тан астам дарындарымыз бар, – дейді Дархан Қылышбекұлы.

Физикадан халықаралық олимпиадаға тек қана өзі дайындаған жеңімпаз оқушылардың саны 7-ден асады. Жыл сайын бір не екі оқушысы осы халықаралық олимпиадаға қатысады. Халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлерін дайындағаны үшін «Ел мақтанышы» сыйлығының бес дүркін иегері, жаттықтырушылар арасында Impact физика бойыншa халықаралық олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері, бұдан өзге оқу-ағарту министрлігінің алғыс хаттары мен марапаттары да бар.

Ұстаздар оқушыларды олимпиадаға қалай дайындап жүр?

жеке мұрағат

Өзім мұғалімдер арасында халықаралық деңгейде өтетін Impact олимпиадасына қатысып, бірнеше елден келген тәлімгерлердің ішінен екі рет күміс медаль алдым. Ал халықаралық олимпиадалардан орын алып жүрген оқушыларымның көбісі күміс және қола медальға қол жеткізгендер. 2022 жылы ең жоғарғы көрсеткіш көрсеткен оқушым Даниил Шатохин физика бойынша халықаралық олимпиаданың алтын жүлдегері атанды. Қазақстаннан осы олимпиададан бірнеше алтын алған оқушылар болды. Соның ішінде осы Даниил оқушым бар. Қазіргі таңда Даниил Америкадағы белді университеттің бірінде оқиды, – дейді Дархан Шадықұл.

2017 жылдан бастап жыл сайын Қазақстан құрамасының сапында халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, ел намысын сәтті қорғайтын бірнеше оқушы болғанын айтады. Олардың ішінде 2022 жылы алтын алған Даниил Шатохин, 2020-2021 жылы күміске қол жеткізген Р.Қалдыбаев, 2020 жылы қоланы еншілеген Т.Исмағұлов, 2019 жылы қоланы қанжығасына байлаған А.Байлин сынды дарынды шәкірттері бар.

Сондай-ақ біздің оқушыларымыз Азия, Еуропа, халықаралық Жәутіков олимпиадасы, Азия-Тынық мұхиты математикалық олимпиадасы, Жібек жолы халықаралық олимпиадасы, Иран геометриялық олимпиадасы және тағы басқа көптеген әлемдік жарыстарға қатысып, медальдарды жеңіп алды. 2023 жылы орталықтың оқушылары барлық олимпиадаларда 18 алтын, 16 күміс және 10 қола медальға қол жеткізді, – дейді тәлімгер.

Бұдан өзге Райымбек есімді оқушысы 2023 жылы математикадан халықаралық олимпиадада ел намысын қорғап күміс медаль, 2023 жылдың қараша айында Б.Алтай Иранда өткен геометрия олимпиадасында күміс медаль жеңіп алады.

2023 жылдың желтоқсанында екі оқушы Илияс Қазымбек пен А. Ақанов IJSO халықаралық жаратылыстану олимпиадасында Қазақстан құрамасында өнер көрсетіп, екі қола медаль, Жолжан Азамат информатика бойынша Еуразиялық олимпиадада қола жүлдегер атанады.

Сондай-ақ 2022-2023 жылдары 17 оқушы республикалық олимпиаданың финалдық кезеңінің жүлдегерлері атанып, 3 алтын, 10 күміс және 4 қола медаль жеңіп алады.

2021 жылы біздің 12 оқушы математика және физика бойынша республикалық олимпиаданың жүлдегерлері атанды. Бұл ретте алты оқушы еліміздің олимпиадалық резервіне түсті, оның 2-еуі математика және 4-еуі физика бойынша сынға түсті. Ал 2024 жылдың қаңтарында біздің бес оқушымыз математика, физика және информатика пәндерінен халықаралық Жәутіков олимпиадасына қатысып, 3 күміс және 1 қола медальға ие болды,– деді Дархан Қылышбекұлы.

Тәлімгердің тағы бір шәкірті 2024 жылы Иранның Исфахан қаласында физика пәнінен өткен халықаралық олимпиаданың IPhO қола медаль иегері Илияс Қазымбек бүгінде Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің 10-сыныбында оқиды.

Бұл баланың ерекшелігін айтсам, командада жыл сайын олимпиадаға қатысатын бес бала бар. Сол бесеуінің ішіндегі ең жасы – осы Ілияс. Ол биыл 9-сыныпты бітіріп, 10-сыныпқа өтті. Қалғандарының бәрі 10-11 сынып оқитындар. 9-сыныптан кейін осындай халықаралық жарыстарға қатысатындар өте сирек. Ілияс өте талантты бала, 7-сыныптан бастап физикадан жақсы дайындалып келе жатыр. «Квадрат» оқу орталығына қабылданған күннен бастап бірнеше олимпиадаға қатысып, жүлделі болды, – дейді.

Дарынды оқушысы келесі жылы да мұндай жарыстарға қатысады деп отыр. Бұдан да жоғары көрсеткіш көрсететініне ұстазы сенім білдірді.

Мұндай жарыстардан күміс, қола алып жүрген оқушылардың сөзінше, алтын алуға аз ғана талпыныс жетпей жатады. Қытай, Ресей, Румыния сияқты елдердей олимпиадаға жүйелі дайындалу керек және көп жағдайда техникалық құралдарды пайдалана отырып тапсырма орындау кезеңі қиынға соғатынын айтады. Бұл мәселені тәлімгердің өзінен сұрап көрдік.

Иә, бізде эксперименталды кезеңге дайындалу қиындау. Себебі Қазақстанның мектептерінде ондай зертханалар жоқ. Бар болса да, жоғары деңгейдегі лабораториялар емес. Өйткені халықаралық деңгейдегі есептерді шығару, эксперименталды турға дайындалу үшін басқа деңгейдегі ғылыми зертханалар қажет. Одан кейін мұндай кезеңге дайындайтын мұғалімдер де тапшы. Сондықтан біздің оқушылар кейде шетелге барып дайындалып келеді. Мысалы, Беларусияда осы кезеңге дайындайтын мықты мұғалімдер бар. Солардан үйреніп келеді. Ал бізде ондай жоқ. Бұл бір себеп, одан басқа да мәселелер бар, – дейді.

Тәлімгер оқушылар теориялық тұрғыдан ақсап жатады деп отыр. Сол үшін республикалық  құрамаға кірген кандидаттарды теорияға жүйелі түрде дайындау қажеттігін айтады.

Ұстаздар оқушыларды олимпиадаға қалай дайындап жүр?

жеке мұрағат

Дарынды оқушыларды жылына үш-төрт рет жинап есеп шығартып үйрету керек. Ал бізде дарынды жылына екі рет жинап, білімдерін тексереді. Оларға ештеңе үйретпейді. Сондықтан да оқушылардың алтынға сәл шамалары жетпей қалады. Олимпиадаға жүйелі түрде дайындайтын елімізде бірнеше тәлімгер бар. Дайындалатын балалар мектеп бағдарламасын да үйрену керек, оларды ешкім сабақтан босатпайды, олимпиадаға дайындала жүріп оқуын оқиды. Халықаралық жарыстарға қатысып жүргендерге ерекше жағдай жасалу қажет. Сабақтар мен жүкемелерден шамалы босатып, олимпиадаға көбірек дайындалу керек. Осының бәрі бір жүйеге келетін болса, балалардың көрсетіп жүрген деңгейі шетелден кем түспейді, – дейді Дархан Шадықұл.  

Айта кетейік, халықаралық жарыстарға оқушыларды дайындайтын «Квадрат» оқу орталығы оқушыларды 5 пән математика, физика, химия, биология және бағдарламалау бойынша олимпиадаларға дайындауда көшбасшы орталықтың бірі. Ондағы көптеген оқушылар  республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері атанды.

«Квадрат» оқу орталығы 2017 жылы құрылды, оқу орталығының негізін қалаушы Дархан Қылышбекұлы, оқу орталығының құрылтайшысы және олимпиадалық физика бойынша жаттықтырушы болып табылады. Білікті тәлімгердің олимпиадалық пәндерді оқытуда 10 жылдан астам тәжірибесі бар.

2021 жылы Дархан Шадықұл физикадан бүкілресейлік олимпиадалардың жүлдегерлерін финалдық турға дайындау үшін МФТИ-да көктемгі және жазғы олимпиада мектебінде сабақ өткізді. Орталықтың жаттықтырушылары сонымен қатар физика-математика бағытындағы жетекші мамандандырылған мектептердің олимпиадалық үйірмелердің мұғалімдері үшін назарбаев зияткерлік мектебі, республикалық физика-математика мектебі, физика-математикалық бағыттағы мектеп, сондай-ақ осы оқу орындарының оқушыларына арналған олимпиадалық жиындар өткізіп, оқушыларды дайындап тұрады.

Олимпиадаларға дайындалудан басқа, аталмыш оқу орталығы АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея, Қытай (Гонконг) сияқты елдердегі шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірушілерге консультациялық көмек көрсетеді. Оқуға түсуге құжаттарды дайындау, эссе жазу және тағы басқа мүмкіндіктер ұсынылады. Сондай-ақ халықаралық жарыс жеңімпаздары MIT, Rice University, Williams College, Vanderbilt University, New York University, HKUST, KAIST сияқты және тағы басқа әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына түсе алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға