ҰОК-нің Бас хатшысы MEMOS білім беру бағдарламасына қатысады
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас хатшысы Әлімжан Ақаев спорттық ұйымдарды басқару саласындағы халықаралық MEMOS (Executive Master in Sport Organisations Management) бағдарламасы аясында білім алады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Халықаралық Олимпиадалық комитет Әлімжан Ақаевтың оқуына қатысты өтінімді мақұлдады. Ол бағдарламаның ағылшын бөлімінде оқиды. Алғашқы модуль 1 қыркүйекте Швейцарияның Лозанна қаласында басталды. 2025-2026 жылдарға арналған бағдарлама стратегиялық және қаржылық басқару, көшбасшылық, маркетинг, спорттық іс-шараларды ұйымдастыру бойынша модульдерді, сондай-ақ ұлттық спорт ұйымдарын дамытуға бағытталған зерттеу жобасын қамтымақ.
MEMOS бағдарламасы Халықаралық Олимпиадалық комитеттің қолдауымен өтіп, оған 170-тен астам елдің спорт ұйымдарын басқаратын мамандар қатысады. Биыл бағдарламаға 35 маман қабылданды.
Соңғы жылдары қазақстандық мамандардың бұл бағдарламада оқу мүмкіндігі артып келеді. Бұл - еліміздегі спорт менеджментін дамытуға жасалған маңызды қадам. Бағдарламаға қатысу бізге үздік халықаралық тәжірибені меңгеріп, оны Қазақстандағы спорт саласын дамыту үшін пайдалануға мүмкіндік береді, - деді Әлімжан Ақаев.
MEMOS - Olympic Solidarity бағдарламасы аясында жүзеге асатын ең беделді білім беру бастамаларының бірі. Ол спорттық ұйымдардағы менеджмент саласында жоғары білікті мамандарды даярлау мақсатында 1995 жылы алғаш рет іске қосылған.
Айта кетейік, осы бағдарлама бойынша Қазақстан ҰОК спорт департаментінің директоры Бектұр Қиятбай да білім алуда. Ол - бағдарламаның испан бөлімінде оқуға қабылданған алғашқы қазақстандық маман.

