Инфографика жасаудың әлемдегі шеберлерінің бірінен саналатын Дэвид МакКэндлес жуықта әрбір елдің ең үздік нәтижесін көрсететін картаны жасап шықты. Ол бұл картаға қажетті деректерді Бүкіләлемдік банктің есептерінен бастап, Гиннестің рекордтар кітабына дейінгі аралықтағы ақпараттардың түрлі де мол көздерін қамти отырып жинақтаған көрінеді. Әрине, бұл картаға біздің Қазақстан да енгізілген. Дэвид МакКэндлестің көрсетуі бойынша, Қазақстан әлемде уран өндіру жөнінен ең үздік ел екен.
Еліміздің соңғы жылдардағы уран өндіру және оны өткізу жөніндегі әлемдік деңгейдегі жетістіктерін еске алатын болсақ, Дэвид МакКэндлестің бұл пікірі шындықтан алыс емес екендігіне көз жеткіземіз. Мұны еліміздің соңғы жылдарғы көрсеткіштері дәлелдей түседі. Бұрын уран өндіру көлемі жөнінен Канада, Австралиядан кейінгі үшінші орында келе жатқан Қазақстан 2009 жылдан бастап, аталған екі елден озып шығып, уран өндірісі жөнінен әлем көшін бастады. Нақ осы жылы Канада 10173 тонна, Австралия 7982 тонна уран өндірсе, Қазақстан 14020 тонна уран шығарды. Онан кейінгі жылдары бұл көрсеткіш өспесе, төмендеген жоқ. Мәселен, 2012 жылы 19451 тонна уран өндіріп, өзіндік рекордқа қол жеткізді.
Екіншіден, Қазақстан аумағында құрамында ураны бар кен орындары молынан кездеседі. Олардағы уран қорының көлемі 1 миллион тонна мөлшерінде деп есептеледі. Бұл – осал сан емес. Егер Жер шарында әзірге уранның анықталған 5,4 миллион тонна қоры бар екендігін есепке алсақ, оның 20 пайызға жуығы бір ғана Қазақстанның еншісіне тиетіндігін байқаймыз.
Жалпы, әлемде өндірілетін уранның 94 пайызын 9 ел береді. Уран кендеріне ең бай ел Канада деп есептеледі. Демек, барланған уран қоры жөнінен Қазақстан Канададан кейінгі екінші орынға ие. Әлемде уран өндірісін дамыту, атом энергиясының маңызын арттыру жөнінде әрқилы пікірлер бар. Шамасы бұған соңғы жылдары мұнай мен газ өндірісі саласындағы дағдарыс, осыған орай, әлемдік энергетикалық нарықтың әртүрлі қуат көздеріне қарай әртараптандырылған бағыт ұстауы себеп болса керек. Мәселен, соңғы жылдары бүкіл әлемде жел және күн энергиясының ресурстарын пайдалану ерекше өзекті бола түскендігі сезіледі. Мұнай мен газ тапшылығына ұрынып отырған Еуропа елдері нақ осы бағытқа қарай ойысуда. Міне, энергетикалық осы дүрлігістің әсерімен әлемдік энергетикалық нарықтың халықаралық сарапшылары басты шикізаты уран болып табылатын атом қуатын пайдалану, оны өндіру технологияларын жетілдіру мәселесіне де ерекше назар аударуда. Неге? Себебі, қазіргі әлемдік энергетикалық жүйенің дағдарысы, одан туындаған әлеуметтік-экономикалық, экологиялық проблемалар, баға саясатының ушығуы осы уақытқа дейін пайдаланылып келген көмірсутегі қуаттарына балама көздерді іздестіруде атом энергетикасының бірқатар артықшылықтарын анықтап берді.
Жалпы, қазірге дейін әрекет етіп келе жатқан әлемдік энергетикалық тұтыну нарығының 95 пайызы ауаға көмірқышқыл газын шығаратын көмірсутегі өндірісіне, атап айтқанда, мұнай мен газға, көмірге негізделіп келгені белгілі. Ғалымдар мен сарапшылар осыдан Жер планетасында экологиялық жағдайдың барынша асқынып отырғандығын айтады. Көптеген ғалымдар қазіргі күні жүріп жатқан жаһандық жылыну үдерісінің пайда болуына ауаға көмірқышқыл газының мейлінше мол таралуы әсер етіп отыр деп есептейді.
Ал уранды отын ретінде пайдаланатын ядролық энергетика болса, ауаға көмірқышқыл газдарын таратпайды. Тек оны орнымен пайдалана біліңіз. Сонда ол Жер бетіндегі экологиялық жағдайды сауықтыру бағытында көмірсутегі көздеріне балама ретінде әрекет етеді. Мәселен, Халықаралық энергетикалық агенттіктің дерегі бойынша, дүние жүзінде осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген атом стансалары соңғы 45 жылдың ішінде 56 гигатонна көмірқышқыл газының ауаға таралуының алдын алған.
Атом энергиясының адамзатқа беретін пайдасы мен болашағы үстіміздегі жылы өткен «АТОМЭКСПО-2016» VІІІ халықаралық форумында кеңінен әңгіме болды. Бұған әлемнің 55 елінен 4,5 мың адам жиналды. Бұл форумға бұрын мұншама адам жиналмайтын. Осының өзі әлемнің ядролық энергетикаға назары анық ауып отырғандығын көрсетті. Осы форумға қатысқан сарапшылардың пікірінше, егер мұнай мен газ өндірісі тоқтаған жағдайда, оның орнын басуға әлемде әзірге бір ғана энергия түрі қабілетті болып табылады. Ол – атом энергиясы. Өйткені, жер бетінде жел мен күн энергиясын пайдалану барынша кең тарады дегеннің өзінде дәл қазіргі сәтте олардың өндірісі мұнай мен газ саласының беріп келген қуатына қарағанда, түкке де тұрмайтын көрінеді.
Осыған орай бірқатар сарапшылар адамзат алыс болашақта сутегін өндіру, пайдалану мәселесіне қарай ойысуы мүмкін екендігін айтты. Себебі, әлемде су көп. Су біздің Жер шарының 70 пайызын алып жатыр. Алайда, осы мол дүниеден қуат өндіріп, оны жер бетіне таратудың өзі оңайға түспейтін көрінеді. Осы энергия түрін пайдалану мәселесін толық жолға қою үшін және оның бағасын рентабельді ету үшін адамзатқа әлі де бір 70-80 жылдай уақыт қажет екен. Демек, осынау аралық кезеңде, яғни алдағы жылдары мұнай мен газдың орнын басатын бірден-бір энергия түрі болса, ол атом энергиясы болып табылады. Сондықтан, атом энергиясымен шұғылданушы мамандар осынау аралық кезең ішінде адамзатты энергетикалық дағдарыстан сақтап қала алатын бірден-бір қуат көзі болса, ол – атом қуаты, яғни ядролық энергетика деп есептейді.
«Росатом» атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорацияның бас директоры Сергей Кириенконың айтуынша, Жер шарында сақталған барлық энергия қорларының 98 пайызы атом энергиясының азығы болып саналатын уран-238, дейтерий, торий және литий секілді элементтерге шоғырланған. Тек қалған 2 пайызы ғана газ, мұнай, көмір және жаңғырмалы энергия көздерінің үлесіне тиеді екен.
Жалпы, атом қуаты ерекше сұрапыл болып табылатындығын адамдардың бәрі біледі. Ал егер нақты деректерге келетін болсақ, тағы да сол Сергей Кириенконың айтуынша, 1 кило уран 1 кило көмірді жаққан кезде бөлінетін энергиядан 88 мың есе артық қуат береді. Бірақ, сөйте тұра, ешқандай көмірқышқыл газын шығармайды. Міне, осы жағдайдың өзі жер бетінде атом энергетикасының әлеуеті өте зор екендігін көрсетеді.
Уранның тағы бір артықшылығы, оның бағасының мұнай мен газ бағасына қарағанда тұрақты болып келуі. Тіпті, оның бағасы қазіргі мұнай мен газдың бағасы секілді құбылмалы болған жағдайдың өзінде түпкілікті өнімге тигізетін әсері соншама көп емес екен. Өйткені, уранның өзіндік құны атом стансаларында өндірілетін киловатт-сағат қуаттың бар болғаны 4-5 пайызын ғана құрайды екен.
Міне, осындай үлкен қасиеттерге ие бола отырып, атом энергиясының әзірге үлкен бір кемшілігі барын көреміз. Бұл кемшілік оны пайдалану қауіпсіздігіне байланысты туындайды. Соңғы жылдары Украинада және Жапонияда болған атом стансаларындағы апат салдары адамзатты дүр сілкіндірді. Демек, біз атом энергиясының мүмкіндіктерін әлі де болса толық мәнінде игере алмай келеміз. Міне, нақ осы бір кемшілік әзірге атом энергиясының қарқынды дамуына тұсау салып келеді.
Бұл сөз болып отырған жайттар біздің байтақ даламыздың тағы бір үлкен қасиетін аша түсетін секілді. Қазақстан – уранға бай ел. Сонымен қатар, тәуелсіздік жылдарында оның өндірісін төрт есеге жуық арттырып, әлемдегі көшбасшылық тізгінді қолға ұстап отырмыз. Демек, уран өндірісі бүгінгі таңдағы біздің әлемдік энергетикалық кеңістіктегі ең басты артықшылығымыз болып есептеледі.
Қазақстан басшылығы бейбіт мақсаттағы осы артықшылықты ел игілігіне айналдыру бағытында халықаралық кеңістікте үлкен жұмыстар жүргізіп келеді. Мұның өзі ең әуелі еліміздің антиядролық бастамаларынан көрініс табуда. Мәселен, БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы негізінде Семей полигоны жабылған 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялағаны белгілі. Екінші жағынан келгенде, бұл антиядролық бастамалар Қазақстанның бейбіт мақсаттағы уран өндірісін сеніммен дамытуына үлкен жол ашып отыр дей аламыз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ