жеке мұрағат

Үш ұлттың салтын тоғыстырған шаңырақ

Оксана – қазақ, орыс және татар дәстүрін ұштастырып отырған көпұлтты отбасының анасы. Оның айтуынша, Қазақстан халқының бірлігі күні – тек күнтізбедегі мейрам емес, шынайы құндылықты еске салатын маңызды дата. El.kz тілшісі Оксананы әңгімеге тартты.

Біздің отбасымыз – көпұлтты. Жолдасым – Мирас қазақ, балаларымыз – Самина мен Бахтияр. Отбасымызда қазақ, орыс және татар дәстүрлері қатар сақталған. Бұл дәстүрлерді балаларыма жеткізу – мен үшін маңызды миссия, – дейді Оксана.

Бүгінде Мирас пен Оксана Калиакперовтар – үш ұлттың дәстүрлерін ұштастырып, бірлікте өмір сүріп келе жатқан үлгілі отбасы. Жолдасы Мирас – қазақ, Оксана болса жартылай татар, жартылай орыс. Бірақ олардың отбасы үшін ұлтқа бөлу деген түсінік жоқ. Әр мейрамда, әр дәстүрде бұл жұп өздерінің ұлттық ерекшеліктерін көрсетіп, көпұлтты мәдениеттің қайталанбас үлгісін көрсетеді.

Оның айтуынша, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні – жай ғана ресми мереке емес, бұл күннің мәні тереңде жатыр.

Үш ұлттың салтын тоғыстырған шаңырақ

жеке мұрағат 

Бұл күн бізге бірліктің, татулықтың, өзара түсіністіктің қаншалықты маңызды екенін еске салады. Тек отбасында емес, ұжымда да, қоғамда да ауызбіршілік болғанда ғана алға басуға болады. Бірлік дегеніміз – сыйластық, ортақ мақсат, сенім және жақсы болашаққа деген үміт, – дейді ол.

Оксана Қазақстандағы көпұлттылықты үлкен байлық деп санайды. Оның пікірінше, еліміздің басты ерекшелігі – әр ұлттың өз мәдениетімен бірге өмір сүре алуы.

Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Әрқайсысы өз дәстүрімен, тілімен қоғамға үлес қосуда. Біз мектеп қабырғасынан бастап достық пен татулыққа тәрбиеленеміз. Мәдени фестивальдер, достық үйлері, әртүрлі ұлттардың телеарнада көрініс табуы – мұның бәрі бізді жақындастыра түседі. Ал қарапайым өмірде – көршілермен араласу, бірге мереке өткізу, салт-дәстүр алмасу арқылы біз нағыз бірлік пен достықты нығайтамыз, – дейді Оксана.

Сондай-ақ ол халықтар арасындағы достықты бала жастан тәрбиелеудің маңызын ерекше атап өтті.

Достық өздігінен пайда болмайды. Оны бала кезден қалыптастыру керек. Әр мәдениетке деген құрмет пен қызығушылықты отбасынан бастау қажет. Біз фестивальдер өткізіп, достық орталықтарын қолдап, түрлі халықтардың дәстүрін дәріптеу арқылы бірлікті нығайта аламыз. Бірақ ең маңыздысы – күнделікті өмірде адамға құрметпен қарап, жымиып амандасып, түсінуге тырысу. Себебі нағыз достық қарапайым қарым-қатынастан басталады, – деді.

Оксана отбасында дәстүрді сақтауға ерекше көңіл бөледі.

Бізде қонақжайлылық – басты қағида. Үйіміздің есігі әрдайым ашық, дастарқанымызда түрлі ұлттың тағамдары болады. Үлкенге құрмет – өмір салтымыз. Енем бізбен бірге тұрады, мен оған күтім жасаймын. Балаларымыз ұлттық өнерге жақын. Самина қазақ композиторларының туындыларын пианинода орындайды, ал Бахтияр домбыра үйреніп жүр, – дейді.

Ол сонымен қатар қазақи салт-дәстүрлерді де отбасының тіршілігіне сіңіргенін атап өтті.

Сырға салу, беташар, қырқынан шығару, тұсау кесу, сүндет той – бәрі біздің отбасымызда орын алған салттар. Балаларымызға аталарының есімін бердік. Жолдасым ораза ұстайды. Ұлттық мерекелердің барлығын өз үйімізде атап өтеміз. Бұл – біздің балаларыма беріп жатқан тәрбиеміздің бір бөлігі, – деді.

Оксананың пікірінше, бірлік пен татулық – қоғамдағы тұрақтылықтың негізі. Ал бұл құндылықтар отбасынан бастау алады.

Әр мейрамды ерекше атап өтуді дәстүрге айналдырған Оксана масленица мерекесінде жеті күн бойы әртүрлі түрдегі құймақ пісіреді. Пасха кезінде ол боялған жұмыртқалар мен куличтер дайындайды. Ал Наурызда Калиакперовтар отбасының дастарқанынан бешбармақ, қазы мен татарша бәліштер табылады.

Оксана мен Мирастың шаңырақ көтергеніне 10 жылдан асып барады. Олар жергілікті телеарнада жұмыс істеп жүргенде танысыпты. Оксана видеомонтажер болып жұмыс істеген, ал Мирас оператор болып тәжірибеден өтіп жүрген. Бірде режиссер Мирасқа Оксананың монтаж бөліміне жұмысқа баруды тапсырады. Осылайша, екі жас кездейсоқ танысып, бірге жұмыс істеп, кейіннен кездесіп, қарым-қатынас орнатқан.

Біздің үйлену тойымыз ақпан айында болды, сол кезде қатты аяз болатын. Көптеген туыстарымыз Ресейден және Оңтүстік Қазақстаннан келе алмады. Біз ерекше той жасауды шештік, әрі оның ішінде қазақ, орыс және татар дәстүрлерін біріктірдік. Беташар, шашу мен татардың ғұрыптары болды, – дейді Оксана.

Калиакперовтар отбасы – Қазақстандағы көпұлтты қоғамның жарқын үлгісі. Олар әр дәстүрге құрметпен қарап, отбасындағы әрбір мейрам мен шараны бірлік пен достықтың нышаны ретінде өткізеді. Әр мейрам, әр той – бұл өзара сыйластықтың, ұлттық ерекшеліктердің бірлігі мен ынтымақтастықтың көрсеткіші.