Үндістанда таралған нипах вирусы туралы не білу керек?
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Үндістанның Калькутта қаласына жақын аумақта өлімге әкелуі мүмкін аса қауіпті Нипах вирусының (Nipah virus, NiV) таралу қаупі тіркелді. Аталған жағдай қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Себебі бұл індетке қарсы нақты вакцина да, арнайы ем де әлі әзірленбеген. Осыған байланысты Үндістан билігі санитарлық бақылауды қатаңдатып, алдын алу шараларын күшейтіп, шамамен 100 адамды карантинге оқшаулаған.
Нипах қандай вирус?
Нипах вирусы - жануардан адамға жұғатын аса қауіпті инфекциялардың бірі. Ол адам ағзасына енген соң қысқа уақыт ішінде ауыр асқынуларға алып келіп, кей жағдайда өліммен аяқталуы мүмкін. Сондықтан бұл вирус әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары ерекше бақылауда ұстайтын қатерлі қоздырғыштар қатарына жатады.
Медицина мамандары вирустың жұғу жолдарын бірнеше бағытта көрсетеді:
-
ауа-тамшы жолы арқылы немесе жұқтырған жануармен тікелей байланыста болған кезде (әсіресе жарқанаттар мен шошқалардан);
-
жұқтырған жануардың ағзалық сұйықтықтары түскен өнімдерді қолданғанда (қан, несеп, сілекей және басқа да бөлінділер арқылы);
-
жұқтырған адаммен қарым-қатынас жасау барысында, әсіресе жақын байланыста.
Ғалымдардың дерегінше, Нипах вирусының табиғаттағы негізгі таралу көзі әрі сақталатын ортасы - Pteropus тұқымдасына жататын жемісқоректі жарқанаттар. Халықаралық дереккөздерде оларды «ұшатын түлкілер» деп атайды.
Аталған жарқанаттар вирусты табиғи түрде тасымалдап жүріп, қолайлы жағдайда оны басқа жануарларға және адамға жұқтыруы мүмкін. Бұл - індеттің кенеттен пайда болып, тез таралуына ықпал ететін негізгі себептердің бірі.
Нипах вирусы алғаш қай кезде анықталды?
Нипах вирусы алғаш рет 1999 жылы Малайзия мен Сингапурда адамдар мен шошқалар арасында тіркелген. Сол уақытта шамамен 300 адам жұқтырып, олардың 100-ге жуығы қайтыс болған. Аурудың одан әрі өршуін тоқтату мақсатында билік өте қатаң шара қабылдап, 1 миллионнан астам шошқаны жоюға мәжбүр болған. Бұл оқиға Нипах вирусының ауыл шаруашылығына, экономикаға және халық денсаулығына бір мезетте қауіп төндіретінін көрсеткен еді.
Нипах вирусы Үндістанда алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. 2023 жылы елдің оңтүстігіндегі Керала штатында вирустың өршуі байқалған. Ал 2024 жылы осы өңірде жұқпалы дерт анықталған екі науқас көз жұмғаны хабарланған.
Вирус несімен қауіпті?
Нипах вирусының ең қатерлі тұсы - өлім-жітім деңгейінің өте жоғары болуы. Ресми мәліметтерге сәйкес, бұл инфекция 40–70% жағдайда өлімге әкелуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, өлім көрсеткішінің жоғары болуына негізгі себеп - вирустың адам ағзасында миға ауыр зақым келтіріп, ми ісінуін туындатады. Мұндай жағдайда адамның жағдайы өте тез нашарлап, есін жоғалтып, тіпті комаға түсу қаупі күрт өседі.
Сонымен бірге аман қалған адамдарда да ауыр салдар жиі байқалады. Вирус:
-
жүйке жүйесін,
-
тыныс алу жүйесінің тіндерін
зақымдайды.
Сондықтан ауырғаннан кейін:
-
жедел тыныс жеткіліксіздігі,
-
құрысу (тырысу ұстамалары),
-
уақытша сал боп қалу секілді ауыр асқынулар туындауы ықтимал.
Белгілері қандай?
Инкубациялық кезең
Нипах вирусының жасырын кезеңі, яғни жұқтырғаннан кейін алғашқы белгілердің біліну уақыты 4–14 күн аралығында болады. Алайда кей жағдайларда симптомдар 45 күннен кейін ғана байқалған. Бұл вирусқа бақылау жүргізуді қиындатып, эпидемиологиялық қауіп деңгейін арттырады.
Нипах инфекциясы әр адамда әртүрлі түрде байқалады:
-
кей науқастарда еш белгісіз (симптомсыз) өтуі мүмкін;
-
ал кейбірінде өте жедел әрі ауыр формада дамиды.
Негізгі симптомдары
Дәрігерлер жиі анықтайтын белгілер:
-
жоғары температура (қызу)
-
бас ауруы
-
бұлшықет ауруы
-
жүрек айну, құсу
-
тамақ ауруы
-
бас айналу
-
ұйқышылдық, әлсіздік
Сонымен қатар кей науқастарда:
-
атипиялық пневмония,
-
тыныстың тарылуы,
-
тіпті жедел тыныс жеткіліксіздігі дамуы мүмкін.
Ауру ауырлаған жағдайда:
-
энцефалит (ми қабынуы),
-
қатты құрысу ұстамалары пайда болады.
Ең қауіптісі - құрысу басталғаннан кейін 24–48 сағат ішінде адамның жағдайы күрт ушығып, комаға түсуі мүмкін.
Нипах вирусын анықтаудағы басты қиындық - оның белгілерінің көптеген жұқпалы аурулармен ұқсас келуі. Сондықтан бұл инфекция көбіне ауру асқынып кеткен кезде немесе науқас сауығу кезеңіне жақындағанда анықталып жатады.
Диагностикалау үшін төмендегі зерттеу әдістері кеңінен қолданылады:
-
ПТР талдауы - вирус генетикалық материалын анықтайды;
-
иммунферменттік талдау - ағзаның вирусқа қарсы иммундық жауабын бағалайды.
Қазіргі таңда Нипах вирусын емдеудің ресми бекітілген, арнайы тәсілі жоқ. Сондықтан емдеу тактикасы негізінен симптомдарды жеңілдетуге бағытталады.
Яғни дәрігерлер:
-
қызуды түсіреді,
-
тыныс алу қиындаса - тынысқа қолдау көрсетеді,
-
құрысу болса - ұстаманы тоқтататын ем тағайындайды,
-
науқастың жалпы жағдайын тұрақтандыруға күш салады.
Ешқандай вакцина жоқ
Арнайы вакцина болмағандықтан, алдын алу шаралары аса маңызды. Мамандар халыққа:
-
қолды жиі сабынмен жууды,
-
жануарлардан және белгісіз хайуанаттардан аулақ болуды,
-
күмәнді өнімдерді тұтынбауды ұсынады.
Әсіресе қауіпті тағамдардың қатарына:
-
құрма пальмасының шырыны (жануарлармен жанасу арқылы ластануы мүмкін),
-
жерден табылған жемістер (жұқтырған жарқанаттың сілекейі немесе несебі түсуі ықтимал)
жатады.

