Жаңалықтар

Үш тілде кітап жазатын қазақ жазушысы: Бұған таңғалудың қажеті жоқ, заман талабы

Үш тілде кітап жазатын қазақ жазушысы: Бұған таңғалудың қажеті жоқ, заман талабы
Фото: коллаж El.kz 26.01.2024 13:00 2100

Баланың сауатын ашып, оны білім нәрімен сусындатып қана қоймай, тәлім-тәрбие беретін кітап болса керек. Сол себепті де оқу құралының адам өмірінде алатын орны орасан зор. Болашағын ойлайтын елдер саналы ұрпақ тәрбиелеуге тырысады. Осы ретте  El.kz ақпарат агенттігі балалар жазушысы, киносценарист Зәуре Төреханның шығармашылығы, еліміздегі балалар әдебиетіне деген сұраныс жайлы әңгіме өрбітіп көрді. 

El.kz: Зәуре ханым, алдымен оқырмандарымызға балалар әдебиетінің жазушысы боламын деген шешімге қалай келгеніңізді айтып берсеңіз. Мұндай таңдау жасауыңызға не түрткі болды?

Зәуре Төрехан: Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде ұзақ сюжетті түстер көретінмін, кейін соларды дәптеріме жазып ала бастадым. Өзіме ұнаған жазушыларға еліктеп, қиялымнан шыққан шығармаларды да жазуға талпындым. Әсіресе тарихи, фэнтези, ғылыми фантастика бағыттағы көркем әдебиетті ұнатып оқитынмын. Алайда атақты жазушылардың деңгейінде жазу менің қолымнан әзірге келмейтінін ұқтым, сондықтан қиялымды ұштау үшін кітаптарды көп оқитынмын.

Есейген соң, ол әуестігім ұмытылды, себебі мамандық таңдауда өзімді өзім асырай алатындай кәсіпті таңдауым керек болды. Мен экономиканы таңдадым, себебі математикамен дос едім, есеп шығаруда алдыма жан салмайтынмын. Сөйтіп, тағдырымды банк саласымен байланыстырып, көп жыл бойы Халықаралық қатынастар бөлімінде жұмыс істедім.

Бірақ жылдар өте келе қуанышты сезе алмайтынымды байқадым, мені ештеңе де қызықтырмады да, қуантпады, көңілім үнемі жабыраңқы болды. Сонда анам, «ол жұмысыңды таста, бала кезіңде тәп-тәуір шығарма жазып едің ғой, неге тастадың?», деп сұрады. «Маған бірдеңе жазып берсей», деп қолқалады, сөйтіп мен қайтадан жаза бастадым. Енді дұрыс жолда келе жатқанымды, өз орнымда екенімді сезіп жүрмін.

El.kz: «Білімді ұрпақ – ұлт болашағы» демекші, әрбір мемлекет өз болашағын өскелең ұрпаққа сеніп тапсырады. Сондықтанда біз өз болашағымыз жастардың сапалы білім алуына баса назар аударымыз керек. Бірақ ел арасында «қазіргі жастар кітап оқымайды, болашағын ойламайды» деген пікір де жоқ емес. Бұған не айтасыз? Бүгінде кітап оқитын жастар шынымен азайып кетті ме әлде керісінше білімге құштар балалардың саны артып келе ме?

Зәуре Төрехан: Бұл әңгімені халықтың әрбір буыны айтатын сияқты. Шын мәнісінде, кітап оқитын және мүлде оқымайтын адамдар тарихтың әр кезеңінде болған, болашақта да солай болады, бұл қалыпты жағдай. Баланы кітапқа баулу үшін ата-ананың өзі кітап оқуы керек, себебі сен не істесең, балаң да соны қайталайды. Менің марқұм атам кітапты үнемі оқып отырушы еді, мен де оған қызығып, кітап оқып кеттім. Ол кездің кітаптарында сурет болмаған, мәтін тек қиялымның күшімен ғана жанданатын және кітаптағы суреттеулер маған қатты ұнайтын.

Оның үстіне, анам маған интерактивті оқуды үйретті. Екеуміз оқыған кітапты талқылайтынбыз, ал егер өзім оқысам, анама әңгіменің сюжетін қайталап айтып беретінмін. Бұл тәсілдің бар екенін кейін Джейсон Бугг «Рожденный читать» деген кітаптан оқып, анамның ақылына таңғалғанмын.

El.kz: Сіздің балаларға арнап қазақ тілінде де, орыс тілінде де кітап жазатыныңызды жақсы білеміз. Қандай жанрдағы шығармаларға басымдық бересіз? Осы уақытқа дейін қанша кітап жаздыңыз? Өзге тілге аударылып, шетелге таралған кітаптарыңыз бар ма?

Үш тілде кітап жазатын қазақ жазушысы: Бұған таңғалудың қажеті жоқ, заман талабы

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Зәуре Төрехан: Мен полиглот жазушымын, қазақ тілінде де, орысша да, ағылшынша да жаза аламын. Бұған таңғалудың қажеті жоқ, кейбір қазақтар емін-еркін бес-алты тілде сөйлеп, жаза алады. Бұл – заман талабы.

Әзірге әртүрлі жастағы балаларға арналған алты кітабым жарық көрді, олардың таралымы 25 мыңнан асып кетті. Хронологиямен айтар болсақ, «Біздің сүйікті қаламыз Алматы» (2016 ж.) және «Ел жүрегі – ажарлы қала Астана» (2017 ж.) жолсілтеме кітаптары, «Амина Тұранның көшпенділер еліне саяхаты» (2018 ж.) роман-фэнтезиі, «Айша және Үй пірлері» (2020 ж.) урбан фэнтези жанрындағы повесі, «Күйекөбелектер шаһары» (2022 ж.) ертегілер жинағы, «Санжар Асфендиаров кім?» (2023 ж.) ғылыми-танымдық кітабы. Осы аталғандардың кейбірі ағылшынға, түрікшеге аударылған. Баспагерлердің құлағына алтын сырға, өз уақытын күтіп, әлі жарық көрмеген кітаптарым да баршылық.

Бұйырса, биылғы жылы түркиялық әдеби агентімнің шақыруымен Istanbul Publishing Fellowship іс-шарасына қатысып, кітаптарымды шетелдік баспаларға ұсынатын боламын. Бұл тоғызыншы рет өтейін деп жатқан кәсіби баспаларға ғана арналған ірі маркет. Биыл 93 елден баспагерлер қатысады деп естідім, солардың ішінде ең көп өтінім берген 8 ел, олар Ұлыбритания, Мысыр, Индонезия, Иран, Мексика, Әзербайжан, Италия, Біріккен Араб Әмірліктері және Испания екен. Осындай елдердің баспалары кітаптарымды алса екен деп үміттенемін.

El.kz: Қазақстандағы және шетелдегі балалар әдебиетіне деген сұраныс қандай? Салыстыра кетсеңіз. Кемшін тұстары бар ма?

Зәуре Төрехан: Шетелдегі балалар әдебиеті нарығы қатты дамып кеткен, бізбен салыстыруға мүлдем келмейді. Қытай, Индонезия, Италия, Германия, Англия, Мексика тағы басқалары жыл сайын балалар әдебиетіне қатысты ірі кітап көрмелерін ұйымдастырып жатады, шетелге өздерінің қаламгерлерін жарнамалайды, халықаралық әдеби конкурстарға қатыстырып, іссапарларға жібереді. Сөйтіп, өз елінің әдебиетін насихаттап, кітаптарының құқықтарын сатып, зор табыс тауып жүр. Кітаптарының таралымы көп болған соң, қаламгерлердің қаламақысы да жақсы.

Бізде де осы сала ақырындап дамып жатыр, беталыс жаман емес. Әсіресе, жаңадан ашылған кішігірім баспалар шетелдік әдебиетті аударуда белсенділік танытуда, ал үлкен баспалар көбінесе әдеби, мәдени мұраларымыз жайында фото-деректі кітаптар шығарумен айналысатынын көріп жүрміз. Жаңа заманның батыл, іскер, креативті азаматтарының арқасында, кітап нарығы бірте-бірте жанданып келе жатқаны көрінеді. Болашақта біздер де шетелдік деңгейге жете аламыз деп сенемін, ол уақыттың еншісіндегі мәселе.

El.kz: Бүгінде елімізде балалар әдебиетін дамытуға қаншалықты көңіл бөлініп жатыр?

Зәуре Төрехан: Балалар әдебиеті саласын айтып, көтеріп жүрген Президент мырзаға алғысымыз зор. Алайда Президенттің бұл тапсырмасы қалай орындалып жүргені жөнінде ештеңе айта алмаймын, себебі мен тек жазушымын, статистикалық мәліметтер қолымда жоқ. Жақында ғана үш жыл қатарынан өткен «Балалар оқуы мен әдебиеті» жылдарының нәтижесі қандай болғанын мен нақты білмеймін, бірақ әрине сұрақтар көп. Мәселен, сол үш жылда балалар әдебиетінің қанша кітабы жарық көрді, олардың қаншауы қазақ тілінде, қаншауы отандық авторлардың кітаптары? Ауылдық, облыстық балалар мен жасөспірімдердің кітапханаларының жағдайы қандай, жабдықталуы қандай деңгейде, бөлініп жатқан қаражат қандай кітаптарды сатып алуға жұмсалды деген ақпарат қолжетімсіз. Қандай жанрдағы кітаптар балалар мен жастар арасында сұраныстқа ие екені де бізге беймәлім. Осындай мәліметтер көбірек жарияланса екен деген тілек бар.

El.kz: Балалар әдебиеті ақын-жазушыларына мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау көрсетіле ме?

Зәуре Төрехан: Бүгінгі күнде мемлекеттің екі бағдарламасы жұмыс істеп тұрғанын білетін шығарсыз. Олардың бірі «Қоғамдық маңызы бар әдебиет». Бұл бағдарлама бойынша жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді, қаламгерлер ғана емес, әртүрлі салада зерттеу жұмыстарының нәтижелерін кітап етіп шығарып жүрген ғалымдарға айтарлықтай қаламақы төленеді. Осылайша кітаптар ел бойынша жұмыс істеп жүрген баспаларға үйлестіріліп, тиражы бүкіл кітапханаларға жөнелтілетінін естідім. Бұл бағдарламалар бойынша шыққан кітаптар қандай сапада, қандай тиражбен шығатынын мен білмеймін, ол Мәдениет министірлігіндегі мамандардың, комиссия мүшелерінің жауапкершілігіндегі мәселе, олардың пікіріне сенім артамыз.

Сонымен бірге мемлекет тарапынан жыл сайын неше түрлі әдеби бәйгелер өтіп жатады, сол бәйгелердің жеңімпаздары жақсы сыйақы алумен қатар баспагерлердің көзіне түседі. Бұл қаламгерлер үшін керемет мүмкіндік деп санаймын. Бұл өз басымнан өткен жағдай, 2014 жылы «Алтын Қалам» ұлттық әдеби бәйгесіне қатысып, жүлделі орынға ие болдым. Ешқандай сыйақы алмасам да, мен Алматыкітап баспасының көзіне түстім. Сөйтіп алғашқы үш кітабымды Алматыкітап баспасы жарыққа шығарып, жазушылық жолымды ашты.

El.kz: Сіздің жазушыдан бөлек, киносценарист екеніңізді білеміз. Бүгінге дейін қандай кинолардың сценарийін жаздыңыз? Қаншасы жарыққа шықты?

Зәуре Төрехан: Кино, анимация саласында жұмыс істеу менің бала күнгі арманым еді. Ол арманым бірте-бірте жүзеге асып келе жатыр. Алғашында мен жазушылық шеберлігімді арттыру үшін сценаристика бойынша кітаптарды көп оқыған болатынмын. Сондықтан, барлық әдеби кітаптарым сценаристика талаптары бойынша жазылған. 2019 жылы мен «The House of Silkworms» (Жібекқұрт үйі) атты дебюттік сценариімді жаздым, ол сценарий 2020 жылы Ұлыбританияның Голливуды – Ромфорд қаласында өткен кино фестивальда сценаристика аталымы бойынша үздік танылып, мен жүлдегер атандым. Алайда пандемияның салдарынан марапаттау рәсіміне бара алмадым. Ал пандемия кезінде «Secret Seals» (Құпия мөрлер) атты мистикалық детектив жанрындағы сценарий жаздым. Бұл екеуін Американың киносценаристер гильдиясында тіркеп, сатылымға шығардым.

Отанымызға оралатын болсақ, «Ұлы Дала – 2021» республикалық шығармашылық байқауында «Ұлы Дала елі. Жарық пен түнек» атты сценариім 3-орынға ие болды, ол сценарий суретші Нұрлан Әбішевтың  салған комиксіне негіз болды. Сонымен бірге, «Sabi-2» мультсериалының бірнеше серияларына да сценарий жазып бердім, алайда студия менің де, басқа авторлардың да аты-жөнін титрларда көрсетуді жөн санамады.

Жақында ғана жазып бітірген, сиясы кеппеген жаңа жұмысым  – «Алтын Орда заманындағы ромком» болып табылады, оны тарихшы Жақсылық Сәбитов ағаның идеясы бойынша жазып шығардым, сюжеті керемет, мен бұл жұмыстан жақсы әсер алдым. Әйтеуір, бұл еңбегім еш кетпес, кино болып шығады деген сенімім бар.

El.kz: Соңғы рет қандай кітап жаздыңыз? Алдағы уақытта тағы қандай кітап жазу ойда бар? Жоспарыңызбен бөлісе кетсеңіз.

Зәуре Төрехан: 2023 жылы жазған кітаптарымның бірі және бірегейі – «Санжар Асфендияров кім?» ғылыми-танымдық кітабы. Бұл кітапты балаларға арнап, тарихшы, санжартанушы Алмас Жүнісбайдың жетекшілігімен, «Мазмұндама» баспасының тапсырысымен жазып шығардым. Бұл кітап New York Times рейтингісінде топ жарған атақты «Who Q?» сериясына ұқсас қазақша нұсқасы аясында шықты деуге болады. Серияда әзірге сегіз кітап бар, барлығы да қазақтың тарихи, атақты тұлғалары жайында жазылған. Бұл кітап мен үшін үлкен тәжірибе болды, себебі Санжар Асфендиаров сияқты рухы асқақ, тарихи тұлға туралы кітап жазу үлкен мәртебе. Бұйырса, биыл осы серияда тағы да кітап жазатын боламын. Осы жылдың бірінші жартысында көптен бері қолым тимей кеткен «Әмина Тұранның Ұлы Жібек жолы бойында» атты екінші кітабымды жазып бітіруге ынтам бар.

El.kz: Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға