©Pixabay.com

Үндістанда нөсер салдарынан 41 адам қаза тапты

Үндістанның Джамму мен Кашмир одақтас аумағында толассыз жауған нөсер салдарынан болған су тасқыны мен көшкіннен қаза тапқандар саны 41 адамға жетті. Бұл туралы The Indian Express басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлады.

Құрбандардың басым бөлігі аймақтағы қасиетті орындарға келген қажылар болған. Олардың кемінде 34-і Адхкунвари ауданындағы көшкін кезінде көз жұмса, қалғандары Дода таулы секторында су тасқынының құрбаны болды.

Жергілікті биліктің мәліметінше, нөсер жауын мен тасқын айтарлықтай залал келтірген. Көпірлер, байланыс мұнаралары мен электр желілерінің тіректері қирады. Автожолдар мен теміржол магистральдарындағы қозғалыс тоқтап, ондаған тау жолы жабылып немесе зақымданды. Дауылға байланысты барлық білім беру мекемесі уақытша жабылды. Апат аймақтарынан жүздеген адам эвакуацияланды. Халыққа көмек көрсету және гуманитарлық жүк жеткізу үшін Ми-17 әскери тікұшақтары мен жерүсті техникасы тартылды.

Джамму мен Кашмирдің бас министрі Омар Абдулла аудан басшыларына жоғары дайындық режимінде отыруды тапсырды. Әкімшілік тұрғындарға су басу қаупі бар аймақтарға бармауды ескертті.

Үндістанның метеорология басқармасының дерегінше, тәулігіне 380 мм жауын-шашын түскен – бұл 1910 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Синоптиктер алдағы күндері республиканың солтүстік бөлігінде нөсердің жалғасатынын, кенеттен болатын тасқындар мен көшкіндердің қаупі бар екенін болжауда.