©El.kz/Артем Чурсинов

Ұшақтағы орынды қалай таңдау керек? Маман кеңесі

Ұшақтағы орынды таңдарда бәрінің қалауы бір ­– көбірек кеңістік, тыныш ұшу және қонған соң тез шығу. Бірақ әуе сапары барынша жайлы әрі қауіпсіз өтуі үшін қай жерге отырған дұрыс? Сарапшылар не дейді?

Дәретхана жанындағы орыннан аулақ болыңыз

Тревел-саяхатшы Игорь Синельниковтың айтуынша, дәретхана маңындағы орын – ең қолайсыздардың бірі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бір жағынан жақын, баруға ыңғайлы. Бірақ іс жүзінде ол жерде адамдар үнемі қозғалыста болады: есік тарс жабылады, кезекте тұрғандар креслоңызға сүйенеді, ал дәретханадан жағымсыз иіс шығады. Мұндай жағдайда демалып, ұйықтау қиын, – дейді ол.

Салонның соңғы қатарынан да бас тартқаныңыз жөн

Синельниковтың айтуынша, артқы қатардағы орындардың арқалығы көп жағдайда артқа шалқаймайды, себебі кеңістік шектеулі.

Одан бөлек, дәл арт жақта дәретханалар орналасқандықтан, шу мен кезек сізге міндетті түрде әсер етеді, – деп толықтырды ол.

Бірінші қатардағы орын – артықшылық пен шектеу

Бірінші қатарда отырған жолаушылардың артықшылығы көп:

Олар бірінші болып тамақ алады және қонған соң ұшақтан бірінші болып шығады. Ал алдыңызда орындық болмағандықтан, ешкім креслосын артқа шалқайтпайды, – дейді Синельников.

Алайда мұндай орынның кемшілігі де бар:

Қол сөмкеңізді аяқ астына қою мүмкін емес, оны міндетті түрде үстіңгі жәшікке салу керек. Егер ұшу кезінде заттарыңыз қолжетімді болғанын қаласаңыз, бұл нұсқа сізге қолайлы болмауы мүмкін, – деп ескертті сарапшы.

Ұзын бойлы адамдарға арналған ең ыңғайлы орындар

Синельниковтың пікірінше, ұзын бойлы жолаушылар үшін ең қолайлы орын – апатты шығу есігі маңындағы қатар.

Бұл жерде аяқтарыңызды еркін созуға болады, бұл ұзақ ұшу кезінде нағыз құтқарушы. Бірақ есіңізде болсын: эвакуация кезінде өтпе жол мүлде бос болуы керек, сондықтан қол жүгін тек үстіңгі жәшікке қоюға тура келеді, – дейді ол.

Мұндай орынды таңдаған адам экипажға көмекші ретінде саналады.

«Төтенше жағдайда ауыр есікті ашып, басқа жолаушыларға көмектесуге дайынсыз ба?» деп сұрауы мүмкін. Сол себепті бұл орындарға балалармен жүргендерге, егде жастағыларға және физикалық тұрғыдан әлсіз адамдарға рұқсат етілмейді, – деп түсіндірді Синельников.

Терезе жанын сүйетіндерге кеңес

Тревел-блогер Наталия Ансталь фото түсіргенді ұнататындарға терезе жанына отыруды ұсынады.

Ұшуға дейін ұшақтың схемасымен танысып алған дұрыс. Кейде компания ұшақты ауыстырады, ал жаңа бортыңыздың құрылымы бастапқы нұсқадан өзгеше болады. Мұндайда адамдар терезе жанындағы орын броньдап, ұшаққа мінгенде – терезе жоқ екенін көреді. Бұл, әрине, көңілге қаяу түсіреді, – дейді ол.

Сондай-ақ блогердің айтуынша, кейбір үлкен әуе лайнерлерінде апатты шығу маңында терезе мүлде болмайды.

Ең жайлы орындарды қалай броньдау керек

Анстальдің айтуынша, ең ыңғайлы орындар ­– алдыңғы қатарларда немесе бизнес-класс артында, яғни аяққа кеңістік көп жерлерде орналасқан орындар.

Бұл қатарларда алдыңызда жолаушы болмайды, сондықтан ешкім креслосын артқа шалқайтпайды. Мұндай орындар тез өтіп кетеді, сондықтан онлайн тіркеу кезінде ертерек броньдаған дұрыс. Кейде авиакомпаниялар бұл орындарды әуежайдағы тіркеу үстелінде қосымша ақыға ұсынады. Ал кей жағдайда сәті түсіп, тегін де алуға болады, – дейді сарапшы.

Қысқаша айтқанда, ұшақтағы ең жақсы орын – сіздің қажеттілігіңізге сай келетін орын:

тыныштық па, кеңістік пе, әлде көрініс пе – бәрі өз талғамыңызға байланысты.