Жаңалықтар

Ұрпақ саулығы мен балалар денсаулығына үнемдеуге болмайды - Асхат Аймағамбетов

Ұрпақ саулығы мен балалар денсаулығына үнемдеуге болмайды - Асхат Аймағамбетов
Фото: facebook.com/askhat.aimagambetov 21.07.2023 17:21 1057

Балалар ауруханаларының бюджеттен алатын қаражаты басқа ауруханалармен салыстырғанда әлдеқайда аз, бұл өз кезегінде сапалы емдеу шараларын атқару үшін  айтарлықтай қиындық тудырып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат Қарағанды облыстық балалар ауруханасына барғанда осы жүйелі проблемаларды дәрігерлердің өздері айтып берген.

Асхат Аймағамбетов басты мәселелердің қатарында балаларды емдеу үшін бюджеттен бөлінетін тариф мөлшерінің төмендігі (маңызды бағыттар бойынша) және аурухана ғимараттарының коммуналдық шығындарын төлеуге қатысты аспектілер екенін атап өтті.

Нақты айтқанда, бұл жерде тариф дегеніміз мемлекеттік бюджеттен жан басына шаққанда, яғни әр емделген бала үшін ауруханаға бөлінетін ақша. Ал бөлінетін ақша қандай болса, сапа да сондай болады.

Ұрпақ саулығы мен балалар денсаулығына келгенде, үнемдеуге болмайды. Әсіресе КЗГсі айтарлықтай төмен бағыттар бойынша қайта қарау керек деп айтып отыр (пульмонология, нефрология, гастроэнтерология, аллергология, неврология, гематология, эндокринология). Бөлінетін қаржы (тариф) қайта зерделеніп, ұлғайтылуы тиіс деп санаймын. Бұл мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен бірге жұмыс істейміз, - деп жазды мәжілісмен.

Ал коммуналдық шығындар мәселесін шешу үшін облыстық әкімдік дұрыс әрі тиімді шешім қабылдап, енді іске асырып жатыр.

Біздің негізгі ұсынысымыз - коммуналдық шығындарды бюджеттен төленетін жан басына қаржыландыру тарифінен бөлек шығарып, жеке қаржыландыру. Өйткені әр өңірде коммуналдық тариф әртүрлі және осыған байланысты ауруханалар үшін қолданыстағы қаржыландыру жүйесі тиімсіз, - дейді депутат.

Бұл мәселе бойынша тиісті жұмыс атқарылатынын айтты.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов балаларды ұруға заңмен тыйым салуға қатысты пікірін білдірген еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға