Жаңалықтар

Ұлытау облысында қазақ мектептеріне сұраныс артты

Ұлытау облысында қазақ мектептеріне сұраныс артты
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 27.01.2024 21:26 1035

Ұлытау облысындағы мектептердің 70%-і мемлекеттік тілде, қалғаны аралас форматта жұмыс істейді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі 24KZ-ке сілтеме жасап.

Таза орыс тілінде сабақ беретін бірде-бір мектеп жоқ. Білім басқармасындағы мамандар қазақ тілінде оқығысы келетін оқушылардың саны жыл санап көбейіп келе жатқанын айтады. Әсіресе өзге ұлт өкілдерінің қатары көп. 

Жезқазғандық Анастасия Билабровканың тұңғышы бүгін әліппемен қоштасып жатыр. Аралас мектептің қазақ сыныбына қабылданған Сафия сыныптағы үздік оқушылардың қатарында. Қызының мемлекеттік тілде білім алғанын жөн деп білген ананың қалауын баласы да бірден құптаған.

Болашақта қазақтың ұлттық тілін білгені дұрыс деп есептеймін. Болашақта өзіне керек бұл. Өзіне ыңғайлы болады. Сол үшін қазақ мектебіне бердім, - дейді Жезқазған қаласының тұрғыны Анастасия Билабровка.

Бұл білім ордасы аралас мектеп форматына осыдан 4 жыл бұрын көше бастаған. Алғашында бірді-екілі ашылған қазақ сыныптарының қатары жыл санап толығып келеді. Әсіресе мемлекеттік тілде білім алуға ниетті өзге ұлт өкілдерінің қатары көп.

Менің сыныбымда өзге ұлт өкілдерінен оқушылар бар. Сол балалардың ата-аналарының көмегінің арқасында біз қазір оқу үлгеріміміз де, жазуымыз да, есеп шығаруымыз да – барлығы жоғары деңгейде болып тұр, - дейді бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Тәліпова.

Жалпы Ұлытау облысында 88 мектеп бар. Оның 70%-і қазақша тәлім береді. Таза орыс тілінде оқытатын 3 мектеп биылғы оқу жылынан бастап аралас форматқа ауыстырылды. 

Бұл енді сұранысқа байланысты болды. Биыл біз, мысалы, 2023 жылы 1-сыныпқа 4 мыңнан аса оқушылар қабылдады. Соның 80%-і қазақ сыныбына барды және сол мектептерде қолжетімділік деген болу керек қой. Сол мектептің қасында тұратын ата-аналардан сұраныс түсті. Сонымен биылғы оқу жылында 58 қазақ мектебі және 29 аралас мектепте балалар білім алып жатыр, - облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Венера Өсерова.

Аралас мектептердің дені облыс орталығы мен Сәтбаев қаласында. Жаңаарқа ауданы мен Қаражал қаласында небәрі 3 мектептен. Ал облыспен аттас Ұлытау ауданында биылдан бастап аралас мектептердегі орыс сыныптарына құжат қабылдау мүлдем тоқтатылған. Өйткені сұраныс жоқ. Дегенмен қазақ сыныптарының артуы қосымша мұғалім қажеттігін тудырып отыр. Себебі өңірде әлі де 300-ден астам педагог жетіспейді. Сондықтан білім басқармасы кадр тапшылығын жою жөніндегі жұмыстарды қолға алған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға