Жаңалықтар

Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады

Ұстаздық қызметте – 25 жыл
Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады
Фото: жеке мұрағат 26.10.2022 14:01 3947

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Павлодар қаласының №16 мектеп-лицейінің мұғалімі Жанар Жақсылықова «Құрмет» орденімен марапатталды.

ХХІ ғасырда білім, ғылым, инновациялық игіліктерді меңгерген ел озады. Яғни, адами капиталды дамыту маңызды міндет саналады. Ал адами капиталды дамытуда білім беру жүйесіне күш түсетіні анық. Сондықтан отандық білім беру жүйесін жетілдіруде реформалар жүргізілуде. Осы салада 25 жылдық тәжірибесі бар, белсенді, беделді, білікті маманның бірі ретінде Жанар Жақсылықова мойындалды. 

Оның ұзақ жылдық еңбегі де лайықты бағаланып, 2018 жылы «ҚР үздік педагогы», «Педагогикалық идеялар панорамасы» атағына ие болды. 2020 жылы «Қазақстан мұғалімі», 2021 жылы «Global Teacher Prize», «Әлем мұғалімі» жаһандық және республикалық байқауының жүлдегері атанды.

Білікті мұғалім облыс, республикадағы ұстаздармен әріптестік орнатып қана қоймай, одан тысқары жерлерде де коллаборация орнатуға мүмкіндік болу керек деп санайды.

«Мұндай коллаборация мұғалімге өз тәжірибесімен бөлісуге және әріптестері мен кері байланыс алуға септігін тигізеді. Коллаборативті ортада оқу мен оқытудың өзекті мәселелері талқыланып, жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келеді. Ол мұғалімнің шығармашылық, сыни тұрғыдан ойлауын дамытады. Яғни, оқушыға оң әсер етеді», – дейді Жанар Жұмағұлқызы.

Елімізде оқушылардың функционалдық сауаттылығын, дарындылығын дамытуға көп көңіл бөлінуде. Енді ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар да өзінің қатарластарымен бірге оқи алады. Бұл олардың оқуын, әлеуметтік жағынан жетілуін және өзін-өзі бағалауын қамтамасыз етеді.

Бұл жұмыстарда білікті ұстаз Жанар жаңартылған білім беру бағдарламасын қолға алып, соның нәтижесінде жаңа идеялар мен тың бастамаларды жүзеге асыруда.

Мұғалім мұндай жетістіктер төккен тер мен еңбектің арқасы дейді.

«Бүгінгі мен жетіп отырған деңгей бұл тек менің ғана емес, әріптестерімнің, қолдау көрсететін ұжым мен әр кез жанымнан табылатын достарымның арқасы деп білемін. Ең бастысы ол білімге деген, оқушыға, жалпы осы қызметіме деген махаббат. Ұжымыма әрине, менің оқушыларыма алғысымды білдіргім келеді. Олардың энергиясы маған үлкен әсер етеді», – деп алғысын білдірді.

Жанар Жұмағұлқызының 4-сыныпқа арналған «Әлем танымы» электрондық оқулығы мен «Онлайн мектеп» білім беру платформасы сабағының авторы. 

«Елдің ертеңі білімді жастардың қолында болса, сол білімді ұрпақты тәрбиелеу білікті ұстаздар біздердің қолымызда екенін ұмытпайық. Білімді мұғалім – білімді шәкірт тәрбиелейтіні сөзсіз. Сол себепті, менің жұмысым – мен демалатын мекен», – дейді кейіпкеріміз.

P.S. Мұғалімдік – әлібетте қазір ресми мамандық. Сәл шегініс жасап, тарихқа, әлеуметттік дамудың сипатына көз салсақ, басқа дүниелерге көзіміз жетеді. Адамды анасындай аялаған, уақыттардан өткізіп, мәдени тұрғыда бүгінге жеткізген күштің ұстаздық екенін байқаймыз. Аристотель, Сократ, Әл-Фараби, Ыбырай, Ахмет сынды керуендей жалғасып, өзара үндескен осы ұлылар – ұстаздықтың биік өнегесі. Ұлылықтың, адамдық дәнін егудің ұлы үлгісі. Ұстаз – адамға рухани тірек. Қазіргі таңдағы оқушыларға Жанар сияқты жаңашылдыққа жол сілтейтін, ізденімпаз мұғалім керек.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға