Жаңалықтар

Үш рет аукционға шығарылған Қостанай әуежайы сатылмайтын болды

Үш рет аукционға шығарылған Қостанай әуежайы сатылмайтын болды
Фото: ОКҚ 23.12.2024 15:20 141

Қостанай халықаралық әуежайы сатылмайтын болды. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2020 жылы Қостанай қаласының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы әуежайы жекешелендіру жоспарына енгізіліп, 49% акциясы сатылымға шығарылды. Сатылым шарттары бойынша жаңа меншік иесі әуежайдың қызмет түрін және қызметкерлердің санын бес жыл бойы сақтауға міндетті болатын.

Алғашқы сауда 2024 жылғы қыркүйек айында өтті, ол кезде әуежайдың бастапқы бағасы 4,7 миллиард теңгені құрады. Алайда, өтінімдер түспегендіктен, конкурс өткізілмеді деп танылды. Қараша айында екінші сауда өтті, бұл жолы әуежайдың бағасы 2,3 миллиард теңгеге дейін төмендеді, бірақ сатып алушылар табылмады.

19 желтоқсанда бастапқы бағасы шамамен 1,2 миллиард теңге болатын үшінші конкурс жарияланды. Дегенмен, e-auction.e-qazyna.kz мәліметі бойынша, бұл жолы да өтінімдер түскен жоқ.

Құмар Ақсақалов 19 желтоқсанда өткен соңғы сауда-саттықтың өтпегенін растап, әуежай енді облыстың коммуналдық меншігінде қалатынын мәлімдеді.

Енді сауда-саттық өткізілмейді, яғни әуежай коммуналдық меншікте қалып, пайдаланылатын болады. Меніңше, бұл дұрыс шешім, – деді Қостанай облысының әкімі.

Құмар Ақсақалов сондай-ақ әуежайдың қайта құрылымдау жұмыстарының қалай жүріп жатқанын айтып берді. 2020-2021 жылдары жаңа келу залының құрылысы басталып, биыл пайдалануға берілді. Нәтижесінде, әуежайдың жалпы аумағы 30%-ға ұлғайды.

Қазіргі таңда әуежайда заманауи, қолайлы ұшу және келу залы ұйымдастырылған. Бұрын әуежайда болған адамдар оның қандай жағдайда болғанын жақсы біледі, – деді әкім.

Сонымен қатар, әуежайдың "ешқайда апармайтын баспалдақпен" белгілі бөлігін қайта жөндеу жұмыстары басталғаны айтылды.

Енді осы бағытта жұмыс жалғасады. Әуежайдың шамамен 800 шаршы метр аумағы ұзақ жылдар бойы пайдаланылмаған. Онда қабырғаға тіреліп аяқталатын әйгілі баспалдақ – "ешқайда апармайтын баспалдақ" бар. Біз осы аумақты ашып, толыққанды халықаралық ұшу залына айналдыру үшін жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, – деді Құмар Ақсақалов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға