Оқу-ағарту министрлігі

Үш ауысымды мектептердің саны төрт есе қысқарды

03.09.2025 05:27

Соңғы жылдары Қазақстанда балалардың білім алуына заманауи жағдай жасау бағытында елеулі ілгерілеу байқалды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдан бері 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп салынды. Тек 2023-2024 жылдары 510 мың орынға арналған 422 жаңа мектеп ашылды.

Осы шаралардың нәтижесінде еліміздегі үш ауысымды мектептердің саны 4 есе, апатты мектептердің саны 2 есе азайды, ал оқушы орындарының тапшылығы 4 есе қысқарды.

Мемлекет заманауи және қолайлы білім беру ортасын құру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Жаңа оқу жылының қарсаңында өңірлерде 115 мың оқушыға арналған тағы 83 жаңа мектеп ашылды, оның 57-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Жаңа мектептердің пайдалануға берілуі Шымкент, Алматы қалаларында, Ақмола, Қарағанды және Қызылорда облыстарында үш ауысымды оқыту мәселесін толығымен жоюға мүмкіндік берді.