Коллаж El.kz

"Үмітті ақтау керек": Тоқаевтан сыйақы алған оқушылар әсерлерімен бөлісті

Халықаралық білім аренасында топ жарып жүрген қазақстандық жас дарындарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордаға шақырып, оларды жеңістерімен құттықтап, ел мерейін асқақтатқандары үшін алғыс білдірді. Солардың қатарында дарынды оқушылар Айғаным Балташова мен Нұргүл Егенбергенова да бар.  El.kz интернет порталының тілшісі дарынды жастарды сөзге тартып, жетістігі туралы әңгіме өрбітті.

Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдады. Кездесуге 24 лауреат, 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль иегері шақырылды. Олар химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндерінен үздік нәтиже көрсеткен.

Президент жас дарындарды білім саласындағы жетістіктерімен құттықтап, олардың халықаралық беделді жарыстарда Қазақстанның атын әлемге танытуын зор мақтаныш деп бағалады. Мемлекет басшысы алтын, күміс және қола медаль иегерлеріне сәйкесінше 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай сыйақы сертификаттарын табыстады.

Марапатқа ие болғандардың қатарында халықаралық IBO-2025 биология олимпиадасының қола жүлдегері Айғаным Балташова да болды. Ол өз әсерімен бөлісті:

Олимпиада тапсырмаларының ерекшелігі

Айғанымның айтуынша, биылғы халықаралық биология олимпиадасының тапсырмалары өткен жылдарға қарағанда жеңіл болды. Орташа балл әдетте 50% шамасында болса, биыл 70%-ға жуықтады. Бұл қателіксіз жұмыс істеуді талап етті.

"Үмітті ақтау керек": Тоқаевтан сыйақы алған оқушылар әсерлерімен бөлісті

akorda.kz

Күйзеліс жағдайында бұл оңай емес, мүмкін сондықтан да жоғарырақ медаль ала алмадым, – дейді ол. Сондай-ақ, ұйымдастырушылық кідірістердің кесірінен практикалық тур түнгі бірге дейін созылғанын басты қиындық ретінде атап өтті.

Дайындық жолы

Олимпиада бір аптаға жетпесе де, оған дайындық жылдар бойы жүргізіледі. Айғаным мен оның командасы 7-8 сыныптан бастап биологияны терең оқыған.

Дайындық барысында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен биология пәні бойынша ұлттық жаттықтырушымыз Лейла Асқарованың еңбегі орасан болғанын айтады.

Қазақстан құрамасына арналған оқу-жаттығу жиындарында біз молекулалық және жасушалық биология, сондай-ақ биомедицина салалары бойынша көптеген әдістерді меңгердік. Бұл білімдер IBO кезінде көп көмегін тигізді, – деді Айғаным.  

Ақордадағы әсер

Кездесуге бір күн қалғанда, былтырғы жылы Ақордада болған достары ғимараттың еңсесі ерекше толқу тудыратынын айтқан.

Кездесу кезінде мен мұның рас екеніне көз жеткіздім. Президентпен жүздесуің өзі де көңілді толқытты. Орыннан дұрыс тұрмау, қате қимыл жасау қорқынышты болды. Десе де, бұл толқу олимпиадағыдай емес, еліміздің жастарына деген алғыс пен қуаныш сезімімен астасып жатты, – дейді ол.

Болашақтағы мақсат

Айғанымды нейробиология саласы ерекше қызықтырады.

Биологияның ішіндегі мені ерекше қызықтыратын сала – нейробиология. Адам миы мен жүйке жүйесінің құрылымы сана мен ойлауға қалай мүмкіндік беретінін зерттеу – мен үшін шексіз таңданыс көзі. Сондықтан университетте Bio and Brain Engineering мамандығы бойынша білім алуды жоспарлап отырмын, – дейді Айғаным Балташова.

Өмірімде есте қалатын сәт болды

Физика пәнінен халықаралық олимпиаданың қола жүлдегері, Парижде өткен додада ел намысын қорғаған Нұргүл Егенбергенова да өз әсерімен бөлісті.

"Үмітті ақтау керек": Тоқаевтан сыйақы алған оқушылар әсерлерімен бөлісті

akorda.kz

Жақында Парижде өткен физикадан халықаралық олимпиадада қола медаль иегері атандым. Дайындыққа шамамен үш жыл уақытымды арнадым. Бұл кезеңде есеп шығару жылдамдығымды арттыру және теорияны терең түсіну – мен үшін ең қиын тұстардың бірі болды, – дейді Нұргүл.

Ақордаға шақырту алғанда ерекше толқыған жас дарын бұл еңбектің бағалануы емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік екенін айтты.

Президенттің қолынан марапат алу – өмірімдегі ең есте қалатын сәттердің бірі. Енді жауапкершілікті сезініп, үмітті ақтау керек. Болашақта жоғары оқу орнына түсіп, физика саласын терең меңгеріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуды жоспарлап отырмын. Нақтырақ айтсам, кванттық информация және байланыс саласы мені қатты қызықтырады. Алдымда әлі 11-сынып бар, келесі жылы тағы да халықаралық олимпиадада бағымды сынап көрмекпін, – дейді дарынды оқушы Нұргүл Егенбергенова.