Жаңалықтар

Үш жылда отандық киноға 17 млрд теңге бөлінген. «Қазақфильмнің» фильмдері неге сұранысқа ие емес?

Үш жылда отандық киноға 17 млрд теңге бөлінген. «Қазақфильмнің» фильмдері неге сұранысқа ие емес?
Фото: © Қазақфильм 21.08.2023 11:30 3398

 Қазақстанда жыл сайын Ұлттық киноны қолдау орталығы арқылы бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың қаржысына «Қазақфильм» 60 шақты фильм түсіреді екен. Өкініштісі, бұл кинолардан көпшілік бейхабар. Кинотеатрлардан көрсетілмейді, тек шетелдік фестивальдарға қатысып жататынын естиміз. Түркістандағы құрылтайда осы мәселені көтерген актер Азамат Сатыбалды жақында Қазақфильм» акционерлік қоғамының президенті болды. Енді жағдай өзегере ме деген үміт те жоқ емес. Осы ретте El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі кино саласының мамандарымен сөйлесіп, қазақ киносының болашағын сөз етті.

 2019 жылдан бері «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» арқылы бөлінетін қаржыға 115 туынды жарық көрген. Оның ішінде 48 толықметражды көркем фильм, 29 деректі фильм, 25 қысқаметражды фильм және 13 анимациялық фильм түсірілген. Қазіргі таңда 20 туынды әлі түсіріліп жатыр. 

Жақында «Қазақфильмге» басшы болған Азамат Сатыбалдының құрылтайда айтқан сөзін тағы бір еске түсіріп көрсек:

 «Қазақфильм мен Ұлттық кино қолдау қоры жылына 60 фильм түсіреді. Бірақ біз соның бірінде көрерменге жеткізе алмаймыз, көрсете алмаймыз. Бұл дегеніміз кинотеатр басқа жанрдағы киноларды алмайды. Егер кинотеатрда киномызды көрсете алмайтын болсақ, оған ақша бөлудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Егер киноға ақша бөлетін болсақ, альтернативті түрде коммерциялық бағыттағы киноларды жеке меншік кинотеатрлар көрсете берсін. Біз мемлекеттің тарапынан неліктен әрбір облысқа кинотеатрлар салмаймыз?, - деді Азамат Сатыбалды.

Сондай-ақ ол  мемлекет қарамағында 68 театр барын және мемлекеттің субсидиясына әр өңірдегі мәдениет үйінде кинозалдар ашу керегін айтқан болатын.

Қазіргі таңда бізде анимация өте жақсы дамып жатыр. Қаншама анимациялық фильмдер түсірілді. Соның барлығын балаларға көрсететін едік және 60 түрлі жанрдағы киноларымызды мемлекеттің қарамағындағы театрлардан көрсету мүмкіндігі пайда болатын еді. Оның бағасы сәл арзан болғаннан кейін қала тұрғындары өзіміздің ұлттық туындыларды және әртүрлі жанрдағы жоғары деңгейде түсірілген киноларға баратын еді, - деді актер.

 

Қазақ киносында қаржы тапшы

Кинорежиссер Батырхан Дәуренбеков кино саласында қаржы тапшы екенін айтып отыр. Бұл мәселе тікелей туындының сапасына да әсер ететінін естен шығармау керек деп санайды.  

Қазір «Қазақфильмнің» өзінде кино түсіретін қаржы жоқ. Қаржыны Ұлттық кино қорынан алады. Олар жыл сайын қаржы бөлу үшін кино кастинг өткізіп отырады. Таңдалған туындыға қаржы бөлемін дегенше жылдың жартысы өтіп кетеді. Сосын оны жылдың соңында тапсыру керек болады. Мәселе осында... Өте аз уақыттың ішінде сапалы фильмдер түсіріп шығару мүмкін емес. Мемлекеттік қаржы болғандықтан үнемі есеп беріп отыру керек, - дейді кинорежиссер.  

Ол  кино туралы заңға бірнеше өзгерістер енгізу керегін атап өтті. Өйткені елдегі кинотеатрлардың барлығы жеке меншіктің қолында болғандықтан көрсетілген фильмнің 50 пайызын өздеріңе алып қоятынын жеткізді. Мысалы, бір кино 200 миллион теңге тапса, оның 100 миллионын кинотеатрға беруге тура келеді. Сондықтан елімізде кино нарығы дамуы үшін мұндай ауқымды мәселені реттеу керек деп санайды.

Сондай-ақ кинорежиссер телеарналардағы туындыларға да қаражатты үнемдемеу керегін түсіндіре кетті.

Телеарналардағы тарихи фильмдерге 10-15 миллион теңге қаржы бөледі. Ал 15 миллион теңгеге не түсіруге болады? Сол жағында телеарна ойлануы керек. Қаржыларын 5 есе көбейту қажет. Сонда ғана түріктердің Ертұғрыл, Осман империясы секілді қоғамда сұраныс ие сериалдар түсіруге болады.. Ал еліміздегі телеарналарда ондай қаржы болған емес. Жақын арада болуы да мүмкін емес. Амал жоқ, біздің телеарналар түсіріп жатқан сериалдар сондықтан тым қарапайым болып шығады, - дейді Батырхан Дәуренбеков.  

Кинотанушы Дана Әмірбекованың сөзінше, елімізде фильмдерді, сериалдарды түсіруге қаржы бөлінгенімен, оны жарнамалауға қосымша қаражат қарастырылмайды. Бұл біздің кино нарығындағы ең әлсіз тұсымыз деп отыр.  

Мемлекет қаржыны фильмге ғана бөледі. Оның жарнамасына, дистрибьюциясына және прокатқа қаражат қарастырылмағандықтан көптеген жақсы фильмдер сөреде жиналып жатыр. Меніңше, осы тұрғыда Ұлттық кино қолдау орталығы жарнамаға да қолдау көрсету керек. Бізде мағыналы, терең ойлы керемет туындылар бар. Шетелдік фестивальдерде топ жарып жатқан салт-дәстүрімізді дәріптейтін жақсы шығармалар да жетерлік, - дейді кинотанушы.

Жақында шыққан Барби фильмінің жарнамасына оның түсіріліміне кеткен шығыннан 1,5-2 есе көп қаржы жұмсалған. Айналып келгенде ол қаржының барлығы еселеніп қайтарылды. Бүкіл әлем бойынша Барби трендке айналып кетті. Біздің де фильмдерді осындай жоғары деңгейде жарнамалау керек екенін жеткізді.  

Кино бизнестің бір көзіне айналған

Қазір қарап отырсақ, отандық кинематографияда түрлі саланың өкілдері жүр. Кәсіби актерлермен таласып рөл сомдап жүргендер де, қаржысы барлар продюсер, сәл икемі барлар режиссер болып кеткен.

Кинорежиссер Батырхан Дәуренбеков кино саласы үлкен бизнес көзіне айналғанын айтып отыр. Бірі бұл бизнесті дұрыс пайдаланып нарықта топ жарып жүрсе, енді бірі кино бизнесінде тоқырауға ұшырап жатыр.

Қазір кино саласы бизнеске айналды. Неге десек, көрермен әлеуметтік желі арқылы кім қандай кино түсірді? қанша ақша тапты? соның барлығын көріп отырады. Кино бизнеске айналғаннан бері артистер мен әншілер де бұл салаға келіп жатыр. Әрине, олар мықты режиссер, оператор мамандарымен жұмыс істейді. Ішінде пысықтары 100 миллион теңге салып, одан 4-5 есеге пайда көруге машықтанып алған, - дейді режиссер.

Бұл мәселе жөнінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы да пікір білдірген болатын.

Мемлекеттік тапсырысқа түсірілген фильмдердің көбі артхаус жанрында және көбінің бюджеті қомақты болады. Сол себепті олардың кинотеатрларда табыс табуы қиын. Ал біздің кинотеатрларда басымдылық арзан тұратын комедияларға беріледі. Себебі олардың өндірісі арзан және қаражат жағынан ақталып шығуы оңай, - деп түсіндірді орталық.

Киносыншы Гүлзат Көбек кәсіби маман ретінде отандық кинонарығы не ұсынады соны қараудан басқа амал жоқ екенін айтты.

Фильм авторлары, продюсерлер өздеріне әділ сұрақ қоюы керек. Кино нарығы үздік жетістікке жеткен елдердің өндіріс тәжірибесінен қандай механизмдерді меңгере алмай жатырмыз?! Кино саласындағы мамандарды кімдер оқытып жатыр?! Бағдарламалары қандай?! Кино нарықта неге прогресс жоқ?! Шығармашылық тұлғалар неге тәуелсіз емес?!  Кино өнерінде жүрген мамандардың өздері өзгермей, экрандағы туындыларының деңгейін ешқандай реформа өзгертпейді. Қанша қаржы құйсаң да, нәтиже бермейді. Прогресс ең бірінші санада жүру керек,- дейді Гүлзат Көбек.

Комедия – ең өтімді есірткі

Еліміздегі барлық кинотеатрларда көбінесе комерциялық промоушендердің түсіретін комедиялар сұранысқа ие, көрермені көп. Ал мемлекеттік тапсырыспен түсірілген кино көбіне архивте шаң басып қалып жатады. Осы мәселе жөнінде кино саласының мамандары талдау жасап көрді.

Нарықта барлық кәсіпкердің құқы бар. Өз істеріне өздері жауап береді. Шеңберден шығып жатса, заң бар. Кино өнер ғана емес, бизнес. Комедияға біздің қоғамда сұраныс бар. Адам өмірдің ащы шындығынан шаршағанда, көңілі сергігісі келеді. Бәрін ұмыту қажет. Комедия – бейнелі түрде айтқанда, ең өтімді есірткі, - дейді киносыншы.

Оның айтуынша, комедия жанрын түсіру қиын. Комедия арқылы  астарлы ой жеткізетін, сәтті шығып жатқан фильмдер бар. Рухани тоналып қалғандай күйде шығатын түкке тұрғысыз фильмдер де жетерлік. Бұл сол фильмді прокатқа кім ұсынып отыр, соның дүниетанымы мен деңгейін көрсетіп береді.

Бірақ өмір – күлкі мен өмірдің шындығынан қашудан тұрмайды. Біз өзіміздің жаратылысымызды, өзіміз өмір сүріп жатқан әлемді тереңірек танығымыз, бағытымызды білгіміз келеді. Ол үшін ой салатын ғылыми – танымдық  фильмдер де керек. Бізде ой салатын фильмдер түсіретін режиссерлар бар. Алайда олардың фильмдері прокатта неге өтпейді?! Себебі, тілі халыққа түсінікті емес. Ал тілі түсініктілерінің, идеясы қызықты емес. Жеткізу формасы мен тақырыбы өзекті емес. Өзектілігі жоғалған тауар өзі-ақ нарықтан жоғалып кетеді. Архивте шаң басқан фильмдердің тағдырын басқаша түсіндіру мүмкін емес, - дейді Гүлзат Көбек.

Батырхан Дәуренбеков те бұл пікірмен келісетіндей, себебі көрермен тарихи туындыға қарағанда комедияға жүгіретінін жоққа шығармауымыз керек деп отыр. Оның сөзінше, қазақстандық көрермендердің талабы өте жоғары. Олар тарихи туындыларды деңгейіне жеткізіп түсірмегеннен кейін қабылдай алмайды. Сондықтан комедияға баруды құп көреді. Қазіргі таңда көрермен кинотеатрға күнделікті абыр-сабырдан демалу үшін барады. Сол себепті жеңіл-желпі, басын қатырмай күліп ойнап қайту үшін ғана комедияны көретінін айтты.

Дана Әмірбекова комедия жанры тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде сұранысқа ие, өйткені ол төмен жанр деп есептейді.

Комедияны түсіру – ең арзан, ешқандай костюм, спецэффект, қиын түсірілімді қажет етпейді. Әсіресе, онсыз да  жұмыстан шаршап, жеке проблемаларымен қажып жүрген адамдар бір сәт болса да бәрін ұмытып, миларына салмақ түсірмейтін нәрсеге күліп, психологиялық тұрғыда рахаттанып қайтқылары келеді. Ал басқа жанрлар адамның жүрегін тебірентіп, ой-толғамдар тудырады. Өзіңнің шешілмеген проблемалары тұрғанда тағы экран кейіпкерлерінің проблемасын ойлап қынжылу ешкімге керек емес, - дейді ол.

Дубляж мәселесі

Соңғы кездері кинотеатрлардағы фильмдердің қазақ тілінде дубляждалмауы жиі талқыға түсіп жатыр. Кез келген фильмнің дубляжы өте маңызды. Фильмнің мазмұнын сапалы қабылдау тілге байланысты.

Орыс тіліндегі фильмдерді қазақша титрмен беріп жатады. Бұл көрсетілім барысында фильмді қабылдауға керісінше көп кедергі жасайды. Экранның төменгі жағында жүрсе де, фильмнің бейнелік қатарын қабылдау кезінде өте үлкен кедергі. Ойыңды бөледі. Шетелдік фильмдер де қазақ тілінде сапалы дубляжбен жүру керек. Кинотеатр жүйесінің талаптары болуы қажет. Біздің отандық актерлар дубляжды жақсы меңгерген. Солардың мүмкіндіктерін қолдану керек. Фильм экранда аудиториясына қарай не орысша, не қазақша таза жүруі тиіс. Негізі киноның тілі – сөзсіз беретін шеберлік. Бірақ ХХІ ғасырдың режиссерларының оған шеберлігі жете бермейді. Сол үшін дубляждың мәселесін шешу, дыбыссыз фильм түсірудің шеберлігінен оңайырақ деп ойлаймын, - деп қосты Гүлзат Көбек.  

Жақында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов кассалық фильмдер қазақ тілінде және көрерменге қолайлы уақытта көрсетілуі керек екенін мәлімдеген болатын.

Жыл басынан Қазақстанда бірнеше ірі кинопремьера өтті. Олардың кейбірі қазақ тілінде дубляждың болмауына байланысты көрермендеріміздің назарынан тыс қалды. Мен халықтың пікірін бақылап отырмын. Біз бұл мәселені ешқашан естен шығармаймыз. Кассалық фильмдер аудиторияға мемлекеттік тілде қолжетімді болуы керек. Мысалы, былтыр Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен көрермендердің қызығушылығын тудырған 3 кинопремьера қазақ тіліндегі дубляжбен шықты. Биыл біз мәдениет саласын дамытудың 7 жылдық тұжырымдамасын әзірлеп, Үкімет қаулысымен бекіттік. Енді жыл сайын кем дегенде 15 кинопремьераға қазақ тілінде дубляж жасалуы керек деген міндет қойдық,- деді Асхат Оралов.

Айта кету керек, Мәдениет және спорт министрі наурыз айында мемлекеттік тілге дубляж жасау үшін фильмдерді іріктеу ережесін бекітті. Министрлік алдағы бірнеше жылда жалпы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесін 30%-ға дейін жеткізуге ниетті. Бұл көрсеткіш кассалық шетелдік фильмдерге мемлекеттік тілде дубляж жасау арқылы да артуы тиіс.

Соңғы жылдары отандық дубляж саласы дамып келеді. Қазір мемлекет те, министрлік те сол мәселеге көп мән беруде. Былтырғы жылы бірнеше голливудтық блокбастерлер елімізде дубляждалды. Соңғы кездері дубляжбен айналысатын ресейлік компаниялар да қонысын біздің елге ауыстырды. Бұл біздің дубляж саласын жандандыруымыз үшін таптырмас мүмкіндік. Өзіміздің кадрларға қосымша табыс көзі пайда болды десек те болады.  Сондай-ақ биылдан бастап орыс тілінде түсірілген фильмдердің бәрін заң жүзінде қазақ тіліне аудару да міндеттелді, - дейді кинотанушы Дана Әмірбекова.

Министр Асхат Оралов тағы бір өзекті мәселе – қазақша дубляжбен шығатын картиналар сеансы әрдайым көрермендерге ыңғайлы уақытта қойыла бермейтініне тоқталды.

Бұл туралы да маған әлеуметтік желіде жиі жазады. Фильмді мемлекеттік тілде көргісі келетіндер көбінесе түнде киноға баруға мәжбүр. Бұл, әрине, дұрыс емес. Біз кинотеатрлардың жекеменшік кәсіп нысаны екенін түсінеміз. Дегенмен де мемлекеттік тұрғыдан біз дүниежүзі көретін кинопремьералардың қазақ тілінде және ыңғайлы уақытта көрсетілуін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Сондықтан жеке кәсіпкерлермен, кинотеатрлардың иелерімен осы бағыттағы жұмысты жандандыруымыз қажет,- деді ол.

Үш жылда 17 миллиард теңге бөлінді

 2019-2022 жылдар аралығында «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» кино түсіруге 17,4 миллиард теңге қаржы бөлген. Биыл 5 миллиард теңге қаражат аударылған, оның 1,7 миллиард теңге бөлінген 20 жобаның түсірілімі жалғасып жатыр. Ал 1,2 миллиард теңгесі «Қазақфильм» киностудиясының жобаларына және 2,1 миллиард теңге жаңа жобаларға бөлінген екен.

Бүгінде аталмыш орталықтың қолдауымен түсірілген 14 кино прокатқа шыққан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға