Жаңалықтар

Универсиаданың ашылу салтанаты өтті

28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада
Универсиаданың ашылу салтанаты өтті
Фото: Bnews.kz 30.01.2017 10:19 5567

Алматыда 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың ашылу салтанаты өтті. «Алматы арена» мұз сарайында өткен ғаламат шоуда дүние жүзінің 57 елінен келген спортшылар салтанатты шерумен жүріп өтті.

Намысты доданың ашылу салтанаты қазақ көшін сахналаумен басталды.  Одан кейін жарысқа қатысатын 57 елдің спортшылары ортаға шықты. Шеруден соң Қазақстанның ежелгі және қазіргі тарихына арналған қойылымдар сахналанды. Одан әрі мерекелік шоуды  «Көп ұлтты Қазақстан», «Жастық-Өмір-Бостандық», «Энергия: Жер-Су-От-Жел» сынды тақырыптарға арналған бағдарламалар жалғастырды.

8 ақпанға дейін жалғасатын 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындарында 2 мыңға жуық спортшы бақ сынайтын болады. Байрақты бәсекені 30 мыңға жуық шетелдік қонақ пен турист тамашалайды деп күтілуде. Ал телеарналар арқылы 80-нен астам елден 1 млрд адам тамашаламақ.

Студенттер биатлон, шаңғы спорты, кёрлинг, коньки спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғымен жарыс, шаңғымен тұғырдан секіру, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл,шайбалы хоккей,шорт-трек спорттарынан бақ сынайды.

 

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан Универсиадаға 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында 700 спортшы 125 медаль еншілеген.

Универсиада 8 нысанда өтеді: «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайы, «Медеу» спорт кешені, «Сұңқар» шаңғы трамплиндер кешені, Б.Шолақ атындағы спорт сарайы, «Алатау» шаңғы-биатлон кешені, Мұз сарайы, Мұз аренасы және Алматының орталығындағы уақытша спорт кешені.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға