Үндістан мен Жапония қасиетті тауда ерекше телескоп орнатпақ
Үндістан мен Жапония ғалымдары Жерден тыс кеңістікті тереңірек зерттеуге мүмкіндік беретін жаңа қуатты телескоп салуды жоспарлап отыр. Оған Отыз метрлік телескоп (Thirty Metre Telescope – TMT) деген атау берілген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл – астрономия саласындағы ең озық обсерваториялардың бірі болып, болашақта ғалам туралы түсінігімізді айтарлықтай кеңейтпек.
Жаңа телескоп қайда орналасады?
TMT-нің қолданыстағы телескоптардан басты артықшылығы – диаметрі 30 метрлік алып айнасы. Ол жеке басқарылатын 500 сегменттен құралады. Мұндай күрделі құрылым телескоптың сезімталдығын бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізеді.
Жобаны жүзеге асыру үшін Гавай аралдарындағы Мауна-Кеа тауының шыңы (теңіз деңгейінен шамамен 4 мың метр биікте) таңдалған. Бұл өңірдегі ашық аспан мен атмосфераның тазалығы астрономиялық бақылаулар үшін аса қолайлы жағдай жасайды.
Дегенмен жобаны жүзеге асыру кезінде белгілі бір қиындықтар пайда болды. Мауна-Кеа тауы жергілікті халық үшін қасиетті саналады. Осыған байланысты телескоп құрылығына қарсы наразылықтар туындаған. Қазіргі таңда жоба тобы жергілікті қауымдастықпен келіссөздер жүргізіп жатыр және олардың келісімінсіз құрылыс жұмыстарын бастамайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар балама орын ретінде Үндістанның Ладакх аймағындағы Ханле өңірі де қарастырылып отыр. Бұл жерде биік таулы астрономиялық обсерватория әлдеқашан жұмыс істеп тұр.
TMT нені зерттейді?
Телескоптың ғылыми міндеттері ауқымды. Ол қара құрдымдарды, алыс галактикаларды және Ғаламның қалыптасу тарихын зерттеуге бағытталады. Алайда жобаның ең басты мақсаты – Жерден тыс тіршіліктің іздерін табу.
Жоба әзірлеушілерінің айтуынша, TMT экзопланеталардың атмосферасынан биосигнатураларды – тіршілік бар екенін көрсететін химиялық және молекулалық белгілерді анықтауға мүмкіндік береді.
Отыз метрлік телескопты 2030 жылдардың ортасында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Үндістан жоба аясында аса маңызды компоненттерді, соның ішінде айнаны дәл баптауға арналған оптикалық-механикалық жүйелерді әзірлеуге жауапты болады.
Бұл серіктестік Үндістан мен Жапонияның ғарыш саласындағы көпжылдық ынтымақтастығын жалғастырады. Бұған дейін екі ел LUPEX атты бірлескен Ай миссиясын іске қосып, Жер серігінде судың бар-жоғын анықтауды мақсат еткен еді.

