Жаңалықтар

Үсік шалса не істеу керек

Үсік шалса не істеу керек
Фото: © iStock 12.12.2023 13:30 2738

Қазір елімізде қыс қаһарына мініп тұр. Республиканың солтүстігінде тіпті аяздың беті қатты. Мұндай күндері далада ұзақ жүрмесеңіз де, үсік шалу қаупі бар. Ал үсік шалмас бұрын қандай ақпаратқа қанық болу керек?    

Суық күнде адамның қан тамырлары тарылады да, ағзада үлкен өзгерістер орын алады. Үсік шалу тері мен ағза мүшелерінің жасушаларын жою қаупі жоғары. Жоғарыда айтқандай далада үзақ қалмағанның өзі үсік шалуға әкелуі мүмкін.

Бет пен құлақ үсуі

Көп жағдайда бет, мұрын, құлақ ашық қалғандықтан үсік шалып жатады. Үсік шалған жер бірден ашып, шаншып бастайтынына мән беріңіз. Ал қызаруы қан тамырларының қосымша жұмысы дегенді білдіреді. Бірақ, бетіңіз қатты қызарып, тіпті күлгін түсті болып кетсе, немесе аппақ болып, қызғылт-күлгін дақтар пайда болса, тезірек жылынуыңыз керек. Бұл – үсудің белгілері.

Қол-аяқтың үсуі

Саусағымыздың шаншуы, ұюы үсіктің белгісі. Кейде қалың деген етігіңіз де, қолғабыңыз да қатты аяздан қорғамауы мүмкін. Саусақтар ылғал әсерінен де тоңатыны бар. Сол секілді қалың шұлық киіп, етікті тар қылу да үсуге алып келетінін ұмытпаңыз.

Үсік шалса не істеу керек

Далада ұзақ уақыт жүргендіктен, теріңіз қышып, шаншып, түрі өзгере бастаса үсік шалды дей беріңіз. Әрине, бұндай жағдайда жылы жер іздеген жөн. Үйге кіріп, жылы сусын ішіп, үскен жерлерді жылы сумен жылытқан абзал. Тек ыстық болмасын. Бірінші жуынғанда су температурасы 29-30°С болса, кейін 37-40°С арттырыңыз. Жеңіл массаж да қан айналымын реттейді. 15-20 минутта теріңіз жылымай, түсі әлі қызыл, күлгін болып қалса, теріңіз қатты ауырып немесе керісінше сезгіштігі азайса, ісіп, жаралар пайда болса, дәрігерге жылдамдатып көрініңіз.

Үсік шалғанда қандай қателіктер жібереміз

Теріні қармен уқалап жүрмеңіз. Бұл теріні одан әрі мұздатып, микро жарақаттарға ұшыратады. Теріні тым белсенді түрде уқалау, щетка, маталарды қолдану да дәл осындай жағдайға әкеледі.

Теріні ыстық сумен жуу  – қате. Суықтан ыстыққа лезде өту теріні одан әрі зақымдайды, қан тамырлары мұндайда шыдамай, жарылып кетеді. Қан айналымының қалпына келуі бірқалыпты болуы керек, керісінше жағдайда кейбір жасушалар қалпына келмей, некрозға шалдығасыз.

Теріге май мен түрлі мазь жағу да дұрыс емес. Себебі, тері ондайда дем алмай, қалпына келуі ұзарып кетеді.

Жалпы, үсіп қалғанды емдегеннен гөрі, оның алдын алған абзал

Аязды күндері сізге келетін ескерту хабарламалағра мән беріңіз. Далаға шықпас бұрын арнайы қыс мезгіліне арналған кремдер пайдаланыңыз. Олардың құрамында ланолин, какао немесе карите майлары, минералды май, өсімдік балауызы болады. Олар теріні көрінбейтін қорғаныс қабатымен орайды.

Бірнеше қабат әрі бос киініңіз. Тар киім мен аяқ киімді де мұндай күндері сөрелерінде қалдырған дұрыс. Қыстық аяқ киім сіздің өлшеміңізден үлкенірек болғанына мән беріңіз. Тауға, табиғат аясына қыдырып, белсенді спортпен айналысуға шыққан кездері (шаңғы, коньки, шана тебуге) арнайы термо іш киім, термо шұлық киген жөн. Заманауи синтетикалық маталар суды сіңірмей, суықтан қорғай алады.

Сол сияқты егер тоңа бастасаңыз бір орында тұрмай, жүріп, жүгіріп, жұдырықты жұмып-ашып, белсенді қимылға көшіңіз. Тіпті -10°С температураның өзінде далада екі сағаттан артық жүрудің қажеті жоқ.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға