Үндістанда бірнеше рет жер сілкінісі болды
Үндістанда бірқатар жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының мәліметінше, ең қуаттысы – магнитудасы 5,5 балдық жер сілкінісі Ассам штатында, Гувахати қаласынан (халқы шамамен 899 мың адам) 65 шақырым солтүстік-шығыста болды. Жерасты дүмпулерінің ошағы 29 шақырым тереңдікте орналасқан.
Осыдан кейін дәл сол аумақта магнитудасы 3,1 және 2,9 балдық афтершоктар (қайталама дүмпулер) тіркелді. Эпицентрі Дхекиаджули қаласының маңында болса, тереңдігі шамамен 5 шақырымда болған.
Бұған қоса, Карнатака штатында да жер сілкінісі болды. Магнитудасы 2,7 балдық дүмпу Гангавати қаласынан 69 шақырым солтүстікте, 10 шақырым тереңдікте тіркелді.
Куәгерлер жерасты қозғалысын сезгенін айтып, көпшілік үрейленіп, үйлерінен сыртқа жүгіріп шыққан.
Hindustan Times басылымының хабарлауынша, Ассам штатының бас министрі Химанта Бисва адам шығыны туралы ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.
Біз жағдайды мұқият бақылап отырмыз, – деді ол.

