ortcom

Ұлытауда Жошы хан кесенесіне апаратын жол келесі жылы толық жаңартылады

03.12.2025 13:30

Ұлытау облысында тарихи-мәдени нысандардың қолжетімділігі мен инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Дастан Рыспеков ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Әкім Жошы хан кесенесі мен Жошы хан тарихи-мәдени орталығының қазіргі жай-күйіне тоқталды. 

Жошы хан кесенесіне шамамен 7-8 жыл бұрын реставрация жасалған. Ал Жошы хан тарихи-мәдени орталығы 2022 жылы салынды. Қазір ішінде қонақүй де, заманауи санитарлық торап та бар, ешқандай проблема жоқ, – деді Дастан Рыспеков.

Әкім өткен жылы орталықтағы су мәселесі толық шешілгенін айтты.

Өткен жылы су жетіспеушілігі болған. Биыл тиісті қаражат бөліп, 350-400 метр су құбырын тартып, мәселені толық шештік, – деді ол.

Алаша хан кесенесіне де бұған дейін реставрация жасалған.

Алаша хан кесенесінде де 7-8 жыл бұрын реставрация жүргізілген. Қазір бұл нысандарға халықтың баруын жеңілдету үшін соңғы үш жылда 19 шақырым жаңа жол салдық. Қазір 2-3 шақырымдайы ғана қалды. Келесі жылы жоба толық аяқталады, – деді әкім.

Сонымен қатар Жезқазған қаласынан Жошы хан кесенесіне апаратын жол да кезең-кезеңімен жөнделіп жатыр.

Бұл бағыттың 51 шақырымында 35 шақырым асфальтталған. Қалған 16 шақырымда асфальт жоқ. Соңғы жылдары бұл жерде «Үйтас-Айдос» су құбыры жобасы жүргізілді. Сол себепті асфальт салу кейінге қалған. Келесі жылы алдымен топырақ жамылғысын жасаймыз. Жоба толық аяқталғаннан кейін бұл бөлік толықтай асфальтталады, – деді Дастан Рыспеков.

Әкім өңірдегі туристер саны айтарлықтай артқанын атап өтті.

Жошы хан тарихи-мәдени кешеніне өткен жылы 2 мың адам келсе, биыл бұл көрсеткіш 8 мыңға жетті, – деді ол.