Артем Чурсинов

Үркердегі жаңа мектеп үш ауысым мәселесін шешті

10.09.2025 18:15

Бүгін елордада «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында №33 келешек мектебінде пресс-тур ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Аматайқызы жоба аясындағы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның сөзінше, 2024 жылы Астана қаласында аталмыш жоба аясында 16 мектеп ашылса, биыл жаңа оқу жылының басында тағы 7 білім ордасы оқушыларға есігін айқара ашты. Қазіргі таңда елордада «Келешек мектептері» жобасы бойынша 23 заманауи мектеп табысты жұмыс істеп келеді.

Артем Чурсинов

Білім ордаларының басты мақсаты – үш ауысымдық оқу мен оқушы саны шамадан тыс артық мектептердің мәселесін шешу. Қала халқы жыл сайын артып келе жатқандықтан, жаңа мектептер негізінен халық ең көп шоғырланған аудандарда салынып жатыр. Соның ішінде Нұра, Сарыарқа, Алматы аудандары мен Үркер тұрғын алабын ерекше айтуға болады. Мәселен, осы №33 келешек мектептің арқасында бұрын үш ауысыммен жұмыс істеген №69 мектеп-гимназияның жүктемесі азайды. Балалардың бір бөлігі жаңа мектепке ауысып, қолайлы жағдайда білім алуда, – деді ол.

Аяжан Аматайқызының айтуынша, «Келешек мектептері» заманауи стандарттарға сай жабдықталған және оқушыларға барынша жайлы орта ұсынуда.

Артем Чурсинов
Артем Чурсинов
Артем Чурсинов
Артем Чурсинов

Астанадағы №33 орта мектептің директоры Дана Оразалина жаңа оқу орнының ерекшеліктерімен бөлісті. Оның сөзінше, мектеп 2025 жылдың 9 қаңтарында ашылған. Алғашқы жылы 700-ге жуық оқушы қабылдаса, биыл бұл көрсеткіш екі еседен асып, 1600-ге жуық бала білім алуда.

Біз қазір бір ауысымды мектеппіз. Түстен кейін балалар қосымша білім алады. Мектепте түрлі үйірмелер мен спорттық секциялар жұмыс істейді. Волейбол, футбол, баскетбол, қазақша күрес, шахмат, телестудиядан бөлек, балалар құмыра жасаумен де айналысады. STEM және робототехника кабинеттерінде жасанды интеллектке негізделген бағдарламалар енгізілген. Бұл жүйелер химия, физика, биология және информатика пәндерімен интеграцияланып, балалардың білімін тереңдетуге мүмкіндік береді, – деді мектеп директоры.

Артем Чурсинов
Артем Чурсинов
Артем Чурсинов
Артем Чурсинов
Артем Чурсинов

Дана Оразалина жаңа мектептің Үркер шағын ауданының әлеуметтік мәселесін шешкенін де атап өтті. Бұған дейін Кемел Ақышев атындағы №69 мектеп-гимназия үш ауысыммен жұмыс істеген болса, жаңа білім ошағының ашылуымен оқушы саны теңдей бөлінді.

Артем Чурсинов

Инклюзивті білімге де ерекше көңіл бөлінген. Әрбір «Келешек мектебінде» инклюзивті бөлімдер, арнайы кабинеттер қарастырылған. Бұл ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасап, қосымша қолдау алуға мүмкіндік береді.

Оқушылардың қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. Мектепке екі бөлек кіреберіс қарастырылған: бастауыш сынып оқушылары бөлек, жоғары сынып оқушылары басқа есіктен кіреді. Сонымен қатар Face ID жүйесі енгізіліп, бөгде адамның кіруіне жол берілмейді, – дейді Дана Оразалина. 

Қазіргі таңда білім ордасында 100 мұғалім еңбек етуде. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан.

Артем Чурсинов
Артем Чурсинов

Оқушылардың ата-аналары да жаңа мектептің мүмкіндіктеріне оң бағасын беріп отыр. №33 келешек мектебінің екі оқушысының анасы Айгүл Нанаева ұлдарының қуана оқып жүргенін айтады.

Артем Чурсинов

Биыл екі ұлымды осы мектепке бердім. Марлен 2 «Г» сыныбында, Анвар 6 «Г» сыныбында оқиды. Балаларым қазақ сыныбында білім алады, бір ауысымда оқитынына өте қуаныштымыз. Мектептегі үйірмелердің көптігі балалардың қызығушылығын арттырып отыр. Ұлым Анвар қазақша күреске барғысы келіп жүр. Ең бастысы, үйірмелердің тегін түрлері бар. Тағы бір көңілім толған жайт – мектептегі асхана. Бұған дейінгі мектепте ұлым тамақты ұната бермейтін. Ал қазір қуанып, бәрін жеп келетінін айтады. Алтыншы сыныптағы баламның сынып жетекшісі Қайым Мұхамедханов ата-аналарға үнемі хабар беріп, мектептен видеолар жіберіп отырады. Бізге бұл өте ыңғайлы, – деді ол.

Артем Чурсинов
Артем Чурсинов

Жаңа үлгідегі мектептер оқушыларға тек сапалы білім ғана емес, жан-жақты даму мен қауіпсіз орта ұсынып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін 20 жасында мектеп ашқан қазақ қызы туралы жазған едік.