Усман Дембеле «Алтын доп» иегері атанды
Париждегі Шатле театрында 2025 жылғы «Алтын доп» марапатын тапсыру салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
France Football нұсқасы бойынша беделді жүлденің иегері болып «ПСЖ» және Франция құрамасының шабуылшысы Усман Дембеле атанды.
Sportburo.kz жазуынша, Футболшы маусымды тарихи жетістіктермен аяқтады: Чемпиондар лигасын, Лига 1-ді, Франция Кубогын және Суперкубогын жеңіп алды, сонымен бірге әлемдік клубтық чемпионаттың финалына шықты. Дембеленің қоржынында – 35 гол және 16 нәтижелі пас, бұл оны марапаттың басты фаворитіне айналдырды. Ол ХХІ ғасырда Карим Бенземеден кейін «Алтын допқа» қол жеткізген екінші француз және тарихта осындай жетістікке жеткен алтыншы ойыншы атанды.
Өзі бұл жүлдені мансабының шыңы деп бағалады.
Бұл «ПСЖ»-мен өткен ғажайып жыл болды, өте көп нәрсе орын алды. Бұл трофей – мансабымдағы басты жетістік. Бірақ бұл марапат тек менікі емес – бүкіл команданың еңбегі, – деді Усман Дембеле.

