"Үш келіншектің бірі ДНК тест тапсырды". Бельгиялық баланың анасы кім?
Бұл жұмбақты шешкен сайын түйіншегі керісінше тастай түйіліп бара жатыр. Журналист Қымбат Досжан дәл осылай оқырманның көкейіндегі сұраққа жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі
Бельгиядан анасын іздеп келген Жәнібектің туған анасы болуы мүмкін 3 әйел анықталған.
Перзентханаға жедел жәрдем арқылы келген, қабылданған, босанған, төрт күн төсегінде түнеген келіншектің жеке құжат көшірмесі әлі табылған жоқ. Бар құжаттың қалай толырылғанын міне, әдейі көрсетіп отырмыз. Нәресте өмірге келгендегі мәліметті, яғни 2002 жылдың қаңтарында дәрігер Совет одағынан қалған «Путевой лист грузового автомобиля, Талон заказчика» деген 1983 жылы әзірленген бланкіге түсініксіз жазумен жаза салған... Қай жағынан келсек те, ресми құжаттарда жазылған келіншектің аты-жөні өтірік сияқты..., - деп жазды.
Үш апталық зерттеу жұмысынан шыққан нәтиже: қазір үш келіншекке күдік басым. Кеше «Бармысың, бауырым?» хабарының редакторы Әсел Асқарқызы сол үш келіншектің бірін ДНК тест жасайтын лабораторияға ертіп барды. Енді нәтижесін күтіп отырмыз. Лабораторияға Жәнібек (Мұрат) те барды. Испанияға қайтқан жоқ, әзірге Қазақстанда.
Бірақ бірден айтайық, көптің тілеуі, біздің басты мақсат — сонау жерден мейірімге шөлдеп келген баланың анасын тауып беру. Кей әйелдің әлемін білесіздер, қиындыққа толы. Баласынан бас тартқанда, басқа жол көрмей, жақыннан қолдау таппай, сондай шешімге баруға мәжбүр болған. Сондықтан туған анасына қатысты ауыр сөз жазбаңыздар. Иә, қателескен шығар, бірақ ол да адам. Оның да құқығы бар.
Сондықтан егер ДНК тест нәтижесі бойынша кешегі келіншек баланың туған анасы болып шықса, біз ол келіншектің фотосын әлеуметтік желіден де, эфирден де көрсетпейміз, аты-жөнін де атамаймыз, ҚҰПИЯ түрде қалады. Баласымен ғана табысады, танысады. Біз о бастан құпия болады деп уәде бердік, сол сөзімізде тұрамыз. Егер бұл келіншек баланың туған анасы болмай шықса, зерттеу жұмысы жалғасады, - деді Қымбат Досжан.