Жаңалықтар

Үш жылда үш қаза. Өткені де, болашағы да бұлыңғыр ауыр атлетика

Үш жылда үш қаза. Өткені де, болашағы да бұлыңғыр ауыр атлетика
Фото: Коллаж El.kz 30.01.2024 17:20 6923

Ауыр атлетикадан 2006 жылғы жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Вячеслав Ершов өмірден өтті. Бұл ақпаратты Қазақстан ауыр атлетика федерациясы растады. Осылайша айналдырған үш жарым жылда үшінші ауыр атлет өмірден өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әзірге зілтеміршінің өліміне не себеп болғаны нақты айтылған жоқ. Бірақ спортшының достары оның соңғы күндері ауыр халде ауруханада жатқанын мәлімдеген болатын.

Ершов 2013 жылы Майя Манезамен отау құрған. Екеуінің ортақ екі баласы бар.

Өкінішке қарай, айналдырған 3-4 жылда үш ауыр атлетімізден айырылып қалдық. Естеріңізде болса, 2021 жылы қыркүйекте Азияның, Универсиаданың чемпионы Альберт Линдер өз-өзіне қол жұмсағаны жайлы ақпарат спорт әлемін дүрсілкіндіріп еді. Ол кезде Семен бауыры Альберттің өліміне Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері Сергей Седовті кінәлаған. «Альберт допинг сынамадан өте алмай қалды» деген Седовтің сөзін де жоққа шығарып, бапкер мұны өзін ақтап алу және бауыры Владимирді жарысқа апару үшін әдейі жасады деген. Ол маманның спорттағы қысымды былай қойғанда, жеке өміріне дейін араласатынын айтқан. Осы жайттан соң Седов құрамадан шеттетілді.

Үш жылда үш қаза. Өткені де, болашағы да бұлыңғыр ауыр атлетика

Ал былтыр жазда дәл сол Владимир Седовтің денесі Қаратал ауданының Достық ауылындағы үйінен табылды. 94 келі салмақта өнер көрсеткен Владимир бір кездері еліміздегі ауыр атлетиканың жұлдыздарының бірі болғаны рас. Олимпиадада төртінші орынға табан тіреп, әлем және Азия біріншіліктерінде үздік шыққан. Алайда ВАДА 2019 жылы Седовтің Бейжің ойындарындағы сынамаларын қайта тексеріп, қан құрамынан тыйым салынған препаратты анықтады. Тиісінше 2008 бен 2016 жылдар аралығындағы барлық атақ-марапатынан айырып, сегіз жылға спорттан шеттетті. Осылайша оның спортшы ретінде де, бапкер ретінде де карьерасына нүкте қойылғандай. Ал бұл өзін спортқа арнаған жаннан бәрін тартып алғанмен бірдей. Шарасыздық шеңберінде шырмалған ауыр атлет өмірмен де қош айтысуды жөн көрген тәрізді.

Үш жылда үш қаза. Өткені де, болашағы да бұлыңғыр ауыр атлетика

Еліміздегі ауыр атлетиканың басы даудан шықпайтынына етіміз үйренген. Соңғы он жылдан астам уақытта допингпен ұсталған талай саңлақ барынан бір-ақ күнде қол үзіп қалып жатты. Бірақ медаль, чемпиондық атақтардан айырылу адам өмірімен салыстырғанда түк емес.

Қазақстанның ең танымал ауыр атлеті Илья Ильин әріптестерінің қазасынан соң бұл спорттағы біраз мәселесінің басын ашқан. Илья қиын-қыстау уақытта спортшыларға қолдау көрсететін ешкімнің болмайтынына күйінді.

Әлемдік ауыр атлетикада да, Қазақстандағы жағдай да өте ауыр. Бізде күрделі мәселелерді көрмейді. Біз бірге болуымыз керек. Адамдар айлықсыз, жұмыссыз отыр. Олардың жағдайына ешкім мән бермейді. Қолға алынса, шешілмейтін мәселе жоқ. Бір жерге барасың, сені жылы шығарып салады.

Ешкімге керек емессің. Отбасыңда проблемалар туындайды, себебі асырауың керек. Федерацияның өз проблемалары бар. Қолымнан келгенше жігіттерді қолдауға тырысамын. Жалғыз өзім не істей аламын? Қазір 30 шақты адам жұмыссыз отыр. Оларды не істейміз? Мәселе осында. Олар спортшыларды алып тастайды, әрі қарай тағдыры не болып жатқанынан ешкім хабарсыз, - деді зілтемірші.

Зілтеміршілердің өлімін қысымның көптігі, талаптың қаталдығы, бапкерлердің жеке мүддесін көздеуі және бір күнде ешкімге керек болмай қалу секілді себептермен түсіндіргісі келетіндер бар. Бірақ үш жылда үш спортшының бақилыққа аттануы мәселенің әлдеқайда терең жатқанын тағы бір аңғартқандай. Осылайша бұл қаза еліміздегі ауыр атлетиканың сүреңсіз келбетін кезекті рет көрсетіп берді. Осындайда өткені бұлыңғыр ауыр атлетиканың болашағына да күмәнмен қарайды екенсің.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға