Үш академия, кадр тапшылығы: қазақ футболындағы басты мәселелер
Соңғы онжылдықтарда қазақстандық футбол жаңа стадиондар мен қаржылай қолдаудан бөлек, ең әуелі мықты кадрларға мұқтаж болып отыр. Әңгіме жұлдыз ойыншылар мен ұлттық құраманың бапкерлері жайында ғана емес. Футболды жүйелі түрде дамыту үшін елге кәсіби балалар-жасөспірімдер бапкерлері, спорт директорлары, сарапшылар мен әдіскерлер қажет. Өйткені дәл осы мамандар доп додасының болашағын қалыптастырады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы тілшісі.
Бапкерлер жетіспейді
Қазір елде футбол саласында білікті бапкерлердің тапшылығы айқын байқалады. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда шамамен 7,3 мың жаттықтырушы бар. Олар 1 миллионнан астам баланы жаттықтырады. Бұл – әрбір бапкерге 137 шәкірттен келеді деген сөз. Ал халықаралық стандарт бойынша бір бапкер ең көп дегенде 20 спортшымен жұмыс істеуі керек.
Ranking.kz еліміздегі барлық бапкердің бірдей кәсіби лицензиясы жоқ екенін алға тартады. Қазіргі таңда барлығы 1131 жаттықтырушы UEFA жүйесі бойынша дайындықтан өткен. Олардың ішінде:
549 бапкер – UEFA «C» санаты бойынша (бастапқы деңгей, бұқаралық және жасөспірімдер футболы);
191 – UEFA «B» (жасөспірімдер мен әуесқой командалар);
73 – қақпашыларды дайындайтын UEFA «B Goalkeeper» санаты;
29 – футзал мамандары (UEFA «B Futsal»);
202 – UEFA «A» деңгейіндегі кәсіби клубтар бапкерлері;
18 – UEFA «A Elite Youth» (академиялар мен жастар құрамалары);
69 – UEFA «Pro» санаты бойынша ең жоғары дәрежелі мамандар.
Салыстырмалы түрде айтқанда, Еуропада 2020 жылы 200 мыңнан астам лицензиялы бапкер болған. Бұл айырмашылық еліміздегі маман жетіспеушілігінің қаншалықты күрделі екенін көрсетеді.
Академия аз – жүйе әлсіз
Бүгінде Премьер-лигада өнер көрсететін 14 клубтың тек үшеуінде ғана толыққанды академия бар:
«Қайрат» академиясы (Алматы),
«Оңтүстік» академиясы (Түркістан),
«ALASH-RKS» академиясы (Астана).
Бұл – ел ауқымына шаққанда тым аз көрсеткіш. Ресейде немесе Еуропада дерлік әрбір жоғары лига клубының өз академиясы бар. Ал бізде балаларды жүйелі даярлайтын орталықтардың аздығы ұлттық құраманың да, кәсіби клубтардың да дамуын тежеп отыр, - делінген басылым мәліметінде.
Академия тек спорт залы мен алаң емес. Бұл – бала футболшыны толыққанды тұлға ретінде қалыптастыратын мектеп. Дәл осындай жүйелердің аздығы – қазақстандық футболдың басты әлсіз тұсы.
Жекеменшік инвестициялар жандана бастады
Дегенмен соңғы уақытта оң өзгерістер де байқалып келеді. 2025 жылдан бастап «Alatau City Bank» пен Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) арасында стратегиялық әріптестік орнатылды. Бұл келісім аясында банк федерацияның бас демеушісі, Премьер-лиганың титулдық серіктесі, сондай-ақ ұлттық және футзал құрамаларының ресми серіктесі атанады.
Әріптестік кәсіби жарыстарды қаржыландырудан бөлек, жасөспірімдер футболын дамытуға, бапкерлер мен скауттарды оқытуға, әлеуметтік бастамаларды қолдауға бағытталған.
Сондай-ақ Almaty International Airport базасында халықаралық стандарттарға сай KFF Academy құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба FIFA талаптарына сай келетін алғашқы заманауи академия болмақ, - деп қосты сайт.
Халықаралық деңгейдегі мойындау
Қыркүйек айында ҚФФ академиясына FIFA Talent Academy мәртебесі берілді. Осылайша Қазақстан әлем бойынша тоғызыншы, ал UEFA аймағындағы екінші мемлекет болып отыр.
Бұл мәртебе ел футболына жаңа мүмкіндіктер ашады:
- бапкерлер мен менеджерлерге арналған халықаралық оқу бағдарламалары,
- талантты жастардың шетелдік турнирлер мен алмасу бағдарламаларына қатысуы,
- әлемдік футбол академияларымен тікелей тәжірибе алмасу.
«Болашақ чемпиондары» – жаңа дәуірдің бастауы
FIFA жобасымен қатар, ҚФФ келесі жылдан бастап «Болашақ чемпиондары» атты стратегиялық бағдарламаны іске қоспақ. Мақсат – талантты жасөспірімдерді іріктеу, дамыту және оларға тұрақты қолдау көрсету.
Біз үшін бұл – алға жасалған маңызды қадам. «Болашақ чемпиондары» бағдарламасы арқылы жас таланттарды даярлау жүйесін жаңа деңгейге көтереміз. FIFA-ға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреміз. Бірлесе отырып, болашақ чемпиондарды тәрбиелей аламыз деп сенеміз, – деді ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртул.
Қорытынды: жүйе қалыптасу кезеңінде
Қазақ футболы соңғы жылдары біртіндеп жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Иә, білікті кадр тапшылығы әлі де бар. Бірақ қазіргі үрдіс – үмітсіз емес. Елде жекеменшік инвестициялар тартылуда, академиялар ашылуда, ал ҚФФ халықаралық мойындауға ие болды.
Ең бастысы – бұл үдеріс енді кездейсоқ бастамалардан жүйелі жұмысқа ұласуда. Егер осы бағыт сақталса, алдағы жылдары Қазақстан футболы жаңа буын ойыншылар мен бапкерлерді, тіпті жаңа басқару мектебін қалыптастырып, сапалы деңгейге көтерілуі әбден мүмкін.

