Ұрпақ тәрбиесінің үздігі
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылындағы №17 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі Ұлмекен Жұматайқызы Жарасбаева – білімі мен білігін ұштастыра білген, жаңа дәуір педагогтарының жарқын үлгісі десек, қателеспейміз. Ол – кәсібіне адал, ұлт тәрбиесіне жанашыр, жас ұрпақтың рухани қалыптасуына зор үлес қосып жүрген ұстаз, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бейнеу ауданында туып-өскен Ұлмекен Жұматайқызы бала кезінен тарихқа қызығып, туған өлкенің өткені мен бүгінін зерттеуге құштар болды. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің тарих факультетін тәмамдаған соң, ұстаздық жолын өзі түлеп ұшқан Ж.Қалдығараев атындағы мектептен бастады. Аз жылда үздік нәтиже көрсетіп, оқушыларын түрлі деңгейдегі білім сайыстарына дайындап, «Үздік жас маман» атағына ие болды.
2021 жылы Мұнайлы ауданына қоныс аударып, №7 мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Қай ортада болсын, ол оқу мен тәрбиенің біртұтас жүйе екенін дәлелдеп, ұстаздық қызметін ұйымдастырушылық қабілетпен ұштастыра білді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жас буынды патриотизм мен адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталған жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Ұлмекен Жұматайқызы – инклюзивті білім беруді қолдаушы маман. Ерекше білім қажеттілігі бар оқушылармен жұмыс істей жүріп, олардың әлеуетін ашуға мүмкіндік туғызатын әдістемелік тәсілдер енгізді. Сонымен қатар, цифрлық білім беру технологияларын меңгеріп, тарих сабағында Google Earth, LearningApps, Kahoot сияқты платформаларды тиімді пайдаланады. AR және VR әдістерін қолдану арқылы оқушыларды тарихи дәуірлерге «саяхатқа шығаратын» интерактивті сабақтар өткізуі оның заманауи педагог ретіндегі ерекшелігі деп білеміз.
Жас көшбасшылар жобасының жеңімпазы атанып, Грузия елінде тағылымдамадан өткен Ұлмекен ұстаз халықаралық тәжірибені ел игілігіне айналдыруда. Ол «Zhas Project» әлеуметтік жобасының грант иегері, сонымен қатар, 2023 жылы Мұнайлы ауданы әкімінің «Жастар сыйлығы» аясында «Үздік жас ұстаз» атанды.
Тәрбиелік жұмыстарда ол «Адал азамат» бағдарламасы, «Өнер мен Өрен», «Таланттар алаңы», «Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы» сияқты жобаларды жүзеге асырып, оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытып келеді. Мұнайлы аудандық әйелдер істері және отбасылық саясат жөніндегі комиссия мүшесі ретінде де қоғам өміріне белсене араласады.
Көптеген марапаттардың иегері атанған Ұлмекен Жарасбаева 2025 жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы республикалық кадр резервіне қабылданып, болашақ мектеп басшысы ретінде жаңа мақсаттарға бет алды. Оның кәсіби ұстанымы – ұлттық рухы биік, саналы, креативті ұрпақ тәрбиелеу.
Жаңашыл ойлайтын, білім мен тәрбиені сабақтастырған осындай ұстаздар арқылы еліміздің ертеңі де жарқын боларына сенім мол.

