Ұсақ моторика – баланың ақыл-ойын дамытатын жасырын кілт – тәрбиеші
Қазіргі таңда баланың когнитивті дамуы мен сөйлеу қабілетінде ұсақ моториканың рөлі ерекше. Саусақ ұштарындағы жаттығулар тек қол қимылдарын жетілдіріп қана қоймай, есте сақтау, зейін және тілдік дағдыларды қалыптастыруға ықпал етеді. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы «Қарлығаш» балабақшасының тәрбиешісі Индира Мәмбетқұлова El.kz интернет порталына ұсақ моториканы дамыту әдістері мен оның бала дамуына әсері жөнінде өз тәжірибесін бөлісті.
Ұсақ моторика – баланың миы мен тілін дамытады
Бүгінгі білім жаңалықтарында «soft skills», «когнитивті даму», «нейропластика» секілді ұғымдар жиі айтылады. Ал ұсақ моторика осының қай тұсына сәйкес келеді?
Тәрбиешінің айтуынша, ұсақ моторика – тек бау байлау емес, ең алдымен ми қызметін жаттықтыру. Саусақ ұштарындағы жүйке рецепторлары сөйлеу, есте сақтау мен зейін орталықтарымен байланысты. Сондықтан бала түйме қадағанда, мүсіндеумен немесе моншақ терумен айналысқанда, миы белсенді жұмыс істейді.
Дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей, балабақша жасында ұсақ моторикаға басымдық беретін елдер (Жапония, Финляндия, Канада) мектептегі үлгерім мен балалардың әлеуметтенуінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуде.
Біздің балабақшада ұсақ моторика түрлі ойындар мен күнделікті іс-әрекеттер арқылы енгізіледі. Дәндер, түймелер, бұрандалар мен шнурлар балалардың қарапайым іс-әрекеттерін қол жаттығуларына айналдырады. «Қорап-челлендж» ойынында бала көзін жұмып затты сипап танып, оның қолданылуын айтып береді – осылайша моторикамен бірге ойлау мен сөздік қоры да дамиды. Мұндай тәсілдер Монтессори немесе «Reggio Emilia» бағдарламаларында кездеседі, ал біз оларды ұлттық ерекшеліктерге бейімдейміз, – дейді Индира Мәмбетқұлова.
Арнайы жаттығуларды күнделікті әрекеттерге кіріктіру де маңызды: бала ойыншықтарды түсі мен көлеміне қарай реттейді, шаш өріп үйренеді, аяқ киімнің бауын байлайды. Барлығы табиғи түрде, артық жүктемесіз жүзеге асады.
Цифрландыру дәуірінде ұсақ моторика неге маңызды?
Қазіргі таңда ұсақ қол моторикасының дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Тәрбиешінің сөзінше, біріншіден, бұл – цифрландыруға байланысты.
Бүгінде балалар ерте жастан-ақ экранды жылжытып, мультфильмді өздері қоса алады. Бірақ сол қолдың қимылы кейде қаламды сенімді ұстауға жетпей қалады. Яғни, бір жағынан технологияны тез меңгерсе, екінші жағынан қарапайым қол дағдылары баяу дамиды.
Мамандар мұны «digital gap» деп атайды – цифрлық мүмкіндіктер мен табиғи сенсорлық тәжірибенің арасындағы алшақтық. Сондықтан біз үшін маңыздысы – гаджеттен бас тарту емес, баланың дамуына жағдай жасау, яғни экранмен ойнаумен қатар, құммен, қағазбен, табиғи материалдармен жұмыс істеуге бейімдеу қажет.
Екіншіден, сенсорлық тәжірибенің азаюы. Бұрын балалар құммен, шөппен, балшықпен ойнаса, қазір олардың әлемі көбіне пластик пен экранға тәуелді. Сондықтан моторикаға көңіл бөлу сән емес, қажеттілік. «Қарлығашта» бұл үшін STEAM-жобалар, табиғи материалдармен сенсорлық зертханалар, тактильді панельдер қолданылады. Саусақ жаттығулары эмоционалды интеллект пен mindfulness элементтерімен біріктіріледі, – дейді тәрбиеші.
«Бастау» авторлық бағдарламасы және оның ұсақ қол моторикасын дамытудағы рөлі
«Бастау» бағдарламасы бірнеше бағытты қамтиды. Бағдарлама мазмұнына ұсақ қимыл дағдыларын да, ірі моториканы да жетілдіретін ойын жаттығулары енгізілген. Мысалы, доппен орындалатын жаттығулар, су бассейнінде ұсақ ойыншықтармен ойнау, ұлттық ойындар – «Бестемше», «Қанталапай», «Бес тас» және тағы басқалары.
Индира Мәмбетқұлованың сөзінше, бағдарламаның қолданылу аясы тек арнайы ұйымдастырылған ойындармен ғана шектелмейді. Балабақшадағы уақыт шектеулі екенін ескерген педагогтар жаттығуларды күнделікті өмірге табиғи түрде енгізуге тырысады. Мәселен, бала ойыншықтарды жинап қана қоймай, оларды көлемі мен түсіне қарай сұрыптайды. Ойын орталығында «Балықшылар», «Добым», «Өруді үйрен», «Бауынды байла» сияқты ойын түрлері қолданылады.
Ұсақ моторика мен қиялды дамытудан бөлек, бұл тәжірибе маңызды жеке қасиеттерді де қалыптастырады. Ол әсіресе құмда айқын байқалады. Балалар саусақпен сурет салып, сюжет құрайды, әріптермен танысады, сезімдерімен бөліседі. Құмда суретті оңай түзету – қателіктен қорықпауға, шығармашылықта батыл болуға үйретеді. Мысалы, бес жастағы Аяна сурет салуды жақсы көретін, бірақ қателессе, істі аяқтамай тастайтын. Құмдағы сурет тез түзелетіндіктен, ол сенімге ие болып, кез келген тапсырманы соңына дейін орындауға үйренді, – дейді тәрбиеші.
Индира Мәмбетқұлованың айтуынша, «Мен өзім» ойынында балалар киім түймелейді, дастарқан жаяды, «рақмет» деп алғыс айтады.
Үш жастағы Самир бұрын күртешесін өзі түймелей алмайтын, достарымен жарысып үйренген соң бір апта ішінде ересектердің көмегін күтпейтін болды. «Мен өзім істей аламын!» деген сөзі оның көзіндегі қуанышпен бірге ерекше әсер қалдырды, – дейді ол.
Балабақшада тағы қандай әдістер қолданылады?
Ұсақ моторика тек дәстүрлі саусақ гимнастикасымен емес, түрлі шығармашылық тәжірибелер арқылы дамиды. Сондықтан «Қарлығаштың» шығармашылық зертханасында әртүрлі құралдар қолданылады: саусақ театры, қылқаламмен ғана емес, мақта таяқшамен, губкамен, тіпті щеткамен сурет салады.
Балаларды ерекше қуантатын «көзді жұмып сурет салу» ойыны бар – нәтиже автордың өзіне де тосынсый болады. Ал мүсіндеу кезінде балалар кейіпкерлерді ойлап табады, ертегі құрайды, сөйлесу арқылы ойларын жеткізеді. Осылайша ойын – тек көңіл көтеру емес, сөйлеу мен қиялды, креативті ойлауды дамытатын құнды тәжірибеге айналады.
Ата-аналарға кеңес
Көптеген ата-ана баласының ерте оқу, санау немесе тіл үйренуіне мән береді. Бірақ сенсорлық дағдылар мен моторикасыз бұл білімді меңгеру әлдеқайда қиынырақ. Ұсақ заттармен жасалған ең қарапайым жаттығулардың өзі сөйлеу, есте сақтау, назар аудару және оқу қабілетіне әсер ететін нейрондық байланыстарды дамытады.
Индира Мәмбетқұлова моториканы үйде де дамытуға болатынын, арнайы құралдар қажет емес екенін айтады.
Баланы ас үйге шақыру жеткілікті: бірге қамыр илеу, печенье жасау немесе бұршақтарды ажырату – саусаққа таптырмас жаттығу. Ең бастысы – жеңіл әрі қызықты өтуі тиіс. Бала еркін ойнап, зерттеп, қиялдасын. Сонда әрбір іс – жаттығу емес, шағын саяхатқа айналып, баланың қиял дамуына жаңа бастамалармен толықтырады, – дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін мектепке дейінгі балаларды оқуға үйретудің ең тиімді әдісі жайлы жазған едік.

